Таяуда Маңғыстау облыстық дін істері басқармасының  ұйымдастыруымен  Мұнайлы ауданының №5 орта мектептебінде аралас жекпе-жектен әлемнің үш дүркін чемпионы Ардақ Назаровпен жастар кездесуі өтті.

Бұл кездесуді әсіресе, жастар асыға күтті. Еліміздің намысын әлемдік аренада қорғап жүрген спортшы Ардақ Назаров оларға салауатты өмір салты мен халқымыздың ұлттық, рухани құндылықтарын насихаттап, оқушыларға ата-ананы құрметтеу керектігін, бір-біріне күш көрсету батырлық еместігін, қолдан келгенше мұқтаж жандарға қол ұшын созу, қыз балаға, үлкенге құрмет көрсету сынды жақсы әңгімелерімен мол рухани байлық сыйлады. Сонымен қатар ер жігіттің екі қанаты бар, оның бірі-спорт болса, екіншісі-білім екендігін айтып, әрбір қазақ баласы осы екеуін қатар алып жүру керектігін тәптіштеп жеткізді.

фото+__лем чемпионы ауданымыз__а келд¦+

«Бүгін бізбен кездесуге келген қыз-жігіттеріміз осында айтылған әрбір сөзден ғибрат алып, іске асырайық. Мәшһүр Жүсіп атамыз «Ер жігіттің бойында бес қасиет болады» деген екен. Оның біріншісі- имандылық. Екіншісі- сабыр, үшінші-ақыл, төртіншісі-тәубе мен шүкір, бесіншісі-көркем мінез. Осы бес қасиет қазақ қаны бар ер азаматтың бойында болуы керек. Төле би атамыз «Білімдімен дос болсаң қиялыңды қозғайды, ой өрісі тар жігіт ауылдан асып озбайды» дегендей,  білімдімен, ақыл иелерімен дос болайық, біз текті халық ұрпағымыз, текті, білімді болайық, жақсы азамат болайық!»-деді әлем чемпионы. Кездесуде Алаштың маңдайына біткен арда ұлы Ардаққа қойылған сұрақтар да аз болмады. Олардың барлығына ол түсінікті тілмен жауап берді.

Кездесу соңында аудан әкімінің орынбасары Б.Біләлов аудан жастарымен кездесіп, білгенімен бөлісіп, ақыл-кеңестерін ортаға салған әлемнің үш дүркін чемпионы А.Назаровқа алғысын айтып, аудан әкімдігі атынан естелік сыйлықтарын табыстады.

Гүлнәр Бекқали