Бүгін ерке Есілдің бойында еңсесін тік көтеріп, сәні мен салтанаты көрер көзді жаулаған  еңселі Елордамыз 18 жасқа толып, тағы бір жасқа есейді. Осы уақыт ішінде тұрғызылған зәулім үйлер мен заңғар ғимараттар, көрікті көшелері арқылы әлемді тамсандырып, таңдайын қақтырып отыр. Дамыған өзге мемлекеттермен иық тіресе  өркендеп,  әлемдік деңгейдегі самиттер, форумдар өтеді. Қазір ауқымды «ЭКСПО-2017» көрмесіне қызу дайындық жұмыстары жүргізілуде. Еліміздегі мәдениеттің ошағы, ғылым мен білімнің ордасына айналып отырған ару Астанада  ауданнан арман қуған жастары білім алуда. Солардың бірі «Шетпе лицейі» мемлекеттік мекемесінің  2012 жылы түлегі, Өтелгенова Әсима,  сұлу қаланың сырларыларымен бөлісті.

— «Мен мектеп бітіргеннен кейін, жоғарғы білім алу үшін Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия Ұлттық университетіне оқуға түсіп, ақпараттық жүйелер мамандығы бойынша білім гранты иегері атандым. Әсем қала Астанаға алғаш келгенде арманыма қанат біткендей болды. Ерке Есілдің сол жағалауындағы аспанмен астасқан қазақтың медиа орталығы, ұлттық теміржол компаниясының ғимараты, ұлттық кітапхана мен музей,  халықтың сейіл құуына арналған «Хан Шатыр» мен Думан ойын-сауық орталықтары, Бейбітшілік пен Келісім сарайы мен Тәуелсіздік сарайы, «Қазақ елі» монументі, осы нысандармен іргелес орналасқан Орталық Азиядағы ең үлкен мешіт саналатын Хазірет Сұлтан мешіті, Астананың нышаны саналатын «Бәйтерек» монументін көргенде тұла бойынды патриоттық сезім кернеп, кеудеңді қуаныш бейлейді. Ал, Есілдің оң жағалауы жасыл-желек оранған қайнаған-қызу тіршіліктің мекені іспетті. Ерсілі – қарсылы ағылған көліктер, қым-қуыт тірліктің қамымен жүрген сабылысқан адамдар, осылардың барлығы Елорданың ерекшелігін одан әрі айқындай түседі. Бүгінде бір-бірімен сән жарыстара бой түзеген алып ғимараттар көптеп салынып, қаланың сұлулығы арта түсуде. Қаланың сұлулығына тамсанып жүргенде 4 жыл да зу ете өте шығып, оқу ордамды «қызыл дипломмен» бітірдім. Арқа төсіне отау тіккен алып шаһарда студенттік жылдарымның өткеніне мақтанамын».

Елдің жүрегіне айналған Астана арқылы Қазақстан өзінің мүмкіндіктерін әлемге паш етеді. Сондықтан сәулеті мен сәнін естіген адам бір көруге ынтық Елордамыздың туған күні – барша халықтың мерекесі. Мерекелеріңізбен, қазақстандықтар!

Гүлжайнат ШЫҢДЫБАЕВА

 

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікір жолын бос қалдырмаңыз!
Аты жөніңізді жазыңыз