балабақша Жетібай

Жарық дүниенің есігін ашқан әр сәби – қоғамның бір мүшесі. Ол сол сәттен-ақ балабақша кезегіне тұрады, мектепке дейінгі тәрбие және үкіметтік қамқорлықтармен қамтылады.

Бұдан соң мектепке барады. Міне, өз кезегімен алға жылжитын өмір заңы білім беру саласындағы толып жатқан ережелер мен қағидаларға сәйкес жүзеге асып отырады. Мәселен, мектепке дейінгі ұйымдарға тіркеу, қабылдауға жолдама алу, т.б. шаралар бүгінгідей электрондық үкімет жүйесінде қалай жүзеге асып жатыр? Осы мәселелер төңірегінде Қарақия аудандық білім бөлімінің басшысы Келдімұрат Дауырбаевқа бірнеше сауал қойған едік. Ендеше, шағын сұхбатты назарларыңызға ұсынайық.

Келдімұрат Түгелбайұлы

— Келдімұрат Түгелбайұлы, қазіргі таңда Қарақия ауданф бойынша мектепке дейінгі қанша ұйым жұмыс жасайды?

— Ауданда 20 мектепке дейінгі ұйым, оның ішінде 15 мемлекеттік балабақша, 2 жекеменшік балабақша, 2 толық күнді және 1 жарты күнді мектеп жанындағы шағын орталықтар жұмыс жасайды.

— Ауданда мектепке дейінгі ұйыммен қанша бала қамтылған? 

— Аудандағы 20 мектепке дейінгі ұйымда 2001 бала тәрбиеленуде. Оның ішінде (мемлекеттік балабақшаларда 1812, жекеменшік балабақшаларда 86, мемлекеттік шағын орталықтарды 103 бала). 1-6 жас аралығында балаларды қамту – 76,7%, 3-6 жас аралығында балаларды қамту – 99,7% пайызды құрайды.   Кезекте барлығы –1946, (1-6 жас аралығында – 884, 3-6 жас аралығында – 7).

— Мектеп жасына дейінгі балаларды мектепке дейінгі ұйымдарға кезекке қою қалай жүзеге асырылады?

— Мектеп жасына дейінгі балаларды мектепке дейінгі ұйымдарға кезекке қою e.openmangystau.kz жүйесі арқылы әр ата-ананың жеке ЭЦҚ кілті арқылы жүзеге асырылады. Және де осы жүйе арқылы мектепке дейінгі ұйымға қабылдау үшін жолдаманы да ала алады.

— Бүгінге дейін мектепке дейінгі ұйымға қабылдау үшін жолдаманы ата-аналар білім бөлімінен алатын еді, қазір барлығы осы жүйе арқылы жүргізіле ме?

— Ия, қазір мектепке дейінгі жастағы балаларға арналған мектепке дейінгі ұйымдарға жіберу үшін кезекке қою және мектепке дейінгі ұйымға жолдама алу барлығы осы жүйе арқылы жүргізіледі.

— Осы жүйе бойынша ата-аналарға, ауыл тұрғындарына айтарыңыз бар ма?

— Әрине, барлық аудан тұрғындарына, ата-аналарға айтарым, Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің «2018-2020 жылдарға арналған цифрлық экономика үшін адами капиталды дамыту жөніндегі жол картасының» талаптарына сәйкес әр адамды жеке ЭЦҚ кілтін алып, электронды жүйе арқылы жұмыс жасауға шақырамын және алдағы уақытта барлық білім беру мекемелерінде «e.openmangystau.kz» жүйесі арқылы халыққа қызмет көрсетілетіндігін ескерте кеткім келеді.

— Сұхбатыңызға рахмет. Алдағы уақытта аудан тұрғындары осы жүйе қызметін пайдаланатын болады деген сенімдемін. Іске сәт!

Шынар КЕНДІН

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікір жолын бос қалдырмаңыз!
Аты жөніңізді жазыңыз