Жастар. Аға буын өкілдерінің үміт артатыны да, мемлекетіміздің болашағы да осы жастар. Жас­тардың білімі мен білігі, арманы мен аңсары, бәсекеге қабілетті болуы – мемлекеттің тұрақты да­муының кепілі. Жастарымыз бә­секеге қабілетті, жаңашылдыққа жаны құмар, өнерлі. Мұны біз мақ­танышпен айта аламыз!

Қазақ халқы үшін атадан балаға жалғасқан ұрпақтар сабақтастығы қашанда  айрықша  мәнге ие. Себебі  кез-келген  адам алдыңғы аға буыннан көргенін көкейге  түйіп өседі. Біздің бүгінгі «Замандас» айдарымыздың кейіпкері де отбасындағы ата-анасының тәлім-тәрбиесінен бөлек өнердегі  ұстаздарының үйреткенін көкейіне түйіп жүріп өсті.

Түбі сахнаның ұлы боламын деп ойламаса да Нұрланның бала кезден өнердің қазанында қайнап жүретінін байқайтынмын. Ауыл мектебі немесе аудандық мәдениет үйі ауданға, облысқа сахналық көрініспен жол тартатын болса, Нұрланның кейіпкерлер ішінде болмауы мүмкін емес еді.

Оның өмірлік ұстанымы «жігітке жеті өнерде аз». Оған дәлел де жоқ емес. Ол-Жыңғылды халық театрының актері, спортты жаны сүйеді, оның «әу» дейтін өнері де бар.

Үнемі салмақты қалпынан айнымайтын Нұрланды сахнада көргенде өз ойыңа өзің қарсы шығатындайсың. Қандай шығарма болмасын, басты рөлдерді сомдайтын оның қасиетті сахнада тұрып, кең дауысымен ағылып келіп сөйлегенде сол кездегі көңіл-күйіміз бен жан тебіренісін жеткізу қиын. Нұрланмен жақын таныс-біліс болғанның бәрі оның адамгершілігіне, ізеттілігіне тәнті.

Нұрлан Өткілбайұлы 1993 жылы Жыңғылды топырағында дүниеге келді. Е.Айшуақұлы атындағы орта мектебін жақсы бағамен тәмамдап, Орал қаласындағы Батыс Қазақстан инновациялық-техникалық университетінен дене тәрбиесінің мұғалімі мамандығын алып шығады. Ол – қазір Жыңғылды халық театрының актері, бұл қызметінен бөлек С.Нұрниязұлы атындағы мектеп-интернаттың мұғалімі, аға тәрбиешінің көмекшісі.

Ата-бабаларымыз «Жас келсе, іске» деп, өскелең ұрпағының алдағы мұратына ақжол тілеген. Оның да осы мұрат жолындағы алғашқы баспалдағы мектеп сахнасынан басталды. Актерлік шеберлікке жан дүниенің тазалығы мен жұмысыңа деген махаббат қажет. Алғаш қызметке кіріскеннен бастап-ақ, осы ғибратты санасына берік орнатуға тырысты. Бұл санада бір күнде жаңғыратын нәрсе емес. Бұл аға буынның тәлім-тәрбиесі мен өзіңнің болмыс-бітіміңмен ұштасатын қасиет. Сондықтан қашанда қарапайымдылығынан айнамайтын Н.Өткілбайұлы үйренуден еш жалықпады. Ал өзі дайындап жүрген шәкірттері 2017 жылы аудандық «Жол қауіпсіздігі, жас инспекторлар-2018», «Сыбайлас жемқорлыққа жол жоқ», 2018 жылы облыстық «Нашақорлық – қоғам дерті» байқауларының жүлделі бірінші орынына ие болып, көрермендердің «өте жақсы» деген бағасын алып қайтты.

Ол үнемі әртүрлі деңгейдегі өткізілетін шараларға белсене қатысып, тәжірибесін тасыта түсуді көздеді. Ауыл мәдениетін қайтсек көркейтеміз деген өзекті мәселелерде ұтымды ойларын білдірді. Ол үнемі ізденіс үстінде жүреді. Ал ізденіс адамның тынысын ашып, кәсібіне деген құштарлығын арттыра түсері сөзсіз.

Бүгінгі таңда алғыр да, парасатты жастардың қоғамда алатын орны ерекше. Туған жерінен түлеп ұшып, туған ауылына келіп, еңбек етіп жатқан жас буынның қарасы жыл санап артуда. Елім деп еңбек ететін азаматтар көбейе берсін.

А.НОҒАЙХАН

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікір жолын бос қалдырмаңыз!
Аты жөніңізді жазыңыз