7-20-25

Қазіргі таңда  Ақтау қаласы бойынша жаңа шағынаудандардағы 24 жер телімінде салынып жатқан тұрғын үйлердің жартысы  «7-20-25» бағдарламасы бойынша берілмек. Бүгінде екінші дәрежелі банктерге 2 млрд. 872 млн. теңге болатын 371 өтінім түсіп, 235-і мақұлданған. Бұл жөнінде Маңғыстау облысы құрылыс басқармасы бөлім басшысы Имаммахмуд Шағырбаев мәлімдеді.

Бүгін Маңғыстау облысы «Өңірлік Коммуникациялар қызметінде» 7-20-25 бағдарламасы мен тұрғын-үйге қатысты өткізілген брифингке МО құрылыс басқармасы мен екінші дәрежелі банктер өкілдері қатысты.

Мамандардың айтуынша, Маңғыстау облысы «7-20-25» бағдарламасын іске асыруда Алматы мен Астана қалаларынан кейінгі үшінші орында.

Қандай тұрғын үй кешендерінен беріліп жатыр?

Қазіргі таңда Ақтау қаласында құрылысы аяқталған, бос пәтерлері бар тұрғын-үйлерден тұрғындар үй ала алады. Олар:

— 17 шағын аудандағы «Мерет», салушы  – «АС Құрылыс»;

-19 және 32б шағынаудандарындағы «Тыныштық», салушы – «Мега технолоджи» ЖШС;

-34, 32б, 16 ш/а «Шаңырақ», «Каспий маржаны», салушы — «К7 групп» ЖШС;

-16 ш/а «Таң самалы», салушы — «Каз Элит Строй» ЖШС;

— 32 б ш/а «Қаламқас», салушы — «Ондасын Строй» ЖШС.

Жыл соңына дейін 1500 пәтер қолданысқа беріледі деп күтілуде. 33 ш/а «Аққу-1» тұрғын үйі мен 17 ш/а «Айрақты-2» тұрғын үй кешені, 16 ш/а «Лепес», 16 ш/а «Абырой» тұрғын үй кешендерінің құрылысы аяқталмақ.

«Қазіргі таңда бұл бағдарлама бойынша 8 банк жұмыс істейді. Оның ішінде 5 банк несие беріп жатыр. Олар: «АТФ», «Цесна», «Центр кредит», «РБК» және Халық банкі.

«Басты талаптардың бірі – клиенттің атында үйі және төленіп жатқан несиесі болмауы керек. Атындағы үйін бүгін сатып, ертесіне бағдарламаға қатысуына болады», — дейді «АТФ Банк» Маңғыстау облыстық филиалының директорының орынбасары Жасұлан Сарпықов.

«7-20-25» бағдарламасына кімдер қатыса алады?

Сондай-ақ мамандар «7-20-25» бағдарламасына жеке кәсіпкерлер қатыса алмайтынын атап өтті. 21 жастан жоғары азаматтар бағдарламаға қатысуға құқылы. Несие мерзімі зейнетке шығатын жылына дейін (ер адам 63, әйел адам 58 жас) есептеледі. Мәселен, 55 жастағы әйел адам 3 жылға дейін ала алады.

«АТФ Банк» Маңғыстау облыстық филиалының директорының орынбасары Жасұлан Сарпықов жастарға баспаналы болудың тиімді тәсілдерін де тілге тиек етті.

 «Мұнайлы ауданы қаладан 20 шақырымдай қашықтықта орналасқан. Бірақ жастарымыздың көпшілігі қаладан үй алғысы келеді. Қалада үйдің әр шаршы метрі 140-160 мың теңге. Одан да неге Мұнайлыдан алып, 40 мың теңгесін үнемдемейді? Сонда 2 млн теңге артылады. Оған көлік алуына да болады. Мүмкін осындай мүмкіндіктердің бар екендігі туралы ақпараттың толық жетпеуінің әсері шығар. Осыны тұрғындар қаперіне береміз», — дейді Жасұлан Сарпықов.

Брифинг барысында банк өкілдерінен баспана алу үшін орташа табыс көлемі қанша болуы керектігін де сұрадық.

«Қазір қалада шамамен 60 ш.м 2 бөлмелі үйді 10 млн теңгеге алуға болады. Отбасында екі баласы, жолдасы, өзі болса, екеуінің жалақысын қосқанда 150 мың теңге жобасында болуы керек. Сонда ол кісілерді 25 жылға дейін несиелендіруге болады. Егер отбасын құрмаған болса, ата-анасының бірінің не туған бауырының кірісін есепке аламыз. Бөгде адамдардыкі есептелмейді», — «Центр Кредит» бөлім басшысы Ержан Айдынбаев.

Ал Имаммахмуд Шағырбаев алғашқы жарнаның 10 пайызын несиеге беру мәселесі жөнінде де түсіндіріп өтті.

«Бұл мәселеге «Каспий» ӘКК қаржысымен екінші деңгейлі банктерді қорландыру арқылы алғашқы жарнаның 10 пайызын 3 жылға 7 пайызбен беру туралы жоспарымыз бар. Мәселен алғашқы жарнасы толық болса, ай сайынғы төлем 56 мың теңге, ал оған мүмкіндігі болмаса, 82 мың теңге болады. Бұл тек алғашқы үш жылға қосылады. Осы әдісті облыс басшысы қолдап, Үкіметке жеткізді, қазір талқыланып жатыр», — деді ол.

Бірақ бір ескере кететін жайт, бұл мүмкіндік бюджеттік ұйымдарда қызмет ететін мамандарға (дәрігерлер, мұғалімдер, құқық қорғау органы қызметкерлері) қолжетімді болмақ.

Сонымен қатар мамандар тұрғындарға «7-20-25» бағдарламасымен банктен мақұлдама келгеннен кейін ғана Тұрғын үй құрылыс жинақ банкіндегі салымын алуды ескертеді. Ал үйлердің заңсыз салынбағанына көз жеткізу үшін «Тұрғын үй құрылыс қоры» АҚ кепілдемесі, облыс әкімдігінің келісімі, екінші дәрежелі банктердің кепілдемесі болуы шарт дегенді айтты.

Теңге БЕКМҰРЗАЕВА

"7-20-25" бағдарламасымен Маңғыстауда 235 өтінім мақұлданды

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікір жолын бос қалдырмаңыз!
Аты жөніңізді жазыңыз