бизнес
Сурет сайт архивінен

Бүгінгі таңда жеке кәсіпкерлікті барынша тиімді несиелендіру арқылы қолдау және дамытудың маңызы өте зор. Бұл бағытта Маңғыстау облысының әкімі Е.Тоғжановтың бастамасымен 2018 жылы бастау алған «Нұр Капитал» бағдарламасы кәсіпкерлер үшін таптырмас мүмкіндік болды. Бағдарлама бойынша нақты мәлімет алу мақсатында «Рауан» газетінің редакторы Беркімбай Гарабаевтың Бейнеу аудандық кәсіпкерлік және өнеркәсіп бөлімінің басшысы Қайрат Үсенғалиевпен жүргізген сұхбатын оқырмандар назарына ұсынып отырмыз.

— Қайрат Парахатұлы, сұхбатымызды Қазақстан бойынша облыста жүзеге асып жатқан «Нұр Капитал» бағдарламасы жөнінде кәсіпкерлерді қызықтыратын негізгі ақпараттардан бастасақ дейміз.

— Кәсіпкерлікті дамытуда тиімділігі жоғары аталмыш бағдарламаға Байнау ауданы халқының кәсіпкерлікпен айналысуға ынталы бөлігін тартуды күшейту мақсатында қажетті мәліметтерді бұқаралық ақпарат құралдарында, әлеуметтік желілерде жариялау, кітапша түрінде тарату сынды жалпы халықтық құлақтандыру жүргізіп келеміз.

Облыстың кәсіпкерлерін нақты қолдауға арналған «Нұр Капитал» бағдарламасы қабылданған 2018 жылы бұл бағдарламаны жүзеге асыру бойынша облыс әкімі Е.Тоғжанов төрағалық ететін Өңірлік Үйлестіру Кеңесі құрылды. Кеңесте «Нұр Капитал» бағдарламасы шеңберінде несие алуға ынталы кәсіпкерлердің бизнес жобалары талқыға түсіп, олардың өздерімен жүзбе-жүз сұхбат жүргізу арқылы, кәсіпкерлерге келісім беру шаралары қарастырылады. Бағдарламаның басты мақсаты — өңірдегі шағын және орта бизнеске тиімді әрі нақты қолдау көрсету. Бағдарламаға облыстың кәсіпкерлік саласын қолдау мақсатында жалпы құны 2 миллиард 700 миллион теңге болатын несие ресурстары бағытталды. Несиенің атаулы сыйақы мөлшерлемесі – 8,5 пайыздан аспайды, мұның небәрі 1 пайызын ғана кәсіпкер төлейді, айырмашылық немесе қалған 7,5 пайызы Өңірлік Үйлестіру Кеңесінің шешімімен субсидияланады. Аймағымыз басшысының бастамасымен өмірге келген бұл бағдарламаның бірден-бір артықшылығы да осында.

— Кез-келген кәсіпкер бұл бағдарламаға қатысып, төмен пайызды несиені алу мүмкіндігіне ие бола ала ма?

— Аталған бағдарламаға Маңғыстау облысында тіркелген (бұл орайда айтуымыз керек, Ақтау қаласында тіркелген азаматтар қатыса алмайды) және облыста өз жобаларын іске асыратын немесе іске асыруды жоспарлап отырған, экономиканың басымдыққа ие секторларында жұмыс жасайтын кәсіпкерлер қатыса алады. Ұсынылатын жобалар өңірдің экономикалық дамуына үлес қосатын, оның ішінде ең негізгісі өндірістік саладағы және қызмет көрсету саласындағы жобалар болуы тиіс. Қаржыландырудың бір кәсіпкерге ең жоғарғы лимиті – 30 000 000 теңге.

— Қазіргі таңда аудан кәсіпкерлерін несиелендіру деңгейі қандай, оның ішінде «Нұр Капитал» бағдарламасына да тоқтала кетсеңіз?

— Жарайды. Елімізде кәсіпкерлікті дамытудың негізі несиелендіру екені, несиелердің көп екені де белгілі. 2018 жылы «Еңбек» нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған бағдарламасы негізінде Бейнеу ауданы бойынша 98 кәсіпкер 392,1 миллион теңгенің несиесін алды. Нәтижесінде 155 жаңа жұмыс орны ашылады. Ал 29 кәсіпкер «Нұр Капитал» бағдарламасы аясында қолдау тапты, оның ішінде былтыр 5 кәсіпкер 73,0 миллион теңгенің несиесін алып, кәсібін бастады. Сондай-ақ 6 кәсіпкердің құжаттары екінші деңгейлі банктерде қаралуда.

— Кәсіпкерлерді несиелендіру бағыты бойынша 2019 жылға қандай жоспар бар? Олардың арасында «Нұр Капитал» бағдарламасы жалғаса ма?

— Елімізде кәсіпкерлерді қолдау аясы барған сайын кеңейе түсуде. Атап айтсақ, «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» АҚ-на 2019 жылы Маңғыстау облысы кәсіпкерлерін несиелендіру үшін 1,4 миллиард теңге бөлінді. «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасы аясында кәсіпкерлерге кепілдік алуға, несиеге мемлекет тарапынан субсидия алуға тарту арқылы қолдау көрсету шаралары жүргізіледі. Әрине, «Нұр Капитал» бағдарламасы бойынша жұмыстар өз жалғасын табады. Атап айтсақ, осы жылдың басынан бері ауданымыздағы 5 кәсіпкердің жобасы қабылданып, құжаттары Өңірлік Үйлестіру Кеңесінің отырысына дайын тұр.

Елбасымыз Н.Ә.Назарбаев бизнес-ортаны түбегейлі жақсарту және кеңейту, шағын және орта бизнесті барынша қолдап, дамыту бағытында көптеген игілікті шараларды жүзеге асыруды айтып жүргені белгілі. Бұл сұхбатымызда негізгі айтатын ойым, ауданымыздың тұрғындары «Нұр Капитал» бағдарламасы аясында берілген зор мүмкіндікті пайдаланып, аймағымыздың экономикасын дамытуға сүбелі үлес болып қосылатын жобаларды қолға алып, одан әрі дамытса, нұр үстіне нұр болар еді.

— Сұхбатыңыз үшін рахмет!

Сұхбаттасқан Беркімбай ГАРАБАЕВ

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікір жолын бос қалдырмаңыз!
Аты жөніңізді жазыңыз