Қаныбек Жұмашев

Жаңаөзенде орын алған оқиға туралы бар-жоғы бірер күнде ел ішінде дәйексіз ақпар, негізсіз әңгіме тұтанып, тарап жатқаны рас. Бүгін облыс әкімінің орынбасары Қ.Жұмашев өңірлік коммуникациялар алаңында БАҚ өкілдерімен арнайы жүздесіп, дақпырт-дүрмекке бұғау салар тобықтай ойтүйінді ортаға салды. Әңгіменің негізгі өзегі — Маңғыстау аумағында Қытай инвесторларымен бірлескен зауыттың бой көтеруі туралы мәлімет шындыққа жанаспайтындығы. Әр облыстың өзіндік даму стратегиясы алдын-ала жасақталады. Ал Маңғыстаудың бесжылдық әлеуметтік-экономикалық даму бағдарламасы аясында Қытай мен Қазақстан бизнес өкілдері арасында ірі жобаны жүзеге асыру мүлдем көзделмеген.

«Наразылық митингісі бастау алғалы облыс, қала әкімдері, жалпы жергілікті атқарушы орган өкілдері халық алдына барып, тұрғындар талап-тілегіне байыппен құлақ түрді.  Мұндағы басты талап — жалпы Қазақстан мен Маңғыстау аумағына Қытай зауыттары мен қытайлық еңбек күшін кіргізуге үзілді-кесілді қарсылық. Бұл екі сауалға егжей-тегжейлі жауап қайтарылды. ҚР Премьер-министрінің орынбасары Жеңіс Қасымбек республикалық деңгейде баспасөз мәслихатын өткізіп, Қытай мен Қазақстан арасындағы инвестициялық өзара әріптестік жөнінде толықтай мағлұмат берді. Ескере кетер дүние — тәуелсіздік алғалы бері әлемнің 120 елінен құны 330 млрд. АҚШ долларын құрайтын инвестиция Қазақстанға енген екен. Басым бөлігі Еуропа дүние бөлігінен. Ал алпауыт АҚШ-тың үлесі 15 пайызға пара-пар. Ал Ұлыбритания мен Қытайды қоса есептегендегі үлесі 5-ақ пайызды құрап отыр», — деп мәлімдеді Маңғыстау облысы әкімінің орынбасары Қаныбек Жұмашев.

Шетелдік инвестициялар жөніндегі отандық құзырлы органдар 2010 жылдан бері 650 жобаны қарастырған екен. ЕуроОдақ ұсынған 185, Ресей тарапынан 111, Түркиядан 80, ал Қытайдан 55 жоба жай-күйімен  жан-жақты танысқан. Заман талабына сай жаңа технологиялар трансферін әр қазақстандықтар үшін жаңа жұмыс орындарын құруды қамтамасыз ететін жобаларға басымдық берілген. Яғни, күні бүгінге дейін құны 16,2 млрд. АҚШ долларын құрайтын  235 жоба жүзеге асырылды. Оның ішінде 135 жоба Еуропа Одағы елдері мен Ресей инвесторларымен бірлескен әріптестік негізінде іске қосылған екен.

«Жоба зауыт деген сөз емес. Бұл екі елдің бизнес өкілдері өзара жасасқан келісімсөздер. Статистикалық деректерге көз жүгіртсек, жоғарыда аталған жобалар аясында 4000 нан астам жұмыс орны құрылған. Қазіргі таңда жұмыс орындарының 95 пайызында қазақстандық жұмысшылар қызмет етеді. Ең бастысы сабырлық сақтау қажет. Әр алуан өзге пиғылды топтар ықпалына ермеу аса маңызды. Нақты статистикалық деректермен бөлістік. Босқа даурығып, көшеге шығып, жалған ақпар жетегінде кетпеу сұралады», — деді Қ.Жұмашев.

Әрине, халықтың көкейдегі ой-көзқарасын дау-дамай, дүрбелеңсіз билік тізгініндегі азаматтарға жеткізуі дұрыс-ақ. Сол себепті де наразылық акциясына қатысушылары ешқандай жазаға тартылмайтындығын да жеткізді Қаныбек Жұмашев.

Голрох ЖЕМЕНЕЙ