— Астанада өткен ЭКСПО-2017 халықаралық мамандандырылған көрмесінің жабылу салтанатына келген қонақтар болашаққа саяхат жасайды, — деп хабарлайды ҚазАқпарат шоу ұйымдастырушыларына сілтеме жасап.

10 қыркүйек күні өтетін мультимедиялық шоуда «жасыл» технологиялар мен көрмеге қойылған ең үздік жаңалықтар көрсетіледі. Онда қонақтар ең үздік заманауи жетістіктер үйреншікті болып кеткен болашақ өмірді көре алады.

«Қойылымда ЭКСПО-2017 көрмесінің адамзаттың болашағына қалай әсер ететінін, Көрмеге қойылған жаңа өнертабыстардың көмегімен әлемнің қалай өзгеретінін көрсетеміз. Басты рөлде адам ойнайды. Себебі, адам — теңдессіз технологиялық жетістіктердің авторы», — дейді жабылу салтанатының бас продюсері Борислав Володин.

Ол шоудың әдемі ғана емес, пайдалы деректерге толы болатынын да атап өтті. Көрермендер алдыңғы қатарлы ғылыми жаңалықтар мен Көрме туралы қорытынды статистикалық мәліметтерге қанық болады.

Театрландырылған шоуға 2 232 адам қатысады, олардың арасында волонтерлар мен көрмеге қатысушы елдердің өкілдері бар.

Тағы оқыңыздар: Ақтауда жаяу жүру марафоны өтеді

Күрделі инженерлік, қойылымдық және көркем суреткерлік шешімдер қолданылатын Hi-Light Show көрермендерді болашақ әлемге жетелейді. Әуеде қалқып тұрған декорациялар гимнасттармен бірге қозғалады, сахна үнемі өзгеріп отырады және мұның барлығын танымал композитор Александр Князевтің ғажап музыкасы сүйемелдейді.

Жабылу салтанатының тікелей трансляциясы «Астана ЭКСПО-2017» ресми сайтында және Уoutube-арнасында жүргізіледі.