Орталық Азия елдері БАҚ-тарының 20-шы конференциясы

Жыл сайын өтетін Орталық Азия БАҚ-тарының 20-конференциясы биыл Астана қаласында өтіп отыр. Оған Қазақстан, Қырғызстан, Түрікменстан, Өзбекстан мен Моңғолияның БАҚ-тары мен үкімет жəне азаматтық қоғам өкілдері қатысуда.

Конференция қатысушылары екі күн бойы журнаистика, ақпарат тарату, соның ішінде «фейк, яғни жалған жаңалықтарға» қарсы тұру мəселесін талқылайды.

Конференцияның ашылу салтанатына ЕҚЫҰ БАҚ еркіндігі мəселелері бойынша өкілі Арлем Дезир, Қазақстан Республикасы Ақпарат жəне коммуникациялар министрі Дәурен Абаев, ЕҚЫҰ Бағдарламалар офисінің басшысы Дьердь Сабо қатысты.

«Соңғы кездері Орталық Азия мемлекеттерінде БАҚ саласында жаңа бастамалар қолға алынуда. Дегенмен өңірлерде журналистердің қысымға ұшырайтыны, кейбір ақпараттарды таратуға қорқатыны, егер жариялаған жағдайда проблемаларға тап болатыны жасырын емес. Кейбір мемлекетте журналистер елден кетуге мəжбүр болған. Тіпті əлеуметтік желілердегі жазбаларға лайк басқаны, таратқаны үшін айыппұл төлеген. Бұл — Орталық Азия мемлекеттерінің барлығына тəн жағдайлар», — деп атап өтті ЕҚЫҰ БАҚ еркіндігі мəселелері бойынша өкілі Арлем Дезир.

ҚР Ақпарат жəне коммуникациялар министрі Дәурен Абаев конференция жұмысына сəттілік тіледі.

«Бүгінгі конференция Қазақстанның масс-медиа саласындағы елеулі оқиғалармен тұспа-тұс келіп отыр. Біріншіден, «Егемен Қазақстан» жəне «Казахстанская правда» газеттері бір ғасырлық межеден асып отыр.  Екіншіден, қазақ телевизиясына — 60 жыл.  Үшіншіден, Қазақстанның цифрлық хабар таратуға көшуі. 22 қазан күні Маңғыстау облысы республика бойынша бірінші болып жаңа форматқа көшті. 2021 жылға дейін бүкіл республика цифрлық эфирмен қамтамасыз етіледі. Төртіншіден, 20 жыл бұрын ЕҚЫҰ-ның Бағдарламалық офисі Қазақстанда жұмысын бастады. Осы жылдар ішінде адам құқығы, сөз бостандығы, гендерлік теңдік саласында бірқатар жобалар іске асты», — деп атап өтті Д. Абаев.

Екі күнге созылатын конференцияда Орталық Азия мемлекеттерінің журналистері фейк ақпараттарды тану, оларға қарсы тұру мəселелерін талқылайды. Технологияның дамуына, цифрлық трансформацияға байланысты сенімсіз ақпараттың тарау мүмкіндігі ұлғайды. Журналистердің ақпаратты екшеп, нақтылау, əлеуметтік желілердегі контентті бағалау, фактчекингтің тиімді əдістері айтылады. Сондай-ақ Орталық Азия елдерінің БАҚ саласындағы заңдарына тоқталмақ.

Камшат ОҢҒАЛТАЙ,
Суретті түсірген автор

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікір жолын бос қалдырмаңыз!
Аты жөніңізді жазыңыз