дк абай

Өңірдегі өнер ордасының қарашаңырағына айналған «Абай» атындағы мәдени-демалыс кешеніне биыл 45 жыл.  Бұл мерейтойға орай бірқатар ірі концерттік қойылымдар өтіп жатыр, — деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты.

Жастар жылына тұспа-тұс келген мерейтой қарсаңында ұйымдастырылып жатқан шараларда жастарға айрықша көңіл бөлінген. Мәселен, маусым айында бастау алған «Шабыттан, жаса, жарқыра!» шығармашылық байқауы жастарды үлкен сахнада шыңдауға мүмкіндік береді.  Жоба аясында қаламыздың өнер майталмандарының вокал және актерлік шеберлік бойынша арнайы сабақтары өтеді.

Байқауға 18 бен 29 жас аралығындағы жас орындаушылар, ақындар, композиторлар мен музыкалық әрлеушілер сонымен қоса әншілер де қатысып жатыр.

«Абай» атындағы МДК-нің мерейтойын атап өту үшін «Жастар жылы» аясында және «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасын жүзеге асыру мақсатында ұйымдастырып жатқан жобамыз көп. Солардың ішіндегі «Шабыттан, жаса, жарқыра!» жобасының шешуші сәті де таяп қалды. Оның іріктеу кезеңінде 67 қатысушы болды, соның ішінде 49-ы вокалдық орындаушы. Алғашқы кезеңнен 25 вокалдық орындаушы келесі турға жолдама алды. Осы жобаны «Маңғыстау» арнасымен бірігіп жүзеге асырып жатырмыз. Жеңімпаздарға «Алем-тревел» туристік агенттігі, «Grand Hotel Victory» қонақүйі және «Rakhman production» бейнестудиясы қолдау көрсетеді. Ал, «Абай» атындағы МДК бір финалистке халықаралық байқауға жолдама береді. Жергілікті телеарна мен қазылар алқасынан да арнайы сыйлықтар болады. Киелі сахнаны дәріптейтін жаңа әндердің жарыққа шығуы мүмкін. Осының барлығын жастардың жарқын болашағын өнерге ұштастыру үшін жасап жатырмыз, — деді «Абай» атындағы МДК-нің көркемдік жетекшісі Маргарита Омарова.

Талай мәдениет саңлақтары түлеп ұшқан еңселі орданың 45 жылдығы аясында «Ретро-ритм фестивалі» атты жаңа жоба бастау алады. Сонау 80-90 жылдарды ыстық ықыласпен еске түсіретін керемет шоу ашық аспан астындағы сахнада көрініс табады. Кеш қонақтары мен Ақтау қаласының танымал әрі креативті радиожүргізушілері ретро стильдегі ерекше кешке қызу дайындық жүргізіп жатыр.

Жуырда «Абай» атындағы МДК жыл сайынғы дәстүрге айналған «Домбыра party» жобасын өткізеді. Оған домбырада ойнай алатын кез келген адам қатыса алады.

Сондай-ақ, Абай атындағы мәдени-демалыс кешенінің «Розовый дворик» алаңының жазғы маусымы ашылды. 23 маусым күні жазғы алаңда алғашқы би байқауы өтті. Алматы, Атырау, Шымкент қалаларынан келген 80-ге жуық биші «Caspyi dance battle» шарасында өнер көрсетіп, нағыз «батл» ұйымдастырды.

«Маңғыстаудың мыңжылдығына» орай тың жобаны іске асыру олардың күн тәртібінде тұрған мәселелердің қатарында. «Абай» атындағы МДК-нің көркемдік жетекшісі Маргарита Омарова бұл шараны «Маңғыстау Медиа» ұжымымен бірлесіп жасау жоспарында бар екенін айтты.

Өнер ордасы Каспийді жағалай жатқан ақмаржан қала Ақтау тұрғындарын ерекше қабілеттіліктерімен таңқалдырып келеді. Өнерге деген сүйіспеншіліктің арқасында бұл мәдениет сарайында әр істі табандылықпен атқаратын жігерлі жандар қызмет етіп жүр. Бүгінде облыста атағы асқақ «Абай» атындағы МДК-нің іргетесы 1974 жылы қаланған. Оның осы уақытқа дейін жеткен жетістіктері маңғаз өлкенің халқына елеулі.

Махаббат НҰРЖАНҚЫЗЫ

суреттерді «Абай» атындағы МДК ұсынды