жүктілік беременность болашақ ана
Көрнекі сурет сайттың архивінен

Салауатты өмір салтын қалыптастыру және мектеп жасындағы қыз балалалардың арасындағы ерте жүктіліктің алдын алу мақсатында Абай, Күйкен орта мектептерінің және Бейнеу политехникалық колледжі мен Бейнеу гуманитарлық-экономикалық колледжі студенттері арасында «Ерте жүктіліктің алдын алу және репродуктивті денсаулығы туралы» тақырыбында семинар өткізілді.

Кездесуге Байнеу ауданындағы салауатты өмір салтын қалыптастыру филиалының меңгерушісі А.Толыбаева, медбике М.Орынбасарова, психолог Ж.Уразова, дәрігер Ғ.Лепесова қатысып, кәмелетке толмағандар тәрбиесі жайлы қылмыстық құқық бұзушылықтың алдын алу жұмыстарының ұйымдастырылуы туралы АІІБ-нің полиция лейтенанты Д.Боранбаева қыз балаларға дәріс оқыды.

Өскелең жастар мораль және жыныс тәрбиесі бойынша сұрақтар қойды. Контрацепцияның әр түрлі қолжетімді әдістері, жұқпалардың алдын алу және салауатты өмір салтын сақтау туралы ақпараттар жеткізілді.

Семинарда ерте жүктіліктің салдары, физиологиялық тұрғыдан жас ағзаның оған әлі дайын еместігі, әлеуметтік тұрғыдан бей-берекет жыныстық қатынасқа түсетін қыз  балаларды күтіп тұрған қиындықтар жайлы сұрақтар талқыланды.

Қаламаған жүктіліктің алдын алу бойынша бейнероликтер көрсетілді. Полиция лейтенанты Д.Боранбаева жыныстық қатынасқа мәжбүрлеу, яғни зорлау тақырыбында әңгіме жүргізді. Осындай жағдайда қалай әрекет жасау керектігі жайлы ұсыныстар берді.

Семинарда қойылған сұрақтар көп болды, оның әрқайсысына ЖДО мамандары толық жауап берді. Семинардан соң бірнеше оқушы жеке сұрақтарына жауап алуға ниет білдірді.

Ерте жүктілік қауіпті ме?

Жүктілік кезінде ағза күшейген тәртіпте жұмыс істейді, жүрек қан тамыры, эндокриндік жүйе және ішкі органдарға үлкен жүктеме түседі. Бұның қиындығы — жасөспірімнің гормондық қайта құрылуы жүктілік қайта құрылуға жүктелгені. Жас аналарда көбінесе плацентарлық тапшылық, анемия, таксикоздар болады. Қыз балалардың ағзасы осындай жүктемелерге әзір емес!

Ерте жүктіліктен қалай сақтануға болады?

Ерте жүктіліктің негізгі проблемасы — жыныстық тәрбие туралы білімінің жеткіліксіз болуы, не болмаса тәрбиенің мүлдем жоқтығы. Көптеген отбасыларда бұл тақырыпқа әңгіме қозғалмай, жабық күйде қалады. Бірақ бұл дұрыс емес. Негізінен, жоспарланған жүктіліктің 90 пайызы отбасындағы тәрбиеге және қарым-қатынасқа байланысты келеді. Яғни ана мен қыз баланың өзара қатынасы бұзылса, қыз бала «әдейі» бәрін кері істейді.

Ерте жүктіліктің қалай алдын алуға болады?

Проблемамен күресудің ең үздік тәсілі — сақтану. Жоспарланбаған жүктіліктен сақтанудың тәсілдері туралы ата-ана баласымен жиі әңгімелесу керек. Жыныстық тәрбие туралы кітаптарды оқу. Егер қыз бала жыныстық қатынасқа ерте түссе, оның салдарын білуі керек. Осындай өмірге ол дайын ба?! Баланы көтеріп, өмірге әкеле ала ма?! Егер ол ерте жүктілікке әзір болмаса, ол сақтанудың жолдары және құралдары туралы толық ақпараттануы керек.

Ерте жүктіліктің нәтижесі

Бұл мәселеге әлеуметтік тұрғыдан қарағанда, қыз бала білім алу, жұмысқа орналдасу және карьера құру мүмкіндігінен айырылады. Ал жас жігіт әке атанып, жауапкершілікті көтеруге асықпайды, көп жағдайда қыздар өздері жалғыз қалады да (егер ата-анасы көмектесетін болса, жақсы), жас ана тығырыққа тіреледі; білімі жоқ, жұмысы жоқ, баланы күтіп-бағуға ақшасы болмайды. Осының бәрі жалғыз бір жас анаға ауыр болатындықтан, көп жағдайда аналар баласын балалар үйіне өткізіп жатады. Ал бұл өкінішке орай, ерте жүктіліктің салдарынан болатын жиі кездесетін оқиға. Қыздар қиындықтан аман болсын!

Марта МИРМАНОВА,

жоғары санаттағы акушер