ат спорты

«Нұр Отан» партиясы Жаңаөзен қалалық филиалының төрағасы, қала әкімі Әділбек Дауылбаевтың бастамасымен «Кедергісіз келешек» және «Бақытты отбасы — бақытты балалық шақ» партиялық жобасы аясында «Жақсылық жасап жарысайық» акциясы бастау алған болатын.

Акцияның мақсаты — ата-анасының қамқорлығынсыз қалған тұлдыр жетім және мүмкіндігі шектеулі балаларға, мүжәлсіз отбасыларына көмек қолын созу. Осыған орай, 1 желтоқсан – ҚР Тұңғыш Президенті күні мерекесі қарсаңында Жаңаөзен қалалық мәслихатындағы «Нұр Отан» партиясы депутаттық фракциясының мүшелері Нұрберген Худибаев, Тимур Мусаев, Исенбай Қалдаманов және Айсұлу Исаева он отбасыға, яғни әрқайсысына елу мың теңгеден қаржылай көмек көрсетті.

Сонымен қатар, паралимпиадалық және арнайы олимпиада жүлдегерлерін қабылдап, «Достық Кубогы Ресей Қазақстан» атты мүгедек жандар арасында өтетін дәстүрлі ат спорты турниріне жолдама алған жандарға екі жүз елу мың теңге көлемінде қаржылай көмек және ат (жылқы) сыйға тартылды.

Қаржылай көмек пен жылқы малын сыйға алған Жаңаөзен қаласының паралимпиада спортшылары желтоқсан айының 2-5 күндері аралығында «Достық Кубогы Ресей Қазақстан» атты мүгедек жандар арасында өтетін дәстүрлі ат спорты турниріне қатысып, жүлделі орындармен 5 желтоқсан күні оралды. Жаңаөзен қаласынан жарысқа қатысқан Айнагүл Құлқайырова І орын (CS), Ілияс Кенбаев ІІ орын (ТЕСТ Б), Айбек Тілеуов ІІІ орын (ТЕСТ Б) иеленген.

Жаңаөзендіктер дәстүрлі ат спортынан жеңіспен оралды

— Халықаралық жарыс Мәскеу қаласының еуропалық үлгідегі үлкен «Maxima stables» ат спорты кешенінде болып өтті. Бұл жарысқа Қазақстан мен Ресей мемлекеттерінің командалары қатысты. Елімізден Өскемен, Қарағанды, Ақтөбе және Маңғыстаудың спортшылары сынға түсіп, жүлделі орындардан көрінді. Бізге мүмкіндік беріп, жарысқа барып-келуге, жол шығыны мен тамақтануға жұмсалған қаржыға көмектескен қала әкімі Әділбек Дауылбаевқа, қосымша қаржылай көмек көрсеткен «Нұр Отан» партиясының Жаңаөзен қалалық филиалына рахметімді айтамын, — дейді жаттықтырушы Самат Әлен.

Мүмкіндігі шектеулі жандарды ат спортына бейімдейтін «Нұр Әлем» клубы Жаңаөзен қаласында наурыз айында құрылды. Аз уақыттың ішінде клуб спортшылары республикалық жарыстарға қатысып, жоғары нәтиже көрсетіп үлгерді.

 Жазира АҚБЕРГЕНОВА

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікір жолын бос қалдырмаңыз!
Аты жөніңізді жазыңыз