Биыл аудан орталығы шырайлы Шетпе той құшағында тербетілуде. Cонау 1928 жылы Адай округінен  Маңғыстау ауданы болып құрылып,  бүгінгі күні сол ауданның орталығы Шетпе селосы жарты ғасырлық ғұмырының табалдырығын аттады. Шетпе селосының 50 жылдығына орай ұйымдастырылып жатырған салтанатты жиындар мен мерекелік шаралардың бірі кәрі шаңырақ Таушық ауылында жалғасын тапты. Мерекеге арналған жиынға Маңғыстау мен Түпқараған ауданынан келген қонақтармен қатар ауылдың ақсақалдары бастап жас буын өкілдері  жиналды. Айтулы мерекені аудан әкімінің орынбасары Е. Махмутов пен Шетпе селосы әкімі М. Мүтәллапов ашып, селоның негізін қалауға, өңіріміздің өсіп өркендеуіне өзіндік үлес қосқан ардагер ақсақалдар мен құрметті азаматтарды марапаттап, алғыс хаттар мен сыйлықтар табыс етті.

елу жылда ел жаңа

« Елу жылда ел жаңа» демекші тарих үшін 50 жыл аз уақыт емес. Шетпенің тарихы – ол бүкіл өлкенің өткен күндерімен сабақтас. Мерекеміздің Тәуелсіздіктің 25 жылдығымен тұспа – тұс келуінінің өзін ерекше тарихи оқиға деуге болады. Селомыз бүгінгідей жан – жақты даму,  рухани өрлеу мен кемелдену, жаңғыру кезеңін бастан кешіп отырған тәуелсіз елімізбен бірге кең етек жайды.

Еліміз егеменді ел болғалы село өмірінде болып жатқан өзгерістер аз емес. Халық игілігі үшін түрлі мемлекеттік бағдарламалардың аясында  жыл сайын бой көтеріп жатқан жаңа нысандар мен балалар алаңы, салынған  жолдар, жөнделген көшелер ауыл көркін ажарландыра түскендей. Сонымен қатар ауылымыздың күн батыс жағынан «Каспий  цемент» өндірістік нысаны ашылғалы, жергілікті село тұрғындары жұмысқа тартылып, қазіргі уақытта жұмыссыздық көрсеткіші төмендеп келеді, — деп баяндады аудан әкімі орынбасары  Е. Махмутов.

Жиын соңында жалғасын тапқан мерекелік концертте өнерпаздар жергілікті композиторлардың әндерін шырқап, Қашаған, Түмен, Жеті қайқының туындыларын орындап  көрермендердің ыстық ықыласына бөленді. Сондай – ақ, Қазақстанның мәдениет қайраткері Әбіл Жұмағалиев бастаған аудан өнерпаздары мен «Отпан» халықтық — фольклорлық ұжымы және «Таңшолпан» би ансаблі Таушық сахнасын бір серпілтіп тастады. Шара барысында келген қонақтар, тоғыз – ақ жылда әлемді дүр сілкіндірерген жаңалықтарымен танымал жерлесіміз Серікбол Қондыбайдың таңдай қақтырарлық еңбектерімен танысты.   Мерекелік концерт соңында ауыл ақсақалдары мен ақ жаулықты аналар сахнаға көтеріліп, өнерпаздарға алғыстарын білдіріп, естеліктер айтып шат – шадыман күйде тарасты.

Ал аудандық спорт бөлімі ұйымдастырған ерлер мен әйелдер арасындағы жолдастық кездесуде  Шетпе селосының спортшылары бабында екендіктерін көрсетсе, кәрі шаңырақ спортшылары да табанды қарсылас бола білді.

Осындай ел тарихында алар орны бар мерекелер қарсаңында әр шаңыраққа береке бірлік, татулық пен ынтымақ тілейміз. Тәуелсіздігіміз тұғырлы, елімізде бейбітшілік болсын!

Мұратбек КӘДІРБАЕВ

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікір жолын бос қалдырмаңыз!
Аты жөніңізді жазыңыз