Нияз Тобыш Жаһан нама кітап географиялық трактаты ahan nama kitap

Президенттің «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласы еліміздің мәдени және саяси түлеу жолындағы мақсатын айқындай түсетін еңбек екендігі аян. Тәуелсіздік жылдарында «Мәдени мұра», «Халық – тарих толқынында» бағдарламаларының аясында Қазақстан аумағындағы тарихи-мәдени ескерткіштер мен нысандар жаңғыртылып, әлемнің ең белді архивтерінен төл тарихымызға қатысты құжаттар жүйелі түрде зерттеліп, көптеген құнды дүние жарық көре бастады. 2012 жылы ҚР Ғылым және білім министрлігі бекіткен Мұхаммед ибн Нәжиб Бәкранның «Жаһан нама» географиялық трактаты (XIII ғ. басы) Қазақстан мен Орталық Азия тарихының дерегі» атты фундаменталдық жобаның орындаушысы болған Нияз Тобыш парсы тілінде жазылған «Жаhан наманы» қазақ және ағылшын тілдеріне аударып, күні бүгінге дейін әлі де сыры беймәлім болып келген тарихтың жаңа қырларын ашып берді.

«Жаhан нама» кітабы – этнос, қоғам, адам парасатының дамуы мен құрылуының бастауы, қызықты тарихи-­географиялық және космографиялық мағлұматтардың сы­рын ашатын таңғажайып туынды.

«Кешегіміз түгенделмей, бүгінгіміз бү­тінделмейді» деп абыз атамыз Әбіш Кекіл­баев айтпақшы, «Жаhан нама» кітабы ежелгі тарихтың негіздерін күні бүгінмен қосатын жолды құрап, уақыттың үзіліссіз байланысын көрсететін қазіргі дау­дамай­дағы адамзатқа қажетті көп қырлы қоғамның тарихи тәжірибесін зерттейді десек артық айтқандық болмас.

Иә, ол шындық! Тегіміз, тарихымыз туралы қазақтың жаңа дерегі шығып жатыр, ағайын! Мұның дәлелі «Жаhан нама» кітабында­ғы сегіз жүз жыл бұрынғы Иран мен бүкіл әлем қоғамдастығынан өте сирек кездесетін ақпараттар жинақтаған тарихи география­ны Маңғыстау облысы Мұнайлы ауданы «№1 кешкі жалпы білім беру орта мектебі» КММ­-ның ағылшын тілі пәні мұғалімі, қа­зақша-­ағылшынша, қазақша­-парсыша тіл­ашар сөздіктерінің авторы, ағылшын, парсы тілдерінің маманы Нияз Тобыштың әлемдік тарихнамада тұңғыш рет қазақ, орыс және ағылшын тілдеріне аударып, ұсынуы дәлел болып отыр. Әлі де сиясы кеппеген аудар­ма-­туындының құндылығы Елбасымыздың «Ұлы даланың жеті қыры» атты күні кеше­гі мақаласында айтылған: «Кейінгі жыл­дары табылған тарихи жәдігерлер біздің бабаларымыздың өз заманындағы ең озық, ең үздік технологиялық жаңалықтарға ті­келей қатысы бар екенін айғақтайды, бұл жәдігерлер Ұлы даланың жаhандық та­рихтағы орнына тың көзқараспен қарауға мүмкіндік береді», – деген пікірін айғақтай түскендей!

Тарихқа көз жүгіртсек ата­-бабалары­мыздан қалған кең-­байтақ жердің тарихын айқындайтын жер­-су, тау­-тас атаулары, өсімдігі, жан­-жануарлары, табиғи байлық көздерінің ежелден Қазақстан жерінде, со­ның ішінде Маңғыстау жерінде бай көзі болып, қай заманда да сыртқы дүниені қы­зықтырғаны мәлім. Ұлт пен ұлыстардың қалыптасу заманында, яғни 12-­ғасырда Хо­резм мемлекеті Сұлтан Әли шах басқарған кезінде өркениет мәдениеті өз шыңына жетті. Білім, ғылым, сәулет мәдениеті жо­ғары дамып, экономикалық байланыс кү­шейді. Географиялық жағынан шығыс пен батыстың, Ұлы жібек жолының бойында, оңтүстікте парсы елімен байланыстыратын Кіші жібек жолы тармағының торабында орналасуы елдің саяси әлеуетін одан әрі көтерді. Осыған байланысты 10­-ғасырдан бастап Хорезм сұлтаны Ибн Мамунның кезінде академияға ғалымдар, медиктер, ақындар дүниенің төрт бұрышынан Хо­резмнің астанасы Көнеүргеніш қаласына келіп, шәкірттерге медреседе дәріс берді. Обсерваториялар ашылып, онда Абу Али ал­-Хорезми, Абу Али ибн Сина, Абу Райхан ал­-Бируни сияқты білімдар ғұламалар жұмыс жасады. Елдің өзге елдермен байланысы күшейіп Чын­мачынмен (Қытай), Парсы, Үнді, Шам (Сирия), Арабия, Рум, Мысыр­мен қатынаста болды. Осы тұрғыда Сұлтанға елдің билік қорғанысын және әлеуметтік бай­ланысын күшейту үшін нақты мәліметтері бар карта керек болды. Уәзірлерін жинап, ғалым­-оқымыстыларға географиялық карта жасауды бұйырды. Осы тапсырма бойынша Хорасанның Тусс қаласының тумасы, ғалым, ойшыл Мұхаммед ибн Нәжиб Бәкранға жаһанның картасын сызуды бұйырды. Ол картаны 605-­хижри қамари (1208) жылы аяқтады. Орта ғасырда белгілі болған Еу­разия мен Африка ойкуменінің география­лық картасын 3×3 гяз өлшемінде матаға сы­зып бітірді және өзінің парсы тілінде жазған трактаты осы «Жаhан нама» кітабын ұлы шах сұлтан Әлиге табыстады. Бұл кітап 20 тараудан тұрады, ескілігімен өте құнды әрі Қазақстан туралы тың мәліметтерге бай. Орта ғасырда бұл кітапты Моңғол шап­қыншылығына дейін (1221 жыл) Хорезм астанасы Көнеүргеніш медреселерінде оқу­лық ретінде де қолданған. Кітап мәнін бұл күнде де сақтап тұр. Атап айтсақ кітапта келтірілген дәлелдер бойынша сол дәуірдегі адамдардың жерасты байлықтарын, әсіресе тас көмір мен мұнайды игергендіктері, қарамайды (мұнайдың) Маңғышлақта құ­дықтан алып, оны түйемен Хорезм қала­ларына, Отырарға, Жентке, Түркістанға, Бұхараға жөнелтетін болған. Отынға, ме­дицинада, әсіресе қорғаныс саласында пай­даланғандығы, жаугершілік заманда орта­лық қалаларды жау қаптағанда ыстық қара майды төбеден құйып, жауды жібермегендігі туралы мәліметтерге қарап мұнайдың шығу тарихы туралы тың деректерді аңғаруға бо­лады. Осы орайда мұнайдың ашылуы тура­лы ағайынды Гурий Назарьев 1640 жылы (Яраславльдық көпес), Жайық келіп бекініс салған. Геолог Н.Сверцов Жайық, Ембі ай­мағының картасын жасады, зерттеу бары­сында сол жерден мұнай қорын алғаш бо­лып тапқан. Теңіз жағасындағы Гурий кенті кейін Гурьев қаласы болып аталады деген мәліметін «Жаһан нама» кітабындағы тың мәліметтермен салыстырып кетуге болады. Мәселен, адамдар кара майды (мұнайдың) қара түсін Маңғышлақта, Балқанда қазылған құдықтан шығарады, жасыл түсін Хәзерде, Дарбанда, ақ түсін Бакуде Абескун теңізінде бір аралдан шығатынын 12-­ғасырда білген. Қара мұнайды тамшылату жолымен ақ түске айналдырады делінген.

Сондай­-ақ кітапта «жер-­судың аты – тарихтың хаты» демекші, сол кездегі Дешті Қыпшақ деп атала­тын қазақ жерлерін, Мавереннахрды (Сыр және Амудария өзені арасы) мекендейтін халықтың өте қонақжай, қайырымды бо­латындығы айтылып, бабаларымыздың мі­нез-­құлықтарын сол кезде нақты тамаша сипаттаған. Түркістанда Хәллох пен Хатлан арасында тау өткелдері бар. Кімде­кім сол жерден өтер болса, шақпақ тастардың дауы­сы шықпас үшін аттың тұяғына киіз байлап алады. Әйтпесе күн қарайып, жаңбыр неме­се кар жауатын болған. Түркілердің сиқыр­ мен ететін ісі, жаңбыр мен қар жауғызу ісі осыдан алынған. Найзағай ойнағанда көк­тен жерге мыс түсті, темір сияқты жебенің ұшындай тас түсетіні және адамға тисе та­банда қатырады деген мәліметтер тың зерт­теулерді талап етеді. Хорезм көлі (Арал), Шаш (Ташкент) жері, Абескун көліндегі (Каспий), Қаратау туралы тамаша мәліметтер келтірілген.

Елдердің қоныс аудару және орнала­суы тарауында айтылған мына фактіге на­зар аударсақ, Маңғышлақтың түркілердің бір қауымының қонысы болғанын білеміз. Ғоздармен (оғыздар) арада болған келіспеу­шілік олардың бұрынғы өз жерлерінен ке­туіне себеп болады. Абескун көліндегі Қара тау (Отпан тау) маңына келіп орналасады, өйткені бұл аймақта жайлы өрістер мен суы мол бұлақтарға тап болады, қоныстана­ды. Оларды «Маңғышлақ елі» деп атайды, олардың ұлығы «Хан» делінеді. Міне, осы жерден де қазақ ұлтының, бабаларымыздың Маңғыстауда өте ерте заманнан тұрғанын, хандық құрылысы бар ел болғанын аң­ғарамыз. Сондықтан Қазақ хандығының пайда болуы 15-­ғасырға тура келгенін есеп­ке ала отырып, ендігі кезекте қазақ ұлты туралы мәліметтерді «Жаһан нама» мен салыстыра отырып, толық қайта зерттеу­лерді талап етеді. Дешті Қыпшақты мекен­ деген бабаларымыздың, кең­-байтақ жерді қалай сақтап қалуының сырлары да осын­да жатқан болу керек. «Ұлы даланың жеті қыры» ат міну мәдениеті, суын ат, ең жүйрік Адай жылқылары да осы теңіз жағасынан кең-­байтақ қазақ жеріне тарағанын, металды балқыту, өңдеу, алтын әшекейлер жасау, асыл тас кен орны туралы да айтылған. Мысалы, фируза – асыл тастың ең жақсысы, Хорезм уалаятында Түркістаннан шығады. Ол жерде де бұл тастың кен орны бар деп көрсеткен.

Адам баласының екі тірегі болады: бірі — туған жерің болса, екіншісі – ата-­тегің! Қазақ сұрасқанда, біліскенде «Қай жер­денсің?», «ата-­тегің кім?» деп сұрайды. Осыған жауап бере алған адамды текті, рухы мықты деп есептеген. Білмегенді тек­сіз деп атаған. «Кітап – білім бұлағы, білім — өмір шырағы» демекші, балдан суы тәтті рухани бұлақ көзі 810 жылдан кейін киелі Маңғыстауда ашылды, ағайын! Жеті жұрт келіп, жеті жұрт кеткен ата мекеніміз, 362 әулие өткен Маңғыстау бүгінде де ел бірлігі мен жарқын болашаққа бағдар беретін руха­ни жаңғырудың ұйытқысы болмақ.

Осындай әлемдік ауқымдағы құнды ең­бекті үш тілге аударып, бізге жеткізген аға ұстазымыз Нияз Тобыш Қартбайұлының зор еңбегін бағалай отырып, тәуелсіздікке және тарихымызды танып-­білуге қосқан ерен үлесі үшін ризашылығымызды білдіреміз.

Тоғайбай ҚАЗИЕВ,
«№1 кешкі жалпы білім беру орта мектебі» КММ директоры.
Мұнайлы ауданы

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікір жолын бос қалдырмаңыз!
Аты жөніңізді жазыңыз