Тәуелсіздіктің 25 жылдығына орай ұйымдастырылған «25 мейірімді іс» жобасының аясында өткізілген мүмкіндігі шектеулі балаларға арналған «Үміт бер» акциясы Жаңаөзен қаласынан бастау алып, ауданымызда жалғасын тапты.

Тумысынан тағдырдың сынағына ұшырап, денсаулығында кінарат бар балалар ата –ана мейірімі мен қатар қоршаған ортадан ерекше қамқорлықты, махабатты күтеді. Олардың әр жасаған ісіне зор ықыласпен қарап, мейірім танытқаныңызды бала естіп, көрмесе де жүрегімен сезіп отырады. Осындай балаларға арналған «Үміт бер» акциясына Жаңаөзен қаласынан он бес бала қатысса, Шетпе селосынан да он жеті бала өтініш білдіріп, он бала конкурс бағдарламасына іліккен. Ашылуында алғы сөз алған аудан әкімі Ж.Айтуаров осы шараны ұйымдастыруда атсалысқан Маңғыстау облыстық іскер әйелдер қауымдастығына саясаттағы, бизнестегі, мемлекеттік басқару органдары мен түрлі саладағы атқарып жүрген істеріне алғысын білдіріп, балаларға сәттілік тіледі.

Мүмкіндігі шектеулі деген тек сөз жүзінде ғана болмаса мүмкіндікке шек жоқ екендігіне балалар көзімізді тағы бір мәрте жеткізгендей болды. Ауыл тұрғындары көптеп жиналып, Қасиетті Рамазан айында балаларға деген елдің ықыласы ыстық, депутаттар, кәсіпкерлер мен мекеме ұжымдары, ата-аналар мен қоса жекеленген адамдардан қаржылай көмектер толассыз келіп жатты. Жиналған көрерменнің көзіне жас алдырып, ерекше сезімге бөлеген балаларды концерт тарасқан соң да халық әр жерден айтып жатты. Ықыласыңды соққан қолыңа, жымыйған жүзіңе қарап түсінетін балалардың сахнадағы алғашқы өнері өмірінің қуанышты кезеңі еді. Қасиетті орынға шығуға асыққан балаларды көп күттірмей әділ қазылар алқасы сайланып, балалар өнерін бастап кетті. Қайраттың «Астана», Шапағаттың «Армандастар», Адайбектің «Мәңгілік тұрсын көк туың» сынды өлеңдері көпшілікке рух сыйласа, ерекше айтып өтетін Айханым мен әкесі Жұбаниязов Дәлубайдың биі барімізді тәнті етті. Баласының өнерін қолдап, әке мен бала арасындағы махаббатты  төрт минуттық биге сыйдырып, оны қалың көпшіліктің алдында именбей көрсете білді. Көрермен көзайымына айналған балалар облыстық жарысқа жолдама алып, демеушілердің атынан ақшалай, заттай сыйлықтар берілді. Сондай-ақ, аудан әкімі Ж.Айтуаров осындай өткізіліп тұратын басқа да сауабы мол шараларды бей-жай қалдырмай демеушілік жасап келе жатқан атымтай жомарт кәсіпкерлерге «Алғыс хат» табыстады.

Ауданымызға ат басын тіреген «Маңғыстау облыстық іскер әйелдер қауымдастығы» бірнеше істің басын қайырып кетті. Кезекті жиналыс С.Қондыбай атындағы мемориалдық мұражайында «Әйелдер жемқорлыққа жоқ дейді» тақырыбымен дөңгелек үстел өтті. Аудан әкімінің орынбасары Т.Қылаңов, Қарағанды облысының іскер әйелдер қауымдастығының төрайымы Х.Оспанова, облыс әкімі жанындағы «Әйелдер істері және отбасы демографиялық саясат жөніндегі комиссия хатшысы С.Төлегенқызы, Маңғыстау облыстық іскер әйелдер қауымдастығының төрайымы С.Бердіханқызы, Қазақстан Республикасының Мемлекеттік қызмет істері Маңғыстау облыстық департаментінің ас маманы Е.Жұмабай, Маңғыстау аудандық іскер әйелдер қауымдастығының төрайымы Т.Абдулаева және бөлім басшылары қатысып, «сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрестегі әйелдердің рөлі» тақырыбының аясында баяндамалар оқылып, сұрақтар қойылып, пікіталас болды. Жиын нәтижесінде жемқорлыққа қарсы күресті отбасындағы тәрбиеден бастау алатыны, әйел-ана баланы бастан, не құрсақта жатқан күнінен тәрбиелеу керектігі, отбасында, ошақ басында жемқорлыққа қарсы бағыттайтын өнегелі сөздердің көптеп айтылуына баса назар аудару керектігі ескертілді. Келген қонақтар мұражай ішін аралап, С.Қондыбай ағамыздың еңбектерімен танысты.

Сондай-ақ, кешке «Асқар тау» мейрамханасында ауыз бекітіп, ораза ұстаған жандарға ауызашар берді. Көпшіліктің жиналған сәтін пайдаланған С.Бердіханқызы қауымдастықтың атынан демеушілерге «Алғыс хат» табыстады. Игі шаралардың мұрындығы болған ұйымдастырушыларға аудан жұртшылығы ризашылықпен тарасты.

 

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікір жолын бос қалдырмаңыз!
Аты жөніңізді жазыңыз