Абай атындағы мәдени-демалыс кешенінде «Жетістікке жетелейтін жеті қыр» атты облыстық XІ «Маңғыстау жұлдыздары» өнер фестивалі жеңімпаздарын  марапаттау рәсімі мен Гала-концерт өтті. Фойеде «Маңғыстау жұлдыздары» фестивалінің «Бейнелеу», «Графика» аталымдары бойынша  қатысушылардың көрмесі қойылды.

Маңғыстаудың мың жылдық тарихынан ойып орын алған облыстық «Маңғыстау жұлдыздары» фестиваль-конкурсының «Жетістікке жетелейтін жеті қыр» атты он бірінші тарауы өз мәресіне жетіп, қорытынды кеш сахнасының шымылдығы жас әнші Оспан Құлсымақтың орындауындағы «Фестивальге арнау» әнімен ашылды.

Өнер додасының жеңімпаздарын атап, фестивальге қатысушыларды құттықтап, үздіктерді  марапаттау үшін  сахнаға  Маңғыстау облысы әкімінің орынбасары Нұрдәулет Қилыбай сахнаға шығып: «Ассалаумағаликум, ағайын! Құрметті фестивальге қатысушылар! Барлығыңызды «Маңғыстау жұлдыздары» өнер фестивалінің мәреге жетуімен құттықтаймын! Маңғыстау мың жылдық тарихы бар Жібек жолы керуен сүрлеуінің бойында жатқан геомәдени кеңістік. Қазақстанның ешбір аймағында кездеспейтін, ешбір өңірдің қолтаңбасына ұқсамайтын зергерлік, бұл өнер додасы республикалық деңгейде өз қолтаңбасы бар фестиваль.

Фестиваль қатысушыларының саны жыл сайын көбейіп келеді. Биылғы фестивальға 2000 адамның қатысуы осы сөздің дәлелі. Биыл Сүгір жыраудың туғанына — 120 жыл, Әбіш ағамыз бен Фариза апамыздың туғанына – 80 жыл толып отырған мерекелі жыл! Фестиваль барысында жаңа есімдер анықталып, Маңғыстау өнер көгінде жаңа жұлдыздар жанды! Өнерлеріңіз өрге жүзгей!» деген тілегін білдірді.

Бас жүлде — автокөлік Ақтау қаласына бұйырды.

I дәрежелі дипломмен Маңғыстау ауданы және Жаңаөзен қаласы марапатталды.

II дәрежелі дипломмен Бейнеу ауданы және Түпқараған ауданы марапатталды.

XI «Маңғыстау жұлдыздары» облыстық өнер фестивалінде үздік өнер көрсеткені үшін  III дәрежелі дипломмен Қарақия ауданы және Мұнайлы ауданы марапатталды.

Марапаттау соңы гала-концертке ұласты.

Үміт ЖӘЛЕКЕ
Суреттерді түсірген Серік МАЙЕМЕРОВ