Дәрігер

Маңғыстаулық дәрігерлер түйемен соғысқан көлікте болған әйелдің беті бері қарап, жалпы палатаға ауыстырылды. Бұл туралы mangystaumedia.kz сайтына Маңғыстау облыстық денсаулық сақтау басқармасы хабарлады.

«Әйел адам жан сақтау бөліміне өте ауыр жағдайда түсті. Оған ашық бас сүйек-ми жарақаты, бас миының ауыр жарақаты, 1 дәрежелі кома, бет сүйегінің сынуы, көкірек қуысының жабық жарақаты, өкпе жарақаты деген диагноз қойылды. Нейрохирургия бөлімшесінің дәрігерлері зардап шеккен әйелді аман сақтап қалу үшін тиісті ем-домды жасады», — деп хабарлады Маңғыстау облысы денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызметі.

Келіншек бір аптадан астам уақыт өкпені жасанды тыныс алдыру аппаратына қосулы болды. Сонымен қатар, қарқынды терапия қолданылған.

«Дәрігерлер жол апатында зардап шеккен келіншекті 4 желтоқсан күні нейрхирургия бөлімшесінің жалпы палатасына ауыстырды. Енді келіншектің бет сүйегіне ота жасау жоспарланып отыр», — деп мәлімдеді денсаулық сақтау басқармасындағылар.

Айта кетелік, жол-көлік оқиғасы 21 қарашадан 22-не қараған түні «Ақтау-Жетібай» тас жолында болған. Маңғыстау облыстық ауруханасына бір ер адам мен әйел адам жеткізілген. Ер адам алғашқы көмек көрсетілгеннен кейін ауруханаға жатудан бас тартқан. Ал әйел адам ауыр жағдайда жан сақтау бөліміне жатқызылған.

Камшат ОҢҒАЛТАЙ,

Суретті МО Денсаулық сақтау басқармасы ұсынды

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікір жолын бос қалдырмаңыз!
Аты жөніңізді жазыңыз