Сәрсенбі күні Қызылтөбе мәдениет үйінде Мұнайлы ауданының өнерге құлшынысы бар өнерпаздарын анықтап, талантты жандарды халыққа таныту  мақсатында өткізіліп жатқан  «Жаңа жоба, Жаңа есім – 2017» жобасының екінші кезеңі өтті.

Жобаның алдыңғы бөлімінде жоба идеялисті Г.Рафхатова өнер көрсеткен талантты өнерпаздарды топтастырып, тәлімгерлерге бөліп берген болатын. Жоба қатысушылары тәлімгерлерімен бірге осы кезеңге берілген талапқа сәйкес кино-фильмдерден алынған әндерін орындап, бақтарын сынады.

Жобаның әділқазылар алқасының мүшелігінде аудандық мәдениет, спорт және денешынықтыру бөлімінің басшысы Е.Құли, Қызылтөбе мәдениет үйінің  саз өңдеушісі С.Оразбаев, Жобаның идеялисті Г.Рафхатова, «Қазақстан дауысы» жобасының финалисті, «Әуен» тобының әншісі А.Арғынқызы болса, Мәдениет үйінің директоры М.Омарова мен «Жұрттың балдары» бағдарламасының жүргізушісі Н.Сыйлаған сарапшы болып, қазылар мен әншілерге сын мен пікірлерін айтты.

Бұл кезеңде 22 жас қатысып,  Ақмоншақ Елубай, Бекзат Раймов, Асылбек Құрбанов, Айзада Лұқманова сынды өнерпаздар қазылар мен қатал сыншылардың сынынан өте алмай жобамен қош айтысты. Жобаның келесі кезеңіне «Аттилла» тобы, «Хазар» тобы, Жумина Айгерім, Гүлнара Ыбырай, Саламат Көбесов, Света Бекенова, Гүлдархан Мұратова, Тойлы Данияр, Нұрболат Ісембай, Нұрсұлтан Тұрбергенов, Жанар Қартжанова және Жарас Күзембаевтар жолдама алды.Үшінші кезеңге өткен әншілер бірінші еркін тақырыпта өздерінің тәлімгерлерімен дует құрып ән орындайтын болса, екінші өмірден өткен әншілердің әндерін айтып шығады.