Жаңаөзенде жүзуден жарыс өтті juzuden jarys

Тұңғыш Президент күніне орай Жаңаөзен қаласында бірқатар мәдени шаралар мен концерттер ұйымдастырылған болатын. Соның бірі қалалық Р.Өтесінов атындағы дене шынықтыру-сауықтыру кешенінде 1-желтоқсан күні жас бүлдіршіндер арасында мерекеге орай жүзуден жарыс өтті.

№2 балалар және жасөспірімдер спорт мектебінің ұйымдастыруымен өткен жарысқа 2005-2010 жылғы 70 бала қатысып, марапаттарға ие болды. Ұлдар мен қыздар арасында өткен жарыс  жүзудің төрт стилінен өтті. Атап айтқанда, арқамен жүзу кролі, кеуде кролі, баттерфляй (дельфин) және брасс.

Балалардың жүзуден жаттықтырушысы Қуантай Жарылғапов жарыстың жоғары деңгейде өткенін айтып, қаламыздың жасөспірімдерін спорттың жүзу түрімен айналысуға, салауатты өмір салтын ұстануға шақырады. Сонымен қатар, барлық тұрғындарды мерекемен құттықтай отырып, №2 балалар және жасөспірімдер спорт мектебінің директоры Ахметов Берікке алғысын да білдірді.

Айта кету керек, суда жүзу – спорттың ерекше әрі адам ағзасына, денсаулыққа пайдасы зор түрі. Жүзу кезінде денедегі барлық бұлшық ет қимылдап, шымырлана түседі. Омыртқаның, арқаның түзу болуына, дене бітімді бірқалыпта сақтап тұруға да болады. Сол үшін де, жүзумен шұғылдануда спорттық жетістіктерге жетудің өзі үлкен жетістік.

 Айтолқын МЕҢДІБАЕВА

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікір жолын бос қалдырмаңыз!
Аты жөніңізді жазыңыз