Асқанбай Ділманұлы

Көкжиегіне көз жетпейтін ұлы даламызды мекендеген біздің ата-бабамыз қай кезде де өркениет көшінен кейін қалмаған. Алдыңғы лекте жүрген. Оған қазіргі кезде еліміздің әр түкпірінде жүргізілген археологиялық қазба жұмыстары кезінде табылып жатқан көптеген құнды жәдігерлер дәлел.

Әр жылдары жүргізілген қазба жұмыстары кезінде табылған ұсақ-түйек мәдени-тұрмыстық әшекей бұйымдарды айтпағанның өзінде Есік қорғанынан табылған «Алтын адам» ескерткіш-жәдігердің құндылығы қандай десеңші!

Біздің ұланғайыр ұлы далада өмір сүрген ата-бабамыздың, қасиетті жұртымыздың өткен тарихынан сыр шерткен, талайды тамсандырған озық мәдениетіміз бен әдеп-ғұрпымыздың, салт-дәстүріміздің, наным-сеніміміздің, ат үстінде жүріп ел қорғаған жауынгерлік болмысымыздың, көз майын тауысқан қолөнер шеберлігіміздің бүкіл жиынтығы емес пе, бұл?!

Міне, осындай өркениет үрдісі қалыптасып, ата-бабамыздың өткен өмірінен там-тұмдап сыр шертіп, хабар беретін мәдени-тарихи ескерткіштердің көп кездесетін аймағы – Маңғыстау өңірі. Бұл жер қай заманда да білім мен ғылым, мәдени-тұрмыстың өсіп, өркендеу жағынан кенже қалмаған өңірдің бірі. Бұл сөзімізді дәлелдейтін деректер мен айғақтар да жетерлік.

Қасиетті Маңғыстау өңірі орта ғасыр дәуірінде де дамып, өркениет көшіне ілескен. Себебі осы өңір арқылы Ұлы Жібек жолының бір тармағы өтіп тұрғанын дәлелдейтін көне керуен сарайлары мен қала, қорғандардың орындары сақталып, біздің заманымызға жетіп отыр. Осындай тарихи ескерткіштерге қазба жұмыстары жүргізілген кезде соның ішінде Тоқсанбай тауындағы ескі қорымдар мен «Ақпанның үйігі» деп аталатын орындардан тұрмыстық әшекей бұйымдар мен жебенің ұштары табылған деген деректерді естіп жүрміз.

Міне, бұл Маңғыстау өңірінде де металдардан тұрмысқа қажетті бұйымдарды жасау дәстүрі мен үрдісі қалыптасқанын айғақтайтыны сөзсіз.

Ұлы даланың сан алуан ұлағаты мен қасиетін бойына сіңіріп, көшпенді өмір кешкен ата-бабамыз қолөнерімен де айналысып, тыныс-тіршілігі үшін күнделікті тұрмысына қажетті бұйымдарды жасаған. Соның ішінде қорғанысқа қажетті қару-жарақ түрлерін, тұрмыстық бұйымдарды темір мен ағаштан және тастан да жасап, пайдаланып отырған. Яғни бұл біздің жұртымыздың заманның ағымына қарай бейімделіп, өркениет көшінен кейін қалмағанын көрсетеді.

Ерте замандарда бабаларымыз, күнделікті тұрмысқа қажетті ұстаның құрал- саймандарын түйенің мойын терісін илеп, шынтақ ағаш қойып, ауа айдайтын науа мен ошақтан көрік жасап, темірді отқа қыздырып, тұрмыстық бұйымдар — мосыны, үштаған ошақты, қой қырқатын қырықтықты, аң аулайтын қақпанды, ат әбзелдері — ерді, сулықты, үзеңгі мен тағаны жасап, ұсталар ұсташылық дәстүрді қалыптастырған.

Өткен тарих беттерін парақтап, ел аузындағы әңгімелерге құлақ түрсек, Қарақұм, Жем бойы мен Сам құмында, Үстірт үстінде кешегі 18-19 ғасырда өмір сүріп өткен, ел ішінде руы құнанорыс Байқұл ұста, Қайшыбай ұста, Самда болған Дүкенбай ұстаның есімдері ел жадында. Он саусағынан өнері тамған бұл аталардың ұсталық өнерін жалғастырып жүрген өнерлі адамдар қазір де сирек те болса кездесіп қалады.

Қазіргі таңдағы техниканың жан-жақты жедел қарқынмен дауына қарамастан ерте замандардан бері қалыптасып, ата-бабамыздан өнегелі де өшпес өнер болып қалған, тұрмысымызға сіңген, ұлағаты мол ұлы дәстүрлердің бірі — ұсташылық үрдісті жалғастырып жүрген азаматтардың бірі, тіпті бірегейі деуге тұратын темір ұстасы Асқанбай Ділманұлы.

Бейнеу ауылында тұратын бұл ұстаның атын естіген соң ел ішінде сирек кездесетін қолөнерді дәріптеп, оның қыр-сырынан көпшілікке, әсіресе қазіргі жастарға аз да болса хабар берейін деген мақсатпен Асқанбай ұстаның үйіне әдейілеп барған едім. Осы сапардағы көрген-білгенімді, естіген әңгімемді, одан ойыма түйгенімді көпшілікпен бөлісуді жөн көрдім.

Асқанбай мен барғанда ұстаханасында қызу жұмыс үстінде екен. Көрігін қыздырып қойып, темірді төс пен балғаның арасына салып, соғып жатты.

Күн еңкейіп қалған соң мен уақытымды ұттырмайын деп негізгі әңгімемнің тақырыбына қарай тартып, сұрай бастадым. Оған қойған алғашқы сұрағым ұсташылықты қашаннан бастағаны жайлы болды.

«Мен, — деді әңгімені әріден бастаған Асқанбай, — 18 жасымда ұста болуға қызығып, темір-терсекті жинап, қасқырға құратын қақпан соғып үйреніп жүрдім. Бірақ жасаған қақпанымның серіппесі сына берді. Өзімше мұқияттап қанша рет істесем де жасаған серіппем сапасыз болып шығатын болды. Сосын бір күні ауылдасым Сансызбаймен кездескенде жасаған қақпанымның серіппесі сына беретінін айтқанымда ол: «Оның сынатын себебі бар. Ұста боламын деген кісі әуелі бұрынан ұсташылықпен айналысып жүрген кәнігі шебер ұстадан бата алуы керек. Әйтпесе істеген ісің, талпынған талабың алға баспайды», — деп Бейнеу ауылында Жөнеубай деген үлкен ұста кісіні сілтеді. Ол 1977 жылдардың шамасы еді. Содан мен ауылда көп іркілмей, Жөнеубай ұстадан бата алу үшін Бейнеуге келдім. Жөнеубай ұстаны сұрап, тауып, кездесіп, келген шаруамды айттым. Танысып, жөн сұрасқан соң руының Ескелді екенін білдім. Ол кісі менің айтқанымды ден қойып, тыңдады да ұстаханасына келіп, көрігін қыздырып, маған «Қолыңды жай» деп, батасын берді. «Мен құр аяққа бата жүрмейді» деген сөзді есімде сақтап, ауылдан апарған бір малымды беріп, ауылыма қайттым.

Сол сапарда Жөнеубай ұстадан бата алып, барғаннан кейін жасаған серіппем ешқашан сынбайтын болды. Халқымыздың жөн-жоралғылары мен ырымдарының, соның ішінде батаның себі тиіп, ісіңнің алға басатынына сонда көзім жетіп еді. Әне, сол жылдардан бері осы ұсташылық өнермен айналысып, жастарға үйретіп келемін. Мұны мен кәсіп қылып жүргенім жоқ. Менің мақсатым — ата-бабамыздан келе жатқан темірден бұйым жасайтын дәстүрді жалғастырып, оның қыр-сырын жастарға үйрету. Бұл бізге керек өнер. «Өнерді үйрен де жирен» деген қанатты қағида бар емес пе?! Өнерлі болғанның артықшылығы жоқ, күнделікті тыныс-тіршілігіңе қажет нәрсе.

Мақтанып айта берсем, менде өнер көп. Өзім — қақпанмен аң аулап, қасқыр алып, Маңғыстаудың ойы мен қырындағы елге атым шыққан аңшымын. Үй ішіміз далада мал бағып, тіршілік еткен жандар. Әкеміз 40 жыл түйе бағып, кейін 20 жылдай қой баққан нағыз майталман малшы болды. Матай құмында төрт түлікті түлеткен әулетпіз. Жас жігіт кезімде мал бақтым. Бұл жердің қасқыры көп. Ара-тұра малымызға ит-құс келіп, қасқыр шауып, малымызды қырып, әбігерге салатын еді. Содан жыртқыш аңның көзін құртайын деп қақпан құрып, қасқыр аулап үйрендім. Құрған қақпаныма қасқыр мен басқа да аң түспей қалған кезі жоқ. Қанжығам бос қайтпайды. Үйреніп қалған әдет қой, жасымның 60-қа келіп қалғанына қарамастан әліге дейін малға шапқан қасқырға қақпан құрып жүрмін», — деп соққан қақпандарын көрсетті.

Асқанбай Ділманұлы

Осы жерде Асқанбайдың әңгімесін бөліп, «Асеке, қақпанды қалай және қандай жерлерге құрасың?» деп сұрадым қызығушылықпен. Сонда ол: «Мен қақпан құратын кезде аңның жүретін жерлерін шамалап, байқаймын. Содан соң «Осы жерге құрсам-олжалы боламын-ау» деймін де құрып кетемін».«Жемтік саласың ба?» деп едім, ол: «Жоо-оқ!.. Ештеңеде салмаймын. Қақпанды кейде ашық, кейде бетін көлегейлеп құрамын. Арадан бір-екі күн өткен соң қақпаннан хабар алып, түскен аңды алып қайтамын. Қақпанның шынжырына бекітілген тармақталған ілмегі бар. Түскен аң қақпанды көп ұзаққа сүйрете алмайды, өйткені әлгі ілмек бұтаға ілініп қалады да ешқайда жібермейді. Егер қасқыр түссе, ызаланып, ашумен әуелгі кезде 100 немесе 200 қадамдай жерге дейін сүйрейді де, әбден діңкесі құрып, шаршаған соң ол да жатып қалады. Аңның ішінде қасқыр өжет қой, қақпанға түсіп жатса да соңғы демі біткенше бар күшін салып арпалысады. Сол кезде өте сақ болу керек. Ызалы қасқыр адамға қауіп төндіріп, жарақаттауы мүмкін.

Мен өмірімде аңды көп аулаған 1980-90 жылдарда шамамен 300-дей қасқырды қақпанмен алған шығармын. Ол кезде малға шабуыл жасаған қасқырды аулап, қолға түсірсең, беретін сыйлық бар еді. Терісін заготконторға тапсырып, ақша алатынмын. Менің аңшылығым жайлы қысқаша айтарым осы», — деді аңшы Асқанбай.

«Асеке, енді сіз әңгіменің басында қақпанның серіппесі сынып қала береді деп едіңіз. Серіппенің атқаратын қызметі күшті ме?» дедім, сырын білгім келіп. Сонда ол: «Иә, қақпанның сапасы оның серіппесінің серпімділігіне тікелей байланысты болады. Серіппе серпімділік қасиетке ие, қатты болат темірден жасалған серіппе мықты болуы керек. Әйтпесе қақпанға түскен аңның аяғын қысқан ауызын ұстап тұра алмай, жіберіп қояды. Немесе жасық болса,серпімділігі төмен болып, қақпанның ауызы шаппайды. Серпімділік қасиетінің керек жері міне, осында». Осы кезде мен: «Асеке, құпия болмаса, қақпанның серіппесінің жасалу технологиясын айтсаңыз қайтеді?» деп едім, әуелі «Оны айтуға болмайды ғой» деп күлді. Содан соң «Серіппе жасайтын темірді таңдап аламыз. Ол өте қатты болат темір болуы керек. Темірді көрікке салып, қашан аппақ болып қызғанша отқа ұстаймыз да, содан кейін бұйымды жасау үшін темірді төстің үстіне қойып, балғамен соғып шыңдап, бұйымды жасаймыз. Бұдан соң мұздай суға салып, суарамыз. Судан шығарып, 15 минуттай қоямыз. Суарған соң қайтарамыз. «Қайтару»  дегеніміз — темірдің беріктігін арттыру әдісі. Темір пеште 20 минуттай жатуы керек. Суарып, қайтару кезінде темірдің қызуын қызыл қарағайдан жасалған құралмен қызып тұрған темірге ысқылап, байқау әдісін қолданамыз. Бұйымды суыту үшін бойындағы қызуы біршама уақыт сақталатын жылы жерге қояды. Оның суығанын қолымызбен ұстағанда алақанымызға ысуы батпауынан білінеді. Яғни алақанға ыстық өтпесе, бұл темірдің суығаны болады. Яғни бұл жасаған бұйымымыз дайын болды деген сөз. Темірден бұйым жасаудың мен іс-тәжірибемде қолданып жүрген әдіс-тәсілі, технологиясы міне, осындай», — деп әңгімелеген ол соңында «Мен тағы да қайталап айтайын, менің негізгі ойым-халықтың қолөнерін ұрпақтан-ұрпаққа үйретіп, дәстүрді дәріптеу. Осындай мақсатпен қазіргі кезде өнерімді Бауыржан деген балама үйретіп жүрмін», — деп түйіндеді әңгімені.

Осы тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйінінде мен ұлы даламызда көшпенді өмір сүріп өткен ата-бабаларымыздың өркениет көшінен қалмай, тұрмыс-тіршілігіне қажетті бұйымдарды темірден жасау технологиясын меңгеріп, ұлағатты істерін кейінгі ұрпағына өшпестей мұра қылып, ізгілікті дәстүр қалдырғанын ұқтым. Сонымен қатар осы көне дәстүрді дәріптеп, өшпес қолөнерін өзінен кейінгі буын өкілдеріне, ұрпаққа үйретуді шын ықыласымен ниет еткен Асқанбайдай азаматтың өнеріне ризашылықпен тәнті болдым.

К.БӨКЕНБАЙТЕГІ

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікір жолын бос қалдырмаңыз!
Аты жөніңізді жазыңыз