Өз құқығымызды толық білеміз бе? Кәсіпкерлерге қандай көмек  көрсетіледі? Геокарта дегеніміз не? Бүгін Қазақстан Республикасы Бас Прокуратурасының құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитеттің Маңғыстау облыстық басқармасында өткен ашық есік күні акциясында осы сұрақтарға толық жауап алдық.

Жыл сайын өткізіліп келе жатқан ашық есік  күнінің басты мақсаты – басқарманың жұмыстарымен толық таныстыру.  

Осы орайда  басқарма инспекторы  Азамат  Қалжанов басқарманың  арнайы qamqor.gov.kz сайтымен таныстырып өтті. Портал бірнеше бөлімдерге бөлінген. Әрбір бөлімі халыққа қызмет көрсету мақсатында жұмыс істейді. Осы портал арқылы мемлекеттік органдарға жазған арыз шағымдар, айыппұлдар көлемі туралы,  әр түрлі құқық бұзушылықтар жайында мәлімет алуға болады.

Сонымен қатар,  жол көлік оқиғасына байланысты да барлық мәліметтерді осыннан табасыз.  Көліктерге таңылған айыппұлдар, көліктің жол көлік оқиғасы бойынша тіркелген, тіркелмегендігін біле аласыз.  Порталмен таныса отырып, геокартаның маңызының зор екендігіне көз жеткізесіз. Геокартаның ішіне қылмыстық және жол көлік оқиғасының картасы, педофилдер картасы және кәсіпкерлерді тексеру картасы кіреді.

Өз құқығымызды толықтай қорғай аламыз ба?

Бұдан соң басқарма директоры Уалиев Талғат Бекішұлы  басқарманың кәсіпкерлерге толықтай қолдау көрсететіндігін, оларға тексеріс жүргізу барысында  екі жақтың құқықтары толық қорғалатындығын атап өтті. Ол үшін  кәсіпкерлер жоғарыда айтылған сайтқа кіріп, тіркелулері керек. Сол арқылы соңғы рет тексеріс қашан жүргізілгендігін, алдағы тексерістің қай уақытта болатындығын  білуге болады.  

Кәсіпкерлерге мұндай қолдау 2010 жылдан бері жүргізіліп келеді екен. Басқарма директоры халықтың арыз-шағымдарының дұрыс қаралмайтындығын да тілге тиек етті. 

-2015 жылдың 10 айы ішінде жүргізілген тексерулер нәтижесінде халық саны миллионнан астам Қарағанды, Қостанай қалаларына қарағанда Маңғыстау облысында  біршама арыз-шағым қараусыз қалған. Оның ішінде сотқа дейін барғандар саны –10, ал Қостанай қаласында – 2, Қарағандыда – 3. Көріп тұрғандарыңыздай, көңіл қуантарлық нәтиже емес. Осы орайда халықтың жағдайы үшін  qamqor.gov.kz сайтының ұялы телефондарға арналған бағдарламасы жасақталды. Бағдарламаны Play Market,  AppStor  жүйелерінен жүктей алады. Сондай-ақ, құқық, заң аясында көкейде жүрген сауалдарды, сайтта түсінбеген тұстарды  басқармаға келіп білуге болады, — дейді Талғат Бекішұлы.  

Басқарма жұмысы мұнымен тақтап қалмайды, ашық есік күндері жыл сайын өткізіліп тұрады. Жақын арада Мұнайлы ауданында да кездесу өткізу жоспарланып отыр. 

Гүлжайна ЖҰМАҒАЛИЕВА

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікір жолын бос қалдырмаңыз!
Аты жөніңізді жазыңыз