Қазір де қайнаған тіршілік күре жолдардың бойында. Жол- шын мәнінде өмірдің өзегі, бақуатты тірліктің қайнар көзі. Барлық аймақтар теміржолмен, тасжолмен, әуе жолымен өзара тығыз байланысуы керек. Аймақтардың өзара байланысын жақсарту елдің ішкі әлеуетін арттырады. Облыстардың бір-бірімен сауда-саттығын, экономикалық байланыстарын нығайтады.
Елбасы Н.Назарбаевтың «Нұрлы жол- болашаққа бастар жол» Жолдауынан

Облыс әкімі Алик Айдарбаев Қарақия ауданына жұмыс сапары барысында Ақтау-Жетібай-Шетпе автокөлік жолының құрылысымен, Мұнайшы ауылындағы сарқынды кәріз суларын тазартатын нысанның жұмысымен танысып, Жетібайдағы жөнделіп жатқан селоішілік жолдарды көрді.

0061

Мұнайшы ауылының іргесінде өткен жылдың басында бой көтерген «Реалос» ЖШС-на қарасты сарқынды кәріз суларын тазартатын нысанда «Жетібаймұнайгаз» өндірістік басқармасы тұтынған су өңделеді. Мұнда тазартылған су елді-мекендерді абаттандыруға, көгалдандыруға пайдаланылады.

– Мемлекеттік- жекеменшік әріптестік аясында әлеуметтік нысандарға арналған құбыр желілерінің құрылысын жүргізу жобасын жасақтаудамыз. Осында тәулігіне 180 текше метр су тазартылады.Жаңа жоба жүзеге асса, қуаттылығымыз екі есе ұлғайып, мектеп, балабақша, денсаулық сақтау нысандарының, көп қабатты үйлердің кәріз суларын тазартатын боламыз. Құны 70 млн.болатын жобаны толық іске асыруды келесі жылға жоспарлап отырмыз, – деді Қарақия ауданы әкімінің орынбасары Әбдеш Түркменбаев.

Мұнан кейін облыс әкімі Алик Айдарбаев жұмыс қарқыны қызу жүріп жатқан республикалық маңыздағы Ақтау-Жетібай-Шетпе жолының бойындағы жұмыстың қалай еңсеріліп жатқанын көрді. Осыдан 6 ай бұрын құрылысы басталған 2 деңгейлі көпірдің құрылысына 40-қа жуық жұмысшы тартылған.

«Дженгиз Иншаат» компаниясының облыстық филиалының директоры Мұрат Зейнабиловтың айтуынша, Ақтау-Жетібай-Шетпе бағытындағы 170 шақырым жолдың 85 шақырымы 2 деңгейлі, 2 жолақты болса, қалған бөлігі 1 деңгейлі, 4 жолақты болады. Қазір Ақтау мен Жетібайдың арасын жалғаған жол жұмыстарының 70 пайызы, ал Жетібай-Шетпе бағытындағы жолдың 67 пайызы біткен. Көпір құрылысына шебін, цемент, битум сынды жергілікті құрылыс материалдары пайдаланылуда. Жол салу жұмысына тартылған 950 жұмысшының 350-і маңғыстаулық тұрғындар. Мердігер мекеме өкілдерінің мәлімдеуінше, Ақтау-Жетібай- Шетпе бағытындағы автокөлік жолы келесі жылы ел игілігіне беріледі.

Тамыз айында Жетібай ауылындағы жаңа шағын аудандарға жол салу, асфальт төсеу жұмыстары басталған-ды. Жергілікті бюджеттен бөлінген 200 млн.қаржыға 3 шақырымнан аса жолға асфальт төсеу жұмыстары қараша айында аяқталмақ.

Фарида МҰҢАЛҚЫЗЫ
Суреттерді түсірген Серік МАЙЕМЕРОВ

02045

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікір жолын бос қалдырмаңыз!
Аты жөніңізді жазыңыз