Бүгін БАҚ өкілдері «Ақтау қалалық жедел және шұғыл медициналық жәрдем станциясы» қызметінде болып, жұмыс барысымен танысты. Тәулік бойына үзіліссіз жұмыс істейтін мамандардың күн тәртібін, әрқайсысының міндеттерін жақыннан біліп қайттық.

1 шағынауданда орналасқан станцияда күніне жедел шақыртуларға шамамен 15 көлік қызмет көрсетеді. Ал жалпы облыс бойынша 42 көлік бар.

«Диспетчер 103 пульсіне түскен қоңырауды қабылдап, ақпаратты жазып алып, бас диспетчерге жолдайды. Бас диспетчер оны бригадаларға бөледі. Мысалы кардиологиялық көмек қажет науқастарға кардиологиялық бригаданы жібереді. Ол қай бригада баратынын анықтап, шақырту түскен мекен-жайға жақын маңдағы бригадамен рация арқылы байланысады. Бұл жерде арнайы GPS-навигаторы бар. Қала бойынша емделушілерге жедел көмек көрсететін 1, 12 және 34 шағынаудандарында қосалқы станцияларымыз жұмыс істейді», — дейді сапалы медициналық қызмет көрсетуді бақылау бойынша директордың орынбасары Жайнагүл Ілиясова.

Жедел жәрдемдегі 1 күн: Ақтауда 103-ке тәулігіне 300 қоңырау түседі

Айта кетейік, 2018 жылы 8 қаңтарда «Жедел жәрдем» қызметіне бірнеше өзгеріс енгізілді. Соған байланысты науқастарға 4 категориялы қызмет қарастырылған.  Алғашқы 3 категорияда денсаулығына, өміріне қауіп төніп тұрған, медициналық көмекке мұқтаж жандарға жедел жәрдем станциялары арқылы көмек көрсетледі. Оған шұғыл қызмет 10-15 минут ішінде (3-котегрияда 30 минутқа дейін) баруы тиіс. Ал 4-категориялы көмек өміріне және денсаулығына аса қауіп жоқ, зақым келмейтін жағдайда емхана деңгейінде көрсетіледі.

Мұндағы жедел жәрдемге күніне 300-ге жуық шақырту түседі екен.

«Мысалы бүгін 280 қоңырау болды. Оның шамамен 40-ын емханаға жолдаймыз. Кешке дейін тағы бірнеше шақырту түседі», — дейді Жайнагүл Серікқызы.

Мамандар (бас дәрігер, арнайы бригада, диспетчер) 4 ауысымда 24 сағат бойы тоқтаусыз қызмет көрсетеді. Диспетчер бригадамен байланысқа шыға алмаған жағдайда олардың қайда екенін GPS-навигаторы  арқылы көріп отырады.

«Жалған қоңырау шалатындар, әзілдеп хабарласатындар да кездеседі. Оларды құзырлы огандарға хабарлап, тапсырамыз. Сондай-ақ бізде пациенттерді қолдау қызметі жұмыс істейді. Жедел жәрдем қызметіне көңілі толмаған, сапасыз ем жасалған болса, науқас 30 84 18 және 8708 430 84 18 нөмірлеріне хабарласа алады. Қоңырауларға өзім жауап беремін. Арыз-шағымдарды 5 тәулік ішінде қарастырып, жауабын айтамыз», — дейді Жайнагүл Ілиясова.

Жедел жәрдем жұмысына шолу жасаған соң шұғыл шақырту бойынша дәрігерлермен бірге 2 шағынауданға бардық. Ауыр жағдайдағы науқас «ми комасы» деген алдын ала диагнозбен жан сақтау бөліміне жеткізілді.

Жедел жәрдемдегі 1 күн: Ақтауда 103-ке тәулігіне 300 қоңырау түседі

Көлік жүргізушілері тар көшелермен, үй арасымен жүргенде көліктің ықшам болуы да көп көмектесетінін айтады.

 «Мұнда қызмет еткеніме 9 жылдан асты. Күніне шамамен 15 шақыртуға барамыз. Станциядан шақырту түскен мекен-жайға 5-20 минут аралығында жетеміз», — дейді жедел жәрдем көлігінің жүргізуші Есенгелді Ерболатов. Бүгінде тәжірибелі жүргізуші кез келген мекен-жайды картасыз оңай тауып барады.

Жедел жәрдемдегі 1 күн: Ақтауда 103-ке тәулігіне 300 қоңырау түседі

Таңғы сағат 8-ден көз ілмей байланыста отыратын, шақыртуға жүгіре жететін бұл мамандар әрбір науқастың денсаулығы мен өміріне жауапты. Келесі таңды атырып, кезекті әріптестеріне тапсырады. Шақыртулардың сирек түсуі, тұрғындардың дені сау болуы — олардың басты тілегі.

Теңге БЕКМҰРЗАЕВА

Суреттерді түсірген Талант ҚҰСАЙЫН

 

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікір жолын бос қалдырмаңыз!
Аты жөніңізді жазыңыз