maikl mister Майкл Малутчи

«Ұстаздық еткен жалықпас, үйретуден балаға» деген ұлы Абайдың сөзін Майкл мырза да дәлелдеп жүр. Африка топырағында туып, Лондонда қызмет еткен ол бүгінде қазақ балаларына математиканың қыр-сырын үйретіп жүр. «Назарбаев зияткерлік мектептерінің» дамуына қосқан үлесі үшін бірнеше рет Алғысқа да ие болған. Ақтаудағы зияткерлік мектепке барып мұғалімнің өзімен тілдесіп қайтқан едік. Майкл Малутчи қазақ даласына келген 7 жылда не өзгерді, не түйді? Өзі айтып берсін.

— Қайырлы күн, Майкл мырза. Әңгімемізді Назарбаев зияткерлік мектебіндегі қызметіңізден бастасақ. Мұнда қалай келдіңіз? Арнайы шақырту болды ма?

— Қайырлы күн. Лондон қаласында мектепте математика департаментінің басшысы қызметін атқардым. 11 жыл тапжылмай бір жерде жұмыс істеген соң болуы керек, өмірімде бір өзгеріс жасауды қаладым. Сөйтіп шетелде қызмет ету жайлы ойға келіп, жұмыс іздестіре бастадым. Қытайдың бір мектебінен лайықты жұмыс табылып, келісімімді беріп қойғанмын. Сол кезде Қазақстандағы Назарбаев мектебіне де маман іздеп жатқаны туралы хабарламаны байқадым. Бірақ мұнда ұсыныс білдіргендер аз екенін байқаған соң, Қазақстанға келейін деп шештім. Дәл сол тұста қазір мектепте бірге жұмыс істеп жатқан Камс мырзаны кездестіріп қалып, оны да Қазақстанға келуге көндірдім. Камсты университеттен бері танимын, 36 жылдан бері араласып келеміз. Сөйтіп екеуміз Семей қаласындағы Назарбаев зияткерлік мектебіне келіп, қызметімізді бастадық.

— Одан бұрын Қазақстанға келіп пе едіңіз? Жалпы қазақ халқы жайлы естіп, біліп жүр ме едіңіз?

— Жоқ, сол кезде алғаш келдім. Бұл ел туралы көп білдім дей алмаймын. Тек Кеңес Одағының құрамында болған мемлекет екенінен ғана хабарым бар. Сондай-ақ Семей полигоны туралы жиі естігенмін, тіпті Семейге келерде осы үшін алаңдаушылық та болды. Бірақ бәрі жақсы.

— Қазақстанға келуге не түрткі болды? Елдің өзі ме әлде мектептің оқыту жүйесі ме?

— Жоғарыда айтқанымдай, өмірімде бір өзгеріс жасауды қаладым. Назарбаев мектебіндегі математика пәнінің оқыту бағдарламасымен танысқан кезде дәл мен сабақ бергім келетін жүйе екенін білдім. Себебі менің бұрынғы жұмыс істеген мектебіме қарағанда Қазақстандағы математиканың деңгейі жоғарырақ.

— Көптеген шетелдік мектепте сабақ бердіңіз? НЗМ оқушыларының басты айырмашылығын, ерекшелігін айта аласыз ба?

— Ерекшелікті оқушылардан байқадым. Олар білімге өте құштар, жаңа нәрсені үйренуге талпынып тұрады. Бұған дейін мен Семейдегідей мотивациялы оқушыларды кездестірмеген екенмін. 2011 жылы Семейге алғаш келгенде маған ол жер кедей аймақ сияқты көрінді. Кедейліктен шығудың жолы тек – білім алу.

— Ал Семейден Ақтауға қалай келдіңіз?

— Ой, ол өте ұзақ әңгіме (күліп). Барынша қысқартып баяндауға тырысайын. Семейде 5 жыл жұмыс істеген соң елге қайтуды ойладым. Өйткені барлық іс-тәжірибемді қолданып көрдім, бұл шетелдегі тәжірибе жеткілікті болды деп есептедім. Сол тұста Семейдегі мектепте менімен бірге Ринат Жұмабаев та математикадан сабақ беретін. Ол Финляндияға барған сапарында қазіргі директорымыз Ермек Пайзовпен танысып, достасып кеткен екен. Ермек Пайзов Ақтаудағы НЗМ-не директор болып келгенде  Ринат Жұмабаевты шақырады. Артынша менің еліме қайтқалы жатқанымды білген Ринат мені де Ақтаудағы мектепке шақырып, осында қалуға көндірді. Өзім келіскен соң енді мен Камс мырзаны осында келуге көндірдім (күліп). Ол физикадан дәріс береді. Семей, Қызылорда қалаларында, Қытайда қызмет етіп келген.

— Шынында, өте қызық жағдай болған екен. Ал Қазақстандағы оқу жүйесінен қандай айырмашылық байқадыңыз?

— Ұлыбритания мен Қазақстанның оқу жүйесіндегі басты айырмашылық – мұнда тек қана математиканы үйретеді. Әлемнің ең мықты математиктері осында. Бірақ Қазақстанда кейде математиканы өмірде қолдануды (ауруханада, банкте) білмей жатады. Дегенмен қазір біртіндеп бұған келе жатырмыз.

— Сіздің ойыңыздағы ең жақсы оқушыны үш сөзбен сипаттап беріңізші.

— Үш емес екі сөзбен айтайын: «Just Intelligent» — ақылды оқушы.

— Сіздіңше «қабілет» деген не? Ол тұқым қуалайтын, генмен берілетін нəрсе ме, əлде еңбектің, ізденістің арқасында келетін дүние ме?

— Екеуі арқылы да. Оны өз шәкірттеріме қарап айта аламын. Мәселен, менің қолданбалы математика туралы ештеңе білмейтін шәкірттерім болған. Бірақ оған өзі өте жақсы білетін математиканы өмірде қолдану әдісін үйреткенімде бірден түсінді. Қазақстандағы бірнеше шәкіртім шетелде білім алып, осы қолданбалы математикадан диплом, диссертация қорғаған. Сондықтан туабітті қабілет те керек, оны дамытатын еңбек те қажет.

— Қазақстанға келгеніңізде сізді не таң қалдырды ?

— Камс мырза екеуміз Семейге алғаш келгенімізде қаладағы қара нәсілді адам тек екеуміз болған шығармыз (күліп). Оқушылар, ұстаздар, көшеде көргендер, барлығы таң қалатын. Бізбен суретке түскісі, танысып, сөйлескісі келетін. Мұндағы халық өте жылы шырайлы, қамқор.

— Бұл жердің климатына, тұрғындарына, тағамдарына тез үйрендіңіз бе ?

-Бейімделу оңай болған жоқ. Алғаш жаз мезгілінде келгенде өте ыстық болды. Күз мезгілі өте қолайлы, бірақ қыс ерте түседі екен және қазаннан наурыз айына дейін созылады. Сол жылы біздің өміріміздегі тым суық қыс болды. -52 градусқа дейін суытып, тіпті кірпіктерімізге қырау қатып қалған еді. Қысқасы, Семейде аман-сау қалсаңыз, кез келген жерде өмір сүре аласыз (күліп). Ал Ақтауда желтоқсан айы келсе де әлі күн райы жылы. Тағамдарға келсек, қазақ асханасы Африка асханасына өте ұқсас. Бұл жағынан жолым болды. Май, қуырылған тағамдар жиі қолданылады, фаст-фудты сирек тұтынады. Ал бешбармақ пен кәуаптың жөні тым бөлек, өте дәмді.

— Адам ортасын өзгертеді, сол сияқты Адамға тұрған ортасы да əсер етеді. Қазақстандағы тұрмыс сізді өзгертті ме?

-Жалғыздыққа үйрендім. Өзім ғана тұрғандықтан, асты өзім әзірлеуіме тура келді. Қазір өте жақсы аспазбын дей аламын. Тіпті отбасыма барғанда бәрі менің дайындаған тағамымды жегісі келеді. Сонымен қатар Қазақстанға келуім мені маман ретінде шыңдады. Ақылды оқушылармен жұмыс істеудің арқасында өзімді де дамыттым. SAT, NUFYP емтихандарына бірнеше оқушыны дайындадым. Дайындық курстарына арнап әзірлеген нұсқаулықтарым барлық НЗМ-де қолданылып жүр.  (SAT – шетелдік оқу орындарына, NUFYP – Назарбаев университетіне түсуге арналған емтихан). Шынымды айтсам, мұнда 5 жылда атқарған жұмысым Ұлыбританияда 10 жылда жасаған жұмысыммен пара-пар.

— Өзіңіз араласатын қазақтардың бойынан сізге ұнайтын жəне ұнамайтын қасиетті атасаңыз.

— Семей халқы тілтабысшық, кез келген сәтте көмекке әзір. Ақтаудағы қазақтар да солай, бірақ өте ұстамды келеді.

— Мектепте француз үйірмесін жүргізеді екенсіз. Жалпы қанша тіл білесіз? Қазақстандықтармен түсінісу қиынға соқпай ма?

— Ағылшынша, французша және төрт африкалық тіл білемін. Олар: лингала, чилуба, киконго, суахили. Қазақша түсінбеймін, орызша аздап түсінемін.

— Өзіңіз, отбасыңыз жайлы айтып беріңізші. Олардан жырақ жүру қиын емес пе? Жиі барып тұрасыз ба?

— Конгода туып, өстім. Мектепті сонда аяқтадым. 1990 жылы Лондонға магистратураға түсуге келіп, сонда тұрақтап қалдым. Сонда жарымды кездестіріп, отбасын құрдым. Қазір үш балам, үш немерем бар. Олар Лондонда тұрады, алғашында олардан жырақ жүру қатты қиынға түсті. Қазір үйрендім, екі ай сайын барып тұрамын.

— Майкл мырза, әңгімеңізге рақмет. Жұмысыңызға табыс тілеймін.

— Сізге де рақмет!

П.С. Біз әңгімелесіп бола бергенде ішке қоңырау соғылды. Майкл ұстаз оқушыларды халықаралық емтиханға дайындау сабағына кірісіп кетті. Сабағы аяқталған соң біздің оқырмандарымызды келе жатқан Тәуелсіздік күнімен құттықтауға да уақыт тапты. Төмендегі бейнежазбадан көре аласыз.

Әңгімелескен Теңге БЕКМҰРЗАЕВА
Суреттер мен бейнежазба авторы Рысгүл РАМАЗАНОВА
Аудармашы Айдана РАМАЗАНОВА

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікір жолын бос қалдырмаңыз!
Аты жөніңізді жазыңыз