Сейсенбі күні өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында Ақтау қаласы әкімі Ғалымжан Мұқырұлы Ниязов қатысуымен баспасөз мәжілісі өтті. Басқосуда Ақтау шаһарының саяси-әлеуметтік даму үрдісі, солтүстік-батыс бағытқа қарай қанатын кең жайған қала құрылысы, шағынауданішілік жолдар мен инженерлік желілердің жай-күйі, жолаушылар тасымалы мен көлік қозғалысы, бұдан өзге қала халқына күнделікті тұрмыста қолайсыздық туындататын түйіткілді мәселелер қызу талқыға түсті. БАҚ өкілдері қала басшысына өте өзекті сауалдар қойып, зор мүдделілік танытты.

«Әрине, азғана уақыт ішінде қала деңгейінде атқарылған барлық дүниелерді тізбектеп, атап өту мүмкін емес. Сондықтан бүгін ең өзекті құрылыс саласына жеке-дара тоқталып өтсем. Қазіргі таңда солтүстік-батыс тарапта бой түзейтін 865 гектар жер ауқымын алып жатқан 15 шағынауданның егжей-тегжейлі жоспары жасалып, 7 шағынауданның инженерлік-инфрақұрылымдық желілерінің жобалық-сметалық құжаттамасы жасақталуда. «7-20-25» ипотекалық бағдарламасы аясында былтыр жалпы сомасы 1 млрд. 961 млн. теңгені құрайтын баспанаға 241 азамат ие болды. Биыл 4 млрд. 843 млн теңге құрайтын 513 өтінім қаралуда. Өздеріңізге мәлім, жеке инвестиция есебінен 67 тұрғын үй құрылысы жүріп жатыр. Яғни ол 13 мың текше метр жер бөлігін қамтиды. Биыл төрт қабатты тұрғын үйлер құрылысы аяқталалды деп жоспарланған. Мемлекеттік тұрғын үй саласы бойынша 141 пәтерлі екі үй, бұдан бөлек 19 және 18- шағынаудандарда 180, 216 және 240 пәтерлік үйлердің жобалық-сметалық құжаттамасы әзірленуде.

«Бақытта отбасы» бағдарламасына әлеуметтік аз қамтылған отбасылар үш санат бойынша, яғни көпбалалы, мүгедек баланы асырап отырған, толық емес отбасылар қатыса алады. Биыл осындай санаттағы 85 отбасы «Тұрғынүйқұрылысжинақбанкі» АҚ арқылы құжаттарын рәсімдеді. Олардың басым бөлігі екінші деңгейлі тұрғын үйден, өзгесі бастапқы нарықтан баспана алуға ниет танытты. Сондай-ақ  бастапқы жарнаға қаражаты жетпеген жағдайда, жергілікті әкімдіктен 1 млн. теңге көлемінде арнайы сертификат алуға арыздануға болады», — деді Ақтау қаласы Ғ.Ниязов.

Халықты алаңдататын басты түйіткілдің бірі – ескі-құсқы автобустар мен сапалы жолаушылар тасымалы. Тозығы жеткен қоғамдық көліктерді жаңартудың жолақысына әсері, қызмет көрсету сапасын арттыру жайы сөз болды.

«Қазіргі таңда қалаішілік жолаушылар тасымалы 7 бағыт бойынша ұйымдастырылған. 69 қоғамдық көлік қызмет етеді. Оның 21–і шетелдік маркалы автобустар. Мұнайлы ауданына бағыт алатын 70-ке жуық автобус бар. Жалпы есеппен барлығы 140 қоғамдық көлік халыққа қызмет көрсетеді. Олардың басым бөлігі ескірген. «Каспий» ӘКК ҰҚ» АҚ-мен арнайы келісімшарт аясында алдағы жылы 18 дизельді автобус сатып алынады. Әрине, рәсімдеу ісі біраз уақытқа созылуы мүмкін. Бүгінгі таңда облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасымен бірлесе бірқатар іс-шаралар атқарылуда. Былтыр бес электробус сатып алғанбыз. Қазіргі таңда олар Ақтау мен әуежай аралығынада қатынап жүр. Республика бойынша біздің өңірде ең аз жолақы екендігі мәлім. Қаланың тасымалдаушы мекемелері өздігінен автобус сатып алуға мүмкіндіктері жоқ. Себебі, жолақы құны барлық шығындарды өтеуге жеткіліксіз. Алдағы жылы  жолақыны  методикалық есеп негізінде 80 теңгеге көтеру көзделген. Бүгінде 10 санат бойынша 2500 адам және көпбалалы ана санаты бойынша 1500 аса адам қоғамдық көлікте тегін жүру рұқсатын алып отыр. Қоғамдық көліктерге электронды билет жүйесін орнату жоспарда бар. Алдағы жылы  әкімдік мәскеулік компаниямен екіжақты келісім негізінде арнайы құрылғыларды орнату жобасын жүзеге асыруға ниетті», — деді қала әкімі.

Сондай-ақ қала іші, теңіз жағалауы аумағындағы тазалық мәселесі тұрғындар тарапынан келіп түскен ең жиі сауалдардың бірі болды.

«Әрине, біз қаланың санитарлық тазалығы бойынша жыл сайын мәселе көтереміз.Заңнама талаптарына сәйкес жыл сайын 14 млн. текше метр қала аумағында тазалық жұмыстар жүйелі жүргізілуі тиіс. Биыл 470 адам қала тазалығына қызмет еткен. Алдағы уақытта қала аумағын күл-қоқыс, қалдықтардан арылту ісіне бюджет қаржысын молырақ бөлу, тазалық қызметкерлері санын арттыру жоспарланған. Ал төменгі шағынаудандарда арнайы мекемелер, қаланың жоғарғы бөлігінде жеке тұрғын үйлердің ПИК–тері осы бағытта қызмет етуге міндетті», — дейді Ғ.Ниязов.

Қаланың дамуы қалыпты

Басқосуда баршасын бірдей толғандырған мәселе – қалаішілік әрі шағынауданішілік жолдардың жай-күйі болды. Шағынаудандарда жиі көзге түсетін шұрық-тесіктер, ойым-ойдым, кедір-бұдыр жолдар жүргізуіші мен көлікті әбден ығыр қылары анық.

«Қалада 50-ге тарта шағынаудан бар делік. 21 шағынауданның ішкі жолдарына күрделі жөндеу жүргізу қажет. Мәселен 27 және 12 шағынауданның жер көлемі 60 гектарды құрайды. Бір шағынаудандағы жолдарды, балаларға арналған ойын және спорттық алаңқайларды жөндеу жұмыстарына 747–800 млн. теңге аралығында қаражат жұмсалады екен. Ал 6 және 7 шағынаудандар көлемі 30 гектарға тең. Оған 400 млн.-дай қаржы қажет. Есептей келе 20 шағынаудан ішін толықтай жөндеуден өткізу 14 млрд. ақшаны  талап ететіндігіне көз жеткіздік. Бұл әрине өте үлкен сомма. Былтыр қала бойынша 6 шағынауданның ішкі жолдарын ретке келтірдік. Биыл тек қана 5-шағынауданың ішкі жолдарын жөндеуден өткіздік. Алдағы кезеңде барлығы жүйелі түрде іске асады», — деп мәлімдеді шаһар басшысы.

Баспасөз мәслихатында білім беру саласындағы басты мәселелер де сөз болды. Соның ішінде үш аусымды мектептерді жою мақсатында жаңа  орта оқу ордаларын салу, балабақшалар мен бөбекжайлар құрылысын аяқтап, ел игілігіне табыстау туралы біраз мағлұматтар айтылды.

«Үш аусымды мектептер мәселесі бізде бар. Былтыр мектеп табалдырығын 41 мың бала аттаса, биыл бірінші сыныпқа барған бүлдіршіндер саны 45 мыңды құрады. Жаңа шағынаудандарда соның ішінде 32 А шағынауданында 900 орындық  білім ордасы іске қосылған еді.  Бүгінгі таңда мектепте 2700-ден аса бала білім алады. Сол себепті оқу ошағы үш аусымда қызмет етіп келеді. Бүгінгі таңда 34-шағынауданда орналасқан дарынды балаларға арналған облыстық мамандандырылған мектеп-интернатынан 22 кабинет алынып, сыйымдылығынан асып отырған №29 орта мектептің 940 оқушысы орналастырылды. Жоғарыда атап өткендей 7 шағынауданның жобалық-сметалық құжаттамасын жасақтау үсітндеміз. 34-шағынауданда «Ана мен бала» орталығына қарама-қарсы тұста 900 орындық мектеп құрылысы бастау алды. 17, 31 және Шығыс-1 де 300 орындық екі мектептің жобалық-сметалық құжаттамасы дайын тұр. Бірақ біз бұл жобаларды мемлекеттік-жекеменшік әріптестік негізінде жүзеге асыруды көздеп отырмыз.

Бүгінгі таңда облыста бүлдіршіндердің балабақшамен қамтылуы 98,1 пайызды құрап отыр. Жеке меншік балабақшалар көптеп ашылуда. Біз бұл үрдісті қолдаймыз», — деп атап өтті Ғалымжан Мұқырұлы.

Толассыз жауған жауыннан қала көшелері мен жол жиектерін су басып, тұрғындар қолайсыз жағдайға тап болатын кездер кездеседі. Мұндай келеңсіздіктердің алдын алу мақсатында қала әкімдігі тарапынан атқарылып жатқан іс-шаралардан хабардар болдық.

«Жаңа шағынаудандарда құрылыс жұмыстары толық аяқталысымен міндетті түрде суағарлар орнатылады.  Бүгінгі таңда қала бойынша 1-шағынаудандағы облыстық тіс емханасы алдында су толып, халық әбден әбігерге түсетінін білеміз. Сол себепті Хонда орталығынан тіс емханасына дейін одан әрі Өмірзақ ауылына бағыт алатын төртжолақты жол құрылысы бастау алғанда суағар кәрізін орнату міндетті түрде ескеріледі», — деді қала әкімі.

Сондай-ақ басқосуда қала ішін жарықтандыру, электр энергиясының тарифін көтеру, шағынаудандар ішінде жүріп жатқан құрылыс жұмыстарына, сыртқы көрнекі ақпарат құралдарының түр-түсіне бақылау орнату жөнінде бірқатар мәселелер талқыланды.

«Электр тарифі құнының арту жөнінде арнайы комиссия құрылды. Облыс әкімінің орынбасары Б.Качаков комиссия төрағасы ретінде бекітілді. Комиссия құрамына қоғам белсенділері, үкіметтік емес ұйымдар өкілдері, облыстық деңгейдегі мәслихат депутаттары, барлық деңгейдегі қоғамдық кеңес өкілдері және жергілікті атқарушы орган қызметкерлері кірді. Бүгінгі таңда осы өзекті мәселе жөнінде жан-жақты талқылау жүріп жатыр», — деп түсіндірді қала басшысы.

Сонымен қоса  басқосу соңында жоғары шағынаудандарда аялдамалар орнату мәселесі де бас көтерді.

«Қала аумағында аялдамалар орнатылмаған шағынаудандар бар. Аялдамалар заңға сәйкес коммерциялық нысан ретінде саналады. Сол себепті аукцион арқылы берілуі керек. Өткен жолы 20 аялдаманың конкурсын өткізгенбіз. Келесі аптада 31 аялдаманы конкурсқа береміз. Оның үшеуінде ғана дүкен жапсарланған. Бәрі аялдаманы дүкенмен бірге болғанын қалайды. Бірақ кейбір аялдамаларды дүкенмен қосарлап орнатуға болмайды. Көлік ағынына кедергі келтіруі мүмкін. Алдағы уақытта конкурс сәтті ойнатылып, аялдамалар орнатылады деген сенім мол», — дейді Ғ.Ниязов.

Голрох ЖЕМЕНЕЙ

Суреттерді түсірген Талант ҚҰСАЙЫН