ҚР Ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаев Тергеу департаментінің жаңа басшысын таныстырды, — деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты ведомствоның баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Президент Әкімшілігімен келісім бойынша Ішкі істер министрлігі Тергеу департаментінің бастығы қызметіне полиция полковнигі Санжар Әскенұлы Әділов тағайындалды.

Санжар Әскенұлы Әділов 1977 жылы туған. Ішкі істер органдарында 1999 жылдан бері жұмыс істейді. Басшылық қызметтерде жұмыс тәжірибесі мол. Түрлі жылдары ол ішкі істер органдарының тергеу бөлімдерінде (ішкі істер және қаржы полициясы), ІІМ тергеу басқармасында жұмыс істеді.

2013 жылдан бастап Нұр-Сұлтан және Алматы қалаларының полиция бөлімдері бастықтарының орынбасары қызметін атқарды.

Министр министрліктің орталық аппараты қызметінің басшыларына ел Президентінің қылмысқа қарсы тұру, азаматтардың тыныштығы мен қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша алға қойған міндеттері туралы ескертті.

«Тергеу бөлімшелері қылмыстың тез және толық ашылуын, тергелуін, азаматтардың конституциялық құқықтарының сақталуын қамтамасыз етуі тиіс», — деді министр Ерлан Тұрғымбаев.