Абай атындағы мәдени-демалыс кешенінде «Жастар сыйлығы — 2017» дәстүрлі премиясы өтті. Жалынды жастардың жүлдесі жыл бойы зор еңбегімен еленген, толағай жетістіктерімен көзге түскен үздіктерге бұйырды. Марапат иегерлерін Ақтау қаласы әкімінің орынбасары Гүлмира Қалмұратова құттықтады.

— Мұндай байқаулар жастардың еңбегін бағалап, игі бастамаларына қолдау көрсетеді. Сондай-ақ әртүрлі салада адал қызмет етіп, елдің дамуына үлес қосып жүрген жас мамандарды алға ұмтылуға, талапты да табанды, білімді де еңбекқор болуға шақырады. Жеңімпаздарды шын жүректен құттықтаймын, шығармашылық табыс тілеймін,-деді қала әкімінің орынбасары.

«Ақтау қалалық жастар орталығының» мұрындық болуымен өткен премияда 9 аталым бойынша жеңімпаздар анықталды. Білім, спорт, құқық және басқа да салалардан биік белесті бағындырып, еңбегі жанған мықтылар халық алдында ду қошеметпен марапатталды. «Үздік спортшы» номинациясында бокстан Қазақстан Республикасының Халықаралық дәрежедегі спорт шебері Ерік Мәлікұлы танылса, «Жас мұнайшы» болып «Қаламқасмұнайгаз» өндірістік басқармасы №4 мұнай-газ өндірістік кешеннің операторы Ерболат Ещанов атанды. Тәртіп сақшыларынан топ жарып, «Үздік құқық саласының қызметкері» аталымы бойынша Ақтау қаласы ішкі істер басқармасының криминалдық полиция бөлімінің аға жедел уәкілі, полиция капитаны Мұратжан Булатов, «Ерікті көмекші» М.Тынышбаев атындағы Ақтау көлік колледжінің студенті Ануар Тәжіғұлов бас жүлдені иеленді. Маңғыстау телеарнасының журналист-редакторы Ақсындар Шораева «Жас журналист» атанса, «Жас мұғалім» жүлдесін Ақтау қаласы, №13 гимназиясының биология пәнінің 1-ші санатты мұғалімі Бахтыгүл Мырзабекова қанжығалады. «Ата заңым, асыл заңым-қуатым» атты қалалық шығарма жазу байқауының І орын иегері, Оралхан Бөкей атындағы көркемсөз оқу шеберлігінің бас жүлде иегері Ыхлас Табунаев «Жас ақын» атағына лайықты болып танылды. Ақтау қалалық ішкі саясат бөлімінің бас маманы Қуандық Баймуханов «Жас мемлекеттік қызметкері», «XXI ғасыр жас ғалымы» оқушылардың республикалық ғылыми жобасының жеңімпазы, Дубай қаласында «Достық» форумының аясында өткен ғылыми-тәжірибелік конференциясының гран-при иегері Айнұр Аманғалиева «Жас ғалым» атанды.

— Жастар – еліміздің болашағы. Елдің мерейін, абыройын асыруға талпынған жастарға қолдау көрсетіп, байқауды ұйымдастырған жандарға алғысымды білдіргім келеді. Бұл жеңісім – биікке бастар алғашқы қадамым. Жастар үшін елді гүлдендіріп, халықтың ыстық ықыласы мен риясыз ризашылығына бөленуден артық марапат жоқ,- деп ақтарыла сөйледі «Жас мемлекеттік қызметкер» аталымының жеңімпазы Қ.Баймұханов.

Премия соңында танымал әнші Бауыржан Ретбаев халыққа арнап ән шырқады. Жергілікті өнерпаздар ән-жырдан шашу шашып, жиналған жұрттың көңілін бір серпілтті.

Ханым ҚУАТ

Суреттерді Жастар орталығы ұсынды

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікір жолын бос қалдырмаңыз!
Аты жөніңізді жазыңыз