Ақтауда «Жас батыр» спорт мектебінің жүлдесіне арналған көркем гимнастикадан ашық турнир өтті. Турнирге Ақтау, Жаңаөзен қалаларынан және Мұнайлы ауданынан келген 160-қа жуық спортшы қатысты. Командалық есепте Ақтау қаласы 1-орынды иеленді, — деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты.

Турнирде 2004-2014 жыл аралығындағы қатысушылар бақ сынады. Олар жеке және топтық бағдарлама бойынша өнер көрсетті.

Топтық сайыста 2004-2005 жылғы қатысушылар арасында Мұнайлы ауданынан келген Ұлжан Абдрахман топ жарды. 2006 жылғы қыздар арасында жүлделі 1-орынды ақтаулық Әсел Аманкаирова алды. Ал Жансая Жанбуршиева (2007 жылғы) және Рысбике Сейбағыт (2008 жылғы) топтық сайыста жеңіске жетті.

Ақтауда көркем гимнастикадан ашық турнир өтті

Ал жеке бағдарлама бойынша өнер көрсеткен жаңаөзендік Әсемай Узбекбай (2009 жылғы) 1-орынды иеленді. 2010 жылғы қатысушылар арасында «Жас батыр» спорт мектебінің оқушысы Аққуым Манарбекқызы көптің көңілінен шығып, жүлделі болды. Сондай-ақ Галина Иванова (2012 жылғы) және Мұнайлы ауданынан Айзере Серік (2013 жылғы)1-орынды қанжығасына байлады. Жаңаөзендік Айкөркем Амангелді 2014 жылғы қыздар арасында жеңімпаз атанды.

Жалпы командалық есепте Ақтау қаласының «Жас батыр» спорт мектебі 1-орынды алды. Ал Мұнайлы ауданы 2-орынды иеленсе, Жаңаөзен қаласы 3-орынды қанжығасына байлады.

Жұлдызай ҚАЛИЕВА

Суреттерді Жас батыр спорт мектебі ұсынды