qara qainar kitap meirambai qibasov қара қайнар кітап Мейрамбай Қибасов Қара қайнар

Жақында Алматыдағы «Нұрлы әлем» баспасынан Маңғыстау өңіріне танымал қаламгер, Қазақстанның құрметті журналисі Мейрамбай Қибасовтың «Қара қайнар» атты 14 баспа табақтық жаңа кітабы 500 данамен жарық көрді.

«Маңғыстаудың Өзенін бастапқы игеру (1964-67жж.) күресінің алғы шебінде жүріп, қазына қазанын қайнатуға табандылықпен қатысқан сол тұстағы 17 мен 25 жас аралығындағы арынды да өжет өрен – саған, бүгінде (2018 ж.) 50-ге «шыққан» шырайлы да жасампаз қала Жаңаөзен – сенің және 2019 жылы құрылғанына 55 жыл толатын «Өзен» мұнай кәсіпшілігі («Өзенмұнайгаз») басқармасы – сенің мерейтойыңа арнадым осы еңбегімді» деп автордың өзі көрсеткеніндей, «Қара қайнар» жинағы осы аттас деректі повесть пен очерк, мақала-сұхбат, өлеңдерден құралған.

Кітаптың беташарындағы: ««Қара қайнар» кітабында автор Өзен кенорнының өткен ғасырдың алпысыншы жылдарының бас шенінде алғаш ашылу кезеңін деректі фактілер және сол тарихи оқиғаның басықасында болған нақты адамдар бейнесі арқылы тереңірек көрсетуді, сондай-ақ қажет жерінде олардың іс-қарекеттерін көркемдік бояумен өрнектей отырып, нанымды суреттеуді мақсат тұтқан» деген түсініктемеге алып-қосарымыз жоқ.

Ұзақ жылдар баспасөз саласында жемісті еңбек еткен Мейрекең Өзен мұнайының алғаш игерілу тұсында өзі куә болған жайларды деректі хикаятқа айналдыра отырып, оқырмандарға сол заманның тынысын сездіруге тырысқан.

«Кең ордалы кеңестік отанның қиыры мен түкпірінен жаңа өндіріске біреу ақша табуға, біреу романтика, қиқу-қызық қуып, біреу басыбайлы байланып қалуға, тұрақтануға лек-легімен ағылуда. Бұлар қайда паналайды? «Пяточок»-тегі жұмысшылар жатақханасына…» деп сол кезде мұнай өндіруге келген жастардың өмірін ашып көрсетеді.

Өзенде қалалық газетті басқарған жылдары Н.Бекбосыновтан, Р.Шырдабаевтан т.б. алған сұхбаттары – сол күндердің айнасы дерлік дүниелер.

Жаңа кітабына құтты болсын дей отырып, өмірде қаламды серік еткен Мейрекеңе жазар көбейгей дейміз!

Үміт ЖӘЛЕКЕ

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікір жолын бос қалдырмаңыз!
Аты жөніңізді жазыңыз