қойлар мал

Ақпан айында Мұнайлы ауданындағы 30 шаруа қожалығынан 400 бас ұсақ мал Иранға экспортқа жөнелтілді. Мал сатудан жергілікті кәсіпкерлердің пайдасына 12,8 млн теңге қаржы түсті. Бұл туралы Мұнайлы ауданы әкімінің баспасөз қызметі мәлімдеді, — деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты.

Әкімдіктің хабарлауынша, бұл ауылшаруашылық саласында қызмет етіп жүрген кәсіпкерлерді қолдау мақсатында жасалып отыр. Қойдың әр басы 32 мың теңгеге бағаланған. Кәсіпкерлер 13 миллион теңгеге жуық пайда көрген.

Эспортқа шығару үшін Мұнайлы ауданындағы шаруа қожалықтарынан жиналған 400 қой 1 ақпанда оқшауланып, 21 ақпанда карантиннен шығарылған.

«Ветеринария туралы» Заңға сәйкес, экспортқа жіберу үшін толық ветеринариялық-санитариялық, профилактикалық және диагностикалық іс-шаралар жүргізілді. 19 ақпан күні малдың қан сынамалары алынып, Республикалық ветеринариялық зертхананың Маңғыстау облыстық филиалына зерттеу үшін тапсырылды», — деп атап өтті Мұнайлы ауданы әкімдігіндегілер.

Сараптамашылар бруцеллез және аусыл ауруына серологиялық тексеріс жүргізген. 400 сынама да теріс нәтиже көрсеткен, карантин уақытында да аса қауіпті аурулар тіркелмеген.

Осылайша толық тексерістен өткен 400 қой Иран Ислам Республикасына жөнелтілген.

«Экспортқа жөнелтілген мал діттеген жерге сәтті жетті», — деп мәлімдеді Мұнайлы ауданы әкімдігінің баспасөз қызметі.

Әкімдік болашақта экспортқа мал жеткізудің жалғасуы мүмкіндігін айтады. Естеріңізге сала кетейік, қаңтар айының соңында журналистерге берген сұхбатында Маңғыстау облыстық ауылшаруашылық басқармасының басшысы Серік Қалдығұл қой етін сыртқа шығару бойынша «Сыбаға» жобасы қолға алынатынын айтқан. «Қазір Араб әмірліктерінен және Ираннан жергілікті қой етіне сұраныс түсіп отыр» деген еді басшы.

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікір жолын бос қалдырмаңыз!
Аты жөніңізді жазыңыз