QR Маңғыстаудың интерактивті картасы

Маңғыстауда «Цифрлық Қазақстан» бағдарламасы аясында қарқынды жұмыстар жүргізіліп жатыр. Атап өтерлігі, Маңғыстау Мемлекеттік тарихи-мәдени қорығы «Маңғыстаудың интерактивті картасы» мобильді қосымшасын жасады. Бұл Маңғыстау өлкесінде орналасқан тарихи-мәдени ескерткіштерді білуге, тамашалауға елімізге келіп жатқан қонақтар мен туристер үшін, өлкенің тұрғындары үшін ыңғайлы болмақ.

Жоба мақсаты —  Маңғыстаудың киелі, тарихи және мәдени нысандарының интерактивті картасын  қалыптастыру арқылы, жергілікті бағалы құндылықтар, тарихи архитектуралар, ескерткіштер, кешендер, кесенелер, сондай-ақ тарихи және саяси маңызға ие оқиғалардың орындарын халық арасында таратып, насихаттау.

Маңғыстау Мемлекеттік тарихи-мәдени қорығының археология және архитектура бөлімінің жетекшісі Бекболат Төлегенұлының айтуынша, қазіргі таңда екі бағыт бойынша жұмыс жасалынуда. Интерактивтік карта – интернет арқылы сайтқа кіріп, Маңғыстауда орналасқан тарихи ескерткіштерді көруге болады. Қазіргі таңда 30 ескерткіш енді. Оның 15-і жалпыұлттық маңызға ие нысандар. Ал қалған 15-і жергілікті маңызы бар нысандар кіргенін атап көрсетті.

«Бұл әлі де алдағы уақытта толықтырылатын болады. Сондай-ақ интерактивтік картадан интеграция негізінде екінші мобильді қосымша Маңғыстаудың ескерткіштерін QR код арқылы көруге мүмкіндігі бар. Сол себепті оны ұялы телефондағы сіз Appstore-дан және Play Market-тан жүктеп ала аласыз. Кез-келген тарихи орындар арқылы ақпаратты ГИД-тің көмегінсіз, сайттан алуға мүмкіндігіңіз бар. Мысалға қонақтар келген кезде мұның пайдасы өте зор. Біздің көптеген ескерткішіміз далалы жерде орналасқандықтан, интернетке қосылу мүмкіндігі жоқ. Сондықтан оффлайн, яғни интернетсіз QR код-та, смартфонмен сканерлеу арқылы ақпарат алуға болады. Оны үш тілде ала аласыз: қазақша, орысша, ағылшынша. Бұл барша туристерге қолайлы. Сол жердің тарихын қысқа да нұсқа, сондай-ақ толығырақ өзіне жетімді қылып алу мүмкіндігіне ие болады», — деді Маңғыстау Мемлекеттік тарихи мәдени қорығының археология және архитектура бөлімінің жетекшісі  Бекболат Төлегенұлы.

Жалпы бұл интерактивті жобаны әзірлеген Mediana Services Limited IT-компаниясы.

«Жобаны қолдан келгенше ерекше қылып жасауға тырыстық. Мобильді қосымшаның ең басты ерекшелігі — барлық обьектілердің фотогалереясы, видеосы және 3д панормалары бар. Киелі мекенге қызығушылық танытқан жағдайда сол обьектіге барып-келу мүмкіндігін өзінің ұялы телефоны арқылы біледі. Өзіңіз тұрған жерден, қаладан немесе ауылдан болсын, ескерткішке дейін қанша уақыт, қанша шақырым кетеді соның бәрін есептеп, автоматты түрде көрсетуге мүмкіндік алады», — деді «Меdiana Servise» бөлім бастығы Еркебұлан Бекназаров.

Айта кетейік бұл «мобильді қосымшаны» https://mangystau.inmap.kz/kz/ сілтемесі арқылы көре аласыз.

Асылзат ӨСЕРҚЫЗЫ

QR интерактивті карта