kogershin көгершіндер
Сурет theascent.pub сайтынан
Астана қаласында болған қайғылы оқиғаға бүкіл қазақ жұртының қабырғасы қайысып, мезгілсіз қаза тапқан бес баланы жоқтап, жыр арнап жатыр. Бес құлыншағынан қатар айырылған отбасыға қайғыра көңіл айта отырып, ақындардың азалы жырларын топтастырып, назарларыңызға ұсынып отырмыз.

БЕС ҚЫЗҒАЛДАҚ – ӨРТ ІШІНДЕ ШЫҢҒЫРҒАН!..

Мұны жазған Құл Айт-Ман: сөздері – ылай-тұман;

жүрегі – кір айт-ман, сүйегі – күл айт-ман…

ӨРТ

I

Өрт ішінде жанып жатыр бес бөбек!..
Не істеу керек? Не істемек жөн? Не істемек?
Жан-шырылын есту үшін олардың –
Ар мен Иман,
Сана мен Жад,
Ес керек!

Шыңғырсаң да әлем менен күлемге,
Жан таппайсың қызыл өртке кірерге.
Бес бөбекке келмейді ешкім!
Өйткені
БЕС МӘСЕЛЕ қаралмаған бұл елде!

Бес тал гүлім… жануда бес бүлдіршін,
Ай аңырап, жұлдыз шулап шыңғырсын –
ОДАН ДА ӨТКЕН МӘСЕЛЕ КӨП МАҢЫЗДЫ,
Жеті түнде жанған отқа кім кірсін?!

Бәң ұмытқан өртенген бес ботамды,
Жан ұлытқан өртенген Хош-Отанды…
Өрт сөндіріп жүрсе түнде жүгіріп,
Кім құшады «өртенген» жас тоқалды?!

Лапылдайды, шырқырайды – бес қыршын!
О ол өртке беттей алмас ешбір сұм.
Ол ЖАН-ҮНДІ естімедің фәниде,
Өрт-Тозақтың түбінде оны естірсің!

Сарыарқаның сары аязы сақылдап,
Туған Отан көргеннен соң ақыр жат –
Пана таппай бес көгершін кетті ұшып,
Қара түнде қанаттары лапылдап!

II

Тірі мүрде. Күл кейіпті мүсінге
Айналсам да, қып-қызыл өрт – ішімде.
Туған Тілім – отыз жылдай өртенген,
Лапылдайды менің отыз тісімде!

Сүйегімнің шашылғанмен күлі көк,
Бұл бір өрттің басылатын түрі жоқ.
«Жасыл арна» – кәпір-арна өртеген
Лаулаймын кеп Әзірет Сұлтан діні боп!

Қоңыр қозым, сеніп қызыл қасқырға,
Жүрсің әлі өрт-топанның астында.
Тау шарпиды өрт –
үні болып қазақтың
Құнсыз кеткен «Қызылағаш» – тасқында!

Ақ ордамның түндігіне шоқ түсіп,
Шошып кетем, өртенердей от құшып.
Көк шарпиды өрт –
құны болып қазақтың
Қан-Өзенде қырғын тапқан оққа ұшып!

Уа, қашан ораласың, Құт-Айбын? –
Енді қанша өртенемін, жұтаймын?
Бұлт көшеді…
Түтіні еді ол қазақтың –
Тозағында жанған Кәпір-Қытайдың!

Жүрек лаулап, тіл лапылдап, қозды ұртым,
Жүрген жендет тойдыра алмай көз құртын
Бүлдіршінін тастай салад отқа үйтіп,
Ол себебі оққа қиған – өз жұртын!

Ей, Ер Қазақ, еске ап бағзы Сертіңді,
Жаз дертіңді, аш нұрсипат-көркіңді.
Өзің қорға өз кентіңді! –
Көрдің ғой:
Өрт ішінде ботаң жанып жатса да,
Өрт ішінде Отан жанып жатса да,
Ешкім келіп сөндірмейді өртіңді!

Қорғамасаң, – текке кетпес бұл құрбан,
Ізің-тозың жоғалады тұл қырдан…
…Қабіріңде –
Қауызынан жас төгер
Бес қызғалдақ – өрт ішінде шыңғырған!..

Светқали Нұржан,
06.02.2019

* * *

ӨКСІК

Жас жүйкемді жегідей жеп кәрі қыс,
Жындандырар түбінде.
Мынау жетім жүректегі жарылыс
Өртке ұласты бүгінде.

Өмір шіркін көмір болды түтеген,
Күлге айналды гүлдерім.
Тесік кеудем — құр уәдемен бітеген,
Қалған дүнием — сүлдерім.

Сәбилердің зары естілер бораннан,
Безіп кетті үр көктем.
Панасы жоқ ұрпақпыз ғой тоналған,
Көп адасқан дүрмекпен.

Періштелер қайдан қонсын жеріме,
Бақ құсы да — жырақта.
Көздегі жас — мұз боп қатқан шеріме
Нұр шаша алмас шырақ та.

Біздің жанға бұйырмаған шырқаулар
Жат аспанды жүр кезіп.
Табанымда шыңғырады мылқау қар,
Тұрғандаймын тілді езіп…

Асылбек Жаңбырбай

* * *

Жоқтау

Ашылса алақан, жұмылса жұдырық болатын бес саусақты жоқтау

Басбармақ-ай, басбармақ,
Қарабауыр қасқалдақ…
Жұртың сені жоқтауда,
Жанарынан жас парлап.

Титтәй баланүйрегім,
Жалын, отқа күйгенім.
Қалай жерге қияды ел,
Сүйінгенін, сүйгенін.

Ойбой, ортантерегім,
Келте болды-ау дерегің.
Мемлекетің менсінбей,
Болды Аллаға керегің.

Шылдыр, шылдыр шүмегім,
Ата-анаңның күні едің.
Тәтті-ақ еді тілегің,
Әппақ еді жүрегің.

Ей, кішкентай бөбегім,
Ей, қайғылы өлеңім.
Талбесіктен суырып,
Жер бесікке бөледім…

Кеттік рас кердеңдеп,
Тұрмын міне шер меңдеп.
Қош деуге де шара жоқ,
Шолақ қолың ербеңдеп…

Бейбіт Сарыбай

* * *

Айналайын ақ бөпем.
Ақ бөпем ау, ақ көкем.
Кебініңе жылынып,
Қара жерде жат бөпем.

Әлди, әлди сүйгенім.
Қызыл отқа күйгенім.
Тойып тамақ ішпедің,
Бүтін киім кимедің.

Кешір мені кеш күнім.
Не сұмдықты естідім.
Тар бөлмеге тығылып,
Күлге айналған бес гүлім.

Әлди, әлди құлыным.
Лап етті ме бұрымың…
Көк түтінге тұншығып,
Шыр-шыр еткен шыбыным.

Өлім неге оп-оңай.
Неткен қайғы о тоба-ай.
16 мың теңгеге
Күйіп кеткен ботам-ай.

Кешіре алсаң кеш ботам.
Қабыл болмай еш батам.
Бес күн жалған дүниеге
Сыймай кеткен бес ботам.

Әлди әлди ақ бөпем.
Жер бесікке жат бөпем.

Айнұр Тұрсынбаева

* * *

Бес періште …

Қайда жүр деп ата-анамды сөкпеңіз,
Қар үстінде тамақ іздеп кеткен із.
Жер бетінен жайлы орын таба алмай,
Түн ортасы ұшып кеттік көкке біз!

Енді біздер мектеп, бақша бармаймыз,
Енді дәптер, сөмке сатып алмаймыз,
Енді бізге берсеңдер де хан сарай,
Ішін шашып, ойнап, асыр салмаймыз!

Уақыт боп, айырылдық жас жаннан,
Өміріміз тар бөлмеде басталған.
Барлық бала бақытты өмір сүрсінші,
Біз оларды бақылаймыз, аспаннан!

Қастарыңда болсын дайым анаңыз,
Әкетайың болсын дайым панаңыз,
Бұл өмірден пәтер көрмей кетсек те,
Ұжымақта зәулім сарай саламыз!

Енді аяздан ешбір сәби тоңбасын,
Жауқазын гүл ашпай жатып солмасын,
Ұрпағыңның жарық болып маңдайы,
Отанымда еш жамандық болмасын!!!

Кеңшілік Тышқанұлы

* * *

Жарық күнім Түнге айналды,
Шаттық үнім Мұңға айналды.
Аппақ Арман күлге айналды,
Үміт, Сенім құмға айналды…

Бес күн тірлік… Бес күндігім…
Кешірместі кештім бүгін!..
Жаңа ғана бүр жарған-ды
Кетті үзіліп өскін гүлің.

…Әрбір сәтін жеңіс көрер
Біз бе осы ең үстем Ел?!
…Аяусыз-ақ ұшты Көкке
Ең аяулы Періштелер…

Өмір сүріп Жын-қоғамда.
Қорланам да, жынданам да?
…Өзі-ақ Отқа тастай салар
Нәлет онда, тұл қоғамға!

…Жарық күнім Түнге айналды,
Шаттық үнім Мұңға айналды
Аппақ Арман күлге айналды
Үміт, Сенім құмға айналды…

Саян Есжан

* * *

Бес періште ұшып кетті аспанға

Қоғам-қатал жансыз қара тастан да,
Аяр жылан шағар қате бассаң да
Шыдай алмай сұм қоғамның тезіне
Ұшып кетті бес періште аспанға.

Байтақ жерге сыйа алмаған жандары,
Ұшып кетті аңсап биік заңғарды,
Кең пейілі қазағым-ай тарайған
Жұбатуға сөз таба алмай қалды-әні!

Қызғанғаның қызыл итке жем болып,
Бере алмаған бауырларға тең бөліп,
Адамдықтың, адалдықтың ақ туын
Көтерейік, қане жұртым, ел болып!

Жыламасын ешбір бала жөргекте,
Отыршы ана, ақ бесікті тербет те,
Рухты әке асыраса отбасын
Сыймай кетпес сәбилерім жер-көкке.

Жаңылған Ұнатқызы

* * *

Кешіріңдер біздерді, бес періште!

Көрген күннің айнасы осы деп біл,
Жанарыма ызаның жасы кеп тұр!
Бар қазақтың қайғысы бұл қасірет,
Әр қазақтың қайғысы қасірет бұл.

Тоқ ұқпайды қарыны ашты әрине,
Ол басқаша әлемде, басқа күйде!
Қай қалталы түнімен нан тауыпты,
Бесіктегі баласын тастап үйге.

Айлалылар ақыры ақ атанып,
Айыптайды әлсізді тағы апарып.
Алатынды алатын алаяқтар,
Көресіні көретін қара халық.

Есіл елдің боялып беті қанға,
Шенділер жүр оларға жекіп анда!
Бәрі ғажап әкімнің есебінде,
Бәрі ғажап көгілдір экранда.

Өрт сөнгенмен, жанған от өшпеді іште,
Тағы көндік амалсыз өткен іске.
Жаратушы жәннаттың төрін берсін,
Кешіріңдер біздерді, бес періште!

Кешіріңдер біздерді, бес періште!

Рахат Әбдірахманов

* * *

Бұл өмір келте кімге?
Пенделер ерте өлуде!
Өртенген үйдей болып,
Өзегім өртенуде.

Үміті өшкен ана,
Бақыттан кеш қала ма?
Ақмолам Бес Жұлдызды
Айналды Бес Молаға…

Дөкейлер — тажал кеуде,
Дүниені базар деуде.
Ақшаны адам жеуде,
Адамды ажал жеуде.

Қасірет арылмады,
Қасиет табылмады.
Ажал мен адамдардың,
Тоймайды қарындары.

Жегендер бай болмай ма,
Жемқорлар тайраңдай ма?
Ажалға бəрібір ғой,
Адамдар ойланбай ма?!…

Ершат Қайболдин

* * *

Естігенде кетті жаным түршігіп,
Сала бердім мұнға батып күрсініп.
Көз алдымда шырқыраған сәбилер,
Отқа оранып жанып жатқан тұншығып.

Өз-өзімді тия алмадым егіліп,
Бара жатыр бауыр етім езіліп.
Үлгірмеді-ау қыршын кеткен сәбилер,
Бұл өмірдің қызығын да сезініп.

Азын-шоғын бар тапқанын нан қылып,
Ата-анасы амалсыз жүр қаңғырып.
Осы ма еді гүлденгені елімнің?
Осы ма еді кеткеніміз «Жаңғырып»?

Болмағасын баспанасы басында,
Қанша қазақ қиналып жүр расында?
Жетіп тұрса үкіметтің жәрдемі,
Отырмас па еді сәбилердің қасында?

Әлі қанша бауырымыз жылап жүр,
Зар еңіреп, елден көмек сұрап жүр.
Жоғарыдан болмағасын еш қайыр,
Жоқтан бар қып, нәпақасын құрап жүр.

Бес періште ұшып кетті қалықтап,
Жандары жүр көк аспанда шарықтап.
Елдің қамын кез келді ғой ойлайтын,
Өз елінде қазақ қанша тарықпақ?

Мусағали Тасқалиев

* * *

Жұбату

Жапырақтар төгілді дейсің…
Толқыны қайтқан қайраңдай налып.
Бақилық болған бүршіктер де бар,
Жапыраққа айналмай қалып.

Құстарда анау арман жоқ шығар,
Қанаты бір сәт қағылып, талған.
Туылып, бірақ шайқалып болмай,
Жұмыртқалар бар шағылып қалған…

Адамның жүрек,бауырын езіп,
Көз жасы болып бұршақтап өткен.
Жете алмай мынау жарық әлемге,
Нәресте аз ба құрсақта кеткен?..

Жаратушының жазулы заңы,
Жарылқап кімді аяп қалады?
Бақыттылардың тағдыры, бәлкім,
Басталмай жатып аяқталады…

Жапырақтар төгілді дейсің…

Мұратхан ШОҚАН

 

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікір жолын бос қалдырмаңыз!
Аты жөніңізді жазыңыз