домбыра Күй керуен

Маңғыстау өлкесінде тек әуезді әндерді салып, көпшіліктің көңілін кернеп, я домбыраға қолын бұлғап, күй тартып, я ұзақ уақытқа дейін жыр жырлап, жұрттың жанын жадыратып қана қоймай, сонымен бірге қолына қасиетті Құран Кәрімнің киесі қонған, бес саусағына бал тамған, қолөнерді де қатар ұстанған тұлғалар болды. Атап өтер болсақ, Қайып Қорабайұлы – ол тек қана әнші, композитор ғана емес, сонымен қатар етікші де болған. Атақты Мұрын жырау Сеңгірбекұлы – тек қиса дастандарды ұзақ уақыт жырлай алатын жырау ғана емес, зергер де болған. Осылай қос саланы қатар ұстанғандардың бірі — Қалдаяқ Панаев. Ол өзі әнші, әрі жыршы, әрі зергер, әрі ұста болған.

Қалдаяқ 1907 жылы Маңғыстау облысы Бөрліген деген жерде дүниеге келген. Әкесі Пана Азанғұлұлы атақты Шонты бидің ұрпағы. Шежіремен жіктеп көрсететін болсақ, Адай – Келімберді – Тобыш – Жайық – Әлмембет – Зорбай – Қожаназар – Шонты би – Қалдаман – Ермембет – Азанғұл – Пана – Қалдаяқ болып таралады екен. Қалдаяқтан – Бергібай, Келдібай, Нұрлыбай атты балалары бар екен.

Әкесі Пана да өнерден де құр алақан емес. Ол да алтын, күмістен дегмент соғып, сырға-сақиналарды, білезіктерді жасап, ағаштан түйін түйген қолөнер шебері болған. Қалдаяқ — осы әке жолын жалғастырушы. Қалдаяқ жастайынан Ұзақбай жырауға еліктеп өседі. Есейе келе осы Ұзақбай, Сүгір жыраулармен жолдас болып, бірге өнер өрбітеді. Ал анасы Әдеміхан Көшерқызы – Қырымқұл ауылының перзенті.

1933 жылы анасы Әдеміхан қайтыс болған соң Пана отбасылық жағдайға байланысты Түркменстанның Красноводск қаласына қоныс аударады. Інісі Мырзағұл жастайынан домбыраға әуестенген соң Қалдаяқ оған домбыра жасап беріп, оны өнерге баулиды.

1944 жылдан бастап Қалдаяқты Қызыл әскер қатарына шақырады. Сол Қызыл әскер қатарында қатардағы жауынгер болады. 12-ші сәуірде Ұлы Отан соғысына қатысып, 1-ші Балтық жағалауындағы фронтта 402-ші атқыштар полкінің, 168-ші атқыштар девизиясында азаматтық борышын атқарады. Бірақ Қалдаяқ 17-ші сәуірде Псков қаласындағы шайқаста ауыр жарақаттанады. Осы Ұлы Отан соғысында көрсеткен батылдығы үшін КСРО Жоғарғы Президиумның қаулысы бойынша Қалдаяқ «Ерен ерлігі» үшін медалімен марапатталады.

Қалдаяқ соғыстан оралған соң өнерді тастамай ары қарай дамытуды қолға алады.
Бірде ауыл адамдары жиылып қалған. Ортасында екі өнерпаз. Бірі – қапсағай денелі, ат жақты, ала көзді, қыр мұрынды, қара сұр, жасы елуді еңсеріп қалған кісі, қу тілді, шебер домбырашы, бұрын Қарабұғазда халық драмма театрында артист боп қызмет атқарған өнерпаз Әмірбай Бөлекбайұлы. Екіншісі – Ұлы Отан соғысының ардагері, домбырашы, әрі әнші, әрі жыршы Қалдаяқ Панаев. Көптен бері сағынысып көріскен өнер иелерін қаумалай қоршаған жұрт. Екеуі де — өз өнерімен ел сүйіспеншілігіне бөленген өнерпаздар. Балалардың ойыны, жастардың әзіл-оспағы, ересектердің көлденең сөзі де тына қалысқан. Баршаның ынтасы да, жанарлары да, қос өнерпазға ауысқан.

Әмірбай мен Қалдаяқтың көбінесе орындайтын шығармалары – ел арасында кең тараған Мұрат Өскінбайұлының күйлері мен жырлары. Өнерпаздар тыңдаушыларын ән-күйге бөлеп, алдымен Әмірбай домбырада күй тартып, кезегінде Қалдаяқ жыр толғайды. Осылайша бірінен соң бір жиылған жұрттың алдында өнер көрсетеді. «Таңның атысы, күннің батысы» дегендей, өнерпаздар жиылған көрерменнің назарында. Әлеумет олардың өнеріне дән риза болысып, жыр мен күйді қолқалап, қайыра тартқызып отырды. Әдетте мұндай қызықтар жиындарда алдын-ала жоспарланған ештеңе болмайды. Халық қалаған әндер мен күйлер, жырлар мен терме-толғаулар ғана орындалады. Сондықтан өнерпаздар жиналғандардың ұйғарымына қарай ыңғайласып, сұраған күйін немесе әндерін, жыр-термелерін орындап беріп отырады. Жиналғандар енді бір сәт ән-жырларын тыңдағысы келетінін білдіріп:

— Ау, Әмірбай шырақ! Күйіңді аяқтасаң ендігі кезекті Қалдаяққа бер. Қалдаяқтың жырын тыңдайық, – дейді. Бір-екі айтылған тілекке селқос қарап, елемей отырған Әмірбай жан-жағына түсінбегендей қарап:

— Уа, халайық! Еркіңіз өздеріңізде. Домбырам не дейді, ел не дейді?! Мына жұрт қоймады ғой. Қалеке! Енді бір нәрсе дейсің бе? – деді жанындағы серігіне қарап.

Сонда Қалдаяқ іле Мұрат Өскінбаевтың «Күй қалай шықты?!» атты толғауынан

«Десеңіз шықты күй қалай,
Мәнісі мұның бір талай.
Бүркеулі жатқан көмбенің
Ашалық бетін тұмшамай.

Домбыраны күйге келтірген
Екі ішек, құлақ, тиегі.
Байлаған буын пернесі,
Бір-бірінің дыбыс сүйеуі…» — деп толғап, күйдің құдіретін жырымен паш етіп, жыршы тағы да Мұрат Өскінбаевтың «Домбыра» өлеңінен

«Жүйріктей сан бәйгеге салған баптап,
Жасымнан күй тартқанмын, өлең жаттап» — деп шұбырта берген.

Қазақтың қазыналы даналығында «Жақсының жақсылығын айт – нұры тасысын» демекші, Қалдаяқ туралы біздің қолымызда бар мәлімет осындай.

Соңғы кезде көзкөргендердің қатары уақыт өткен сайын сиреп келеді. Біз бұл Қалдаяқ атамыздың көзін көрмеген соң санаулы бірлі-жарым көзкөрген азаматтан естіген шежіремізді келешек ұрпақ ұмытпасын деп, көпшілікке осылайша бөлісіп отқан жайымыз бар. Әрқашан тарихымызды танып жүрейік.

Марат НУРЕТДИНОВ,
дәстүрлі өнер зерттеуші