1 желтоқсан — Тұңғыш Президент күніне орай аудан жастарының ұйымдастыруымен «Жаңғырған елдің — жаңа бағдары» тақырыбында дөңгелек үстел өтті. Түпқараған аудандық жастар ресурстық орталығының ұйымдастыруымен өткен дөңгелек үстелге Елбасымен кездескен Түпқараған аудандық мәслихатының хатшысы Айкүміс Досанова және Елбасының Маңғыстау облысына сапарларында сұхбат алып, суретке түсіру мүмкіндігіне ие болған журналист Айсағали Қыдыр шақырылып, әр саланың жастары қатысты.

Жастар Елбасының «Ұлы даланың жеті қыры» атты бас мақаласы төңірегінде пікір білдіріп, Елбасымен кездескен қонақтар естеліктерін тыңдады.

Ауданда Елбасын жақыннан көріп, онымен тілдескендер көп емес. Қызмет барысында Елбасының Маңғыстауға сапарларында немесе өзге де тарихи сәттерде онымен жүздесу, жақын жүру бәріне бұйыра бермесі анық. Алшақ жатқан ауданда олар тіптен саусақпен санап алатындай. Солардың бірі – аудандық мәслихат хатшысы Айкүміс Сәрсенғалиқызы Елбасымен қызмет бабында 3 рет кездескен. Алғашқы кездесуі — Қазақстан Коммунистік партиясының кезектен тыс съезіне қатысып, партияны тарату жөніндегі соңғы отырысында болып, онда сөз алған ол сол съезде мандатына Елбасының қолтаңбасын естелік үшін қойғызып алған екен. Екінші рет кездескенде Тараз қала- сында өткен әйелдер форумына қатысып, туған күніне тұс келген форумда Елбасы қолынан «От Президента» деген жазбасы бар Чайка маркалы сағатты сыйға алады. Үшінші кездесуі — облысымыздағы «Нұр Отан» партиясының кеңсесі ашылған кезде Елбасы Айкүміс Сәрсенғалиқызын өзі қасына шақырып, қолын алып жатқан сәтті облыстағы белгілі фотограф Серік Майемеров объективіне іледі. Осындай Елбасы қолынан сый алған Айкүміс Сәрсенғалиқызы оның көреген саясаткерлігі мен көшбасшылық қасиеттерінен де жастарға естеліктер айтты.

Шарада қонақ болған Айсағали Қыдырдың естелігі тіптен бөлек. Елбасының Маңғыстауға сапарында суретке түсіріп, сұхбат алу бұйырған өлкеде журналистер көп емес. Соның ішінде өңірлік журналистерге ондай мүмкіндік бола бермейді. «Маңғыстау» газетінің атынан Елбасынан алғашқылардың бірі болып, 2005 жылы сұхбат алған Айсағали Қыдыр.

Бір суреттің тарихы: Елбасымен сұхбат

— Протокол бойынша сұхбат алынуы керек болатын. Тақырыбы белгілі. Ол сұхбатты «Маңғыстау» газетінің бас редакторы Маңдайлы Қосымбай мен «Огни Мангистау» газетінің бас редакторы Петр Долматов алуы керек еді. Екеуі де дайын, белгіленген уақытты күтіп отыр. Алайда бізге белгісіз себептермен сұхбат беру уақыты өзгеріп, тез арада сұхбат ұйымдастыру керек болды. «Бұл газеттерден басқа кім бар?» дегенде А.Қыдыр мен Т.Бутырина бар деген ұсыныспен (азды-кемді анықтама алынған болуы керек) сұхбат алу мүмкіндігі бізге тиді. Президенттің баспасөз хатшысы Мұхтар Құл-Мұхамбет қысқаша сұхбат тақырыбын түсіндірді, отыратын жерімізді көрсетіп, Президент келгенін күттік. Президент келді. Алдымен мен бастадым. Осы сұхбаттың алдында «Казмортрансфлоттың» алғашқы кемесі «Астана» таныстырылып, Қазақстанның теңіз-тасымалдау компаниясының құрылғаны жарияланған болатын. Мен осындай флоттың құрылуының маңызы туралы сұрақ қойдым. Ұмытпасам, Н.Бутырина Каспий теңізінің стратегиялық маңызы туралы сұрақ қойған болуы керек. Екеуміз де толықтай жауабымызды алдық. Аяқ астынан осындай бақытқа ие бола қалдық, — деп еске алады. Сол сұхбат кезінде журналист Айсағали Қыдырдың сұрақ қойысы мен сөз саптасына Құл-Мұхаммед «Сен өзің фототілшісің бе, жазатын журналиссің бе?» деп таңданған екен. Айсағали Қыдыр «Бәрімін» деп жауап беріпті. Шынында да Елбасының Маңғыстауға келген сапарларында өлкедегі қазақ журналистері ішінде Айсағали Қыдырдың ғана суретке түсіруге рұқсаты болатын. Ол 1990 мен 2005 жылдар аралығында Президенттің Маңғыстауға келген сапарларынан 24 рет сурет түсірген. Бәрі де – тарихи сәттердің куәсі. Ол «Парасат» ұйымы төрағасы болған «Сайын Шапағатов және Президент Н.Ә.Назарбаев», «Президент оқу-жаттығу алаңында сарбаз- дармен», т.б. сияқты суреттерді түсіріп, бірнеше тарихи сәттердің куәсі болып, өзінің тарихи суреттері арқылы елді де, облыстық баспасөз арқылы халықты да қуантты.

Милана ЕЛЕУСІНОВА

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікір жолын бос қалдырмаңыз!
Аты жөніңізді жазыңыз