Түпқараған ауданы Ақшұқыр ауылындағы кейбір үйлерге құбыр арқылы ауыз су бармай отыр екен. Бұл мәселені қоғам белсендісі Римма Өтесбаева көтеріп, 3 қаңтарда Facebook әлеуметтік желісіндегі парақшасында ауыз судың келмегеніне 14 күн болғанын жазған еді.

Осыған орай 4 қаңтар күні Түпқараған ауданы әкімдігінің ұсынысымен арнайы топ құрылып, ауылдағы ауыз сумен қамтуда туындаған мәселелерді тексерді. Түпқараған ауданы әкімдігі аппаратының басшысы Бисенғали Кенжалиев, Ақшұқыр ауылы әкімі Айсағали Нұғманов, Ақшұқыр ауылдық «Коммуналдық қызмет» МКК басшысы Али Қоразов пен қоғам белсендісі Римма Өтесбаевадан құралған арнайы топ жағдайды өз көзімен көріп танысты.

Бақылау-тексерістің нәтижесінде Ақшұқыр ауылындағы 160 үйге су құбырмен келмей тұрғаны анықталды. Судың құбырмен келмеу себебі – бұрынғы салынған құбыр жер бетіне тым жақын шығып кетіп, қыста ауа райының температурасы төмендегенде қатып қалған. Соның салдарынан су құбыр бойымен жүрмей қалған.

Арнайы топ құбыр арқылы су келмей отырған үйлерге барып, тұрғындармен тілдесіп, мәселенің мән-жайын түсіндірген. Бұл үйлерге ауыз су көлікпен 3 күнде жеткізіліп отыр.

Түпқараған ауданы әкімдігінің мәліметінше, қазір ауылға 1300-1500 м3 ауыз су келіп тұр. Оның 700-900 м3 су құбырымен берілсе, 250-300 м3 көлікпен жеткізіледі екен.

Түпқараған ауданы әкімдігінің баспасөз қызметінің хабарлауынша, Ақшұқыр және С.Шапағатов елді мекендері бойынша 3799 тұрғын үйді, 145 кіші және орта кәсіпкерлік нысанын, 7 мемлекеттік мекемені тұрақты электр энергиясымен және ауыз сумен «Коммуналдық қызмет» МКК қамтамасыз етіп отыр.

«Кәсіпорыннан 6 дана және мемлекеттік сатып алу конкурсы арқылы жалдамалы 8, барлығы 14 су тасу көлігі жұмыс істейді. Ақысы төленгеннен 3-10 күн ішінде ауыз су тапсырыс берілген үйге жеткізіліп отыр. Суға сұраныс көбейген кезде қосымша су тасу көлігі де қаралады», — дейді аталған мекеменің басшысы Али Қоразов.

Тексеріс нәтижесінде мәселені оңды шешу жолы талқыланып, нақты шаралар қабылдауға тапсырмалар берілген. Айта кетелік, аудан әкімдігі тарапынан Сайын Шапағатов ауылы мен Ақшұқыр ауылының су құбырларына жөндеу жүргізу жоспарға кіргізілмек.

Ақкенже БЕРКЕНОВА

Суретті түсірген Талант ҚҰСАЙЫН

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікір жолын бос қалдырмаңыз!
Аты жөніңізді жазыңыз