Ертеде  Бейнеу  өңірінде халқына жасаған қайырымен, адамгершілік  тұрғыдан  зайырлығымен  еліне  елеулі  болып, аты  шыққан  қасиетті аталар  аз  болмаған. Солардың  қатарында  Руы құнанорыс  Тәжен  Түнқатарұлының  да  есімі  ел  аузында  сақталып, жұртына  мәшһүр болған  зайырлы  жан.  Қазір сол кісінің атымен аталатын Тәжен  ауылы  және  Тәжен кеден бекеті  бар  екені  баршамызға да  аян.

Тәженде имандылық үйі бой көтерді

       Жақында  атаның  ұрпақтары  атасының құрметіне  ізгілікті істі  қолға алып, Тәжен ауылына  Тәжен атаның  атындағы  мешітті салып, ел-жұртқа  сыйлады.

Мешіттің  ашылу  салтанатына  қатысып, сөз сөйлеген  аудан әкімінің  орынбасары  Қ.Әбілшеев  бұл игілікті істі қолға алған азаматтарға алғысын жеткізді. Тәжен атаның ұрпақтарының  күшімен бой көтерген жаңа мешіт — имандылық тұрғысындағы  ізгілікті  іс екендігін айтты.  Салтанатты  шарада сөз алған Тәжен  атаның  шөбересі  Саттар Тәженов осы іске  қолдау білдірген аудан әкіміне және ауыл  азаматтары мен тұрғындарға риза көңілмен   «Рақмет!» деп,  Тәжен ауылының  әкіміне  жаңа   мешіттің символикалық  кілтін  табыс етті.

Содан соң  ауыл ақсақалы Төлебай мен еңбек ардагері  Мәтжан  Нұрымбетұлы сөз сөйлеп, жаңа  мешіттің  тұсаукесер рәсімін жасады.

Мешіттің ашылуында берілген  садақада ел-жұрттың амандығы  мен халықтың ауызбірлігіне  бата жасалып, ата рухына арналған құран оқылды. Қазақи салт-дәстүр сабақтасып, ауыл ақсақалдарына  ұрпақтары  шапан жауып, сый құрмет көрсетті. Сонымен қатар, ауыл  тұрғындары  және  Тәжен кеден  бекетінің азаматтары мешітке бір-бірден кілем төседі.

Міне, бұл бір жағынан Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласында  жазылған ұлан-ғайыр жеріміздің  тамаша тарихы мен ұлттық салт-дәстүрді өскелең ұрпақ бойына сіңірудің айшықты көрінісі болып табылады.

Кәрісбай Әділ

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікір жолын бос қалдырмаңыз!
Аты жөніңізді жазыңыз