Дәстүрлі «Жас қанат» жастар сыйлығы өз саласында өрге озған өрендерді қанаттандырып, сапалы маман болып қалыптасуына соны серпін беріп келеді. Жастар сыйлығын тапсыру салтанатында келер жылдың тың жобалары мен жоспарлары да таныстырылып, мемлекет тарапынан жасалып отырған қамқорлықтың жалғаса беретіні жайлы айтылды.

Кәмелеттік белеске жетіп, кәсіби білімін арқалаған албырт жас кез-келген мекеменің табалдырығын имене аттайтыны ақиқат. Алғашқы еңбек жолы да алдағы өміріне шуақ шашып, жүрегінде мәңгілік ұялап қалады. Сондықтан әр жас маман өзіне жүктелген міндетті мінсіз атқарып қоймай, әріптестік сыйластыққа сызат түсірмеуі тиіс. Бұл оның біліктілігі мен білімі қаншалықты ұштасқандығын көрсетеді. Жастар сыйлығының осы тұрғыда маңызы зор, мәні де жоғары. Салтанатты шарада сөз алған Маңғыстау ауданы әкімі Ж.Айтуаров алдымен жиналған қауымды келе жатқан Тұңғыш Президент күні мерекесімен шын жүректен құттықтады.

— «Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың батыл бастамалары – Қазақстан тәуелсіздігін баянды ету үшін әлемнің дамыған отыз елінің қатарына қосылуға біздің жастар да үлес қосуы тиіс. Келер жылы — Жастар жылы. Мәңгілік елдің «Рухани жаңғыру» бағдарламасы болашақтың аса ауқымды міндеттерін қамтитын өте үлкен жоба. Мемлекет басшысының 2019 жылды Жастар жылы деп жариялауы туралы бастамасы қазақстандық жастардың қызу қолдауын туғызғанын баса айтқым келеді. Президент ұсынысы жастардың болашаққа деген сенімі мен үмітін еселеп арттырып жатқандай. Ендеше, жастар мәңгілік ел идеясының аясында тек ұлы жетістіктерге жетіп қана қоймай, ел бірлігін, ынтымағын, ауызбіршілігін сақтайық. Мәңгілік ел идеясы— еліміздің рухани тұтастығы мен дәстүр сабақтастығын қамтамасыз ететін басты нышан. Қазақстанды мәңгілік ел жасау идеясын жастар, яғни сіздер жүзеге асырасыңдар және сіздерді қолдаймыз!»,— деп жастарды бір жігерлендіріп қойды. Өз сөзінде аудан әкімі Елбасының биылғы Жолдауына кеңінен тоқталып, 2019 жыл жастар жылы болып жарияланғанын атап өтті. Сондай-ақ жастардың қолға алуымен атқарылып жатқан игі істерге тоқталып, ел болашағы жастардың қолында екенін жеткізді.

Шара барысында халықтың мақтауына ілінген, ізденімпаз, идеяшыл, мақсаты айқын жастарды марапаттап, олардың алдағы жоспарларына сәттілік, жұмыстарына шығармашылық табыстар тіледі. Атап айтсақ, «Жас мұғалім» номинациясын Е.Айшуақұлы атындағы орта мектептің қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі Фариза Ерманова, «Жас теміржолшы» аталымын Шетпе теміржол стансасының пойыз құрастырушысы Досат Қосшыбеков, «Жас медицина қызметкері» аталымын Жармыш дәрігерлік амбулаториясының мейірбикесі Гүлбану Тайманова иеленді. Сонымен қатар «Жас спортшы» аталымына Шоқыр Бөлтекұлы атындағы спорт мектебінің бапкері, А.Меңдалыұлы атындағы орта мектептің дене тәрбиесінің мұғалімі, 2016 жылы ҚР чемпионатында, 2017 жылы Испанияның Мадрид қаласында өткен халықаралық турнирде 69 келі салмақта спорттың «Джиу джитсу» түрінен жеңімпаз атанған Максим Төребай лайық деп танылса, жылдың «Жас полицейі» болып аудандық криминалдық полиция бөлімшесінің аға уәкілі, полиция капитаны Рүстем Аюпов марапатталды. Ал түрлі қоғамдық шараларға белсене атсалысып жүрген «Жайдарман», КВН клубының жетекшісі Жанар Кенжеева жылдың «Жас мәдениет және өнер қызметкері» болса, «Жас фермер» аталымын «Сарайна» шаруа қожалығының мүшесі Еламан Асқанбай алды. Бүгінде 200-ге жуық жылқы, 100-ге жуық түйе, 600-ден астам қой, ешкі өсіріп отырған Еламан дзюдодан спорт шеберлігіне үміткер екен. Жас болса да «сегіз қырлы бір сырлы» жігіт көптің қошеметіне ие болды. Келесі кезекте «Жас мұнайшы» номинациясы «Қаламқасмұнайгаз» өндірістік басқармасында 3-ші дәрежелі тұзсыздандыру және сусыздандыру қондырғыларының операторы қызметін абыройлы атқарып жүрген Еділ Бекмұратовқа, «Жас кәсіпкер» «Береке» жеке кәсіпкерлігінің иесі, бүгінде халыққа бөдене жұмыртқасын ұсынып отырған Сандуғаш Изядинқызына табысталды. «Рухани жаңғыру» жастар сыйлығы 2012 жылдан бастап ұлттық құсбегілікпен аңшылық өнерімен шұғылданып, жуырда ғана Астана қаласында республикалық «Қансонар» турнирінде «Алғыр қыран» аталымы бойынша атаққа ие болған, құс бегілік пен аңшылық сынды ұлттық рухани құндылықтарды ауыл жастары арасында насихаттап жүрген Айшуақ Таймановқа, «Жас дебют» номинациясы Онды ауылдық мәдениет үйінің режиссері, абыройлы Есбол Қанатовқа табысталды. Мереке қарсаңында марапатқа ие болған жастардың жүздері қуаныштан бал-бұл жанды.

— Жылда өткізілетін «Жас қанат» жастар сыйлығына алғаш және соңғы қатысуым. Өйткені биыл жасым 30-да. Ұжымдастарым қатыссайшы деп қолқа салған соң биыл өз бағымды сынап көрдім. Сынап көргенім сол еді, көп ұзамай шақыруы да кеп жетті. Содан алып ұшып, аудан орталығы Шетпеге келдім. Бұрын көп бәйгелерді алып жүрсем де, туған жердің тартуы мен үшін үлкен жетістік болды. Ел қоржынын қара алтынға толтыруда еселі еңбек етіп жүрген ауданымызда жас мұнайшылар өте көп! Десе де солардың ішінен сәлде болса да елеп-ескеріп алға шығарғанына өз басым іштей қатты қуандым. Ауданымыздың жыл жас мұнайшысы деп көтеруі ұжымдастарым, отбасым үшін үлкен сый болғаны сөзсіз! Мұнайшылар атынан аудан әкімшілігіне және қашанда елге болсын деп жүгіріп жүретін «Жас Отан» жастар қанатына алғыс айтамыз! Жылда өткізілетін осындай игі істеріңізге сәттілік тілеймін, — деді жас мұнайшы Еділ Бекмұратов.

Шара соңы аудан өнерпаздарының концерттік бағдарламасына ұласты.

Айгүл РАХМЕТОВА

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікір жолын бос қалдырмаңыз!
Аты жөніңізді жазыңыз