Жас ақын Еділбек Дүйсеннің өлеңдері

Қ Ұ Л А З У

…іңір ұзақ жылады…
бұйра бұлтқа бет басып…
Ғаршы кетті
ақшамғы азан даусы көкті асып

Əлмисақтан ғұмырдың баян етіп «бір кемін»
Ай қадаған басына
күбірлейді кіл қорым

Əруақ жылап…
Ай құлап…
Кіл көйіншек-көрт үріп
Əскеріндей шайтанның бұлттар келер жөңкіліп…

…Сонда да Көк көндігер
келген бұлтқа шеп тартып
(Баратады қиялда қарғыс тиген оқ қалқып)

Түн келеді содан соң…
Шұрық тесік жейдесі
Ол дегенің- қоғамның бояуы аққан бейнесі

Бармақ басып ойнадың жаным түйген жеріме,
ӨЗЕН сынды өртенген өзегімнің емі не?

…Іңір ұзақ жылады
Күрең шашы көк тіліп…
Табандардың астында қыңсылайды Тектілік…

…Іңір ұза-а-а-а-ақ жылады…

Еділбек Дүйсен: "...Жаным жарып бүршігін жыр бергенше"

                     БАЛКОН. СӘТ

Таң атқан.
Айғыз- айғыз әйнек беті бұлдыр әлі
Әйнекті ұрғылап, аржағынан керең- жел шыңғырады…

Періште өмірді пенде емес, АДАМша көргісі келеді
Ал, пенде АДАМ емес, Періште болғысы келеді…

Жесір жер, ала жаздай еріні жібімеген
Соры жайлы, сыбыр- сыбыр сыр айтқысы келеді
Қылып өлең…

Міз бақпай мәңгі тұрмақ болады Күн- көк еркесі
Жерді тұтас жапсам дейді жапырақтың көлеңкесі…

Электр шамдары арқан тартыспақ боп, жұлқынады
(Ееее…
Бәрі де мен секілді қолынан келмеске ұмтылады)

Еділбек Дүйсен: "...Жаным жарып бүршігін жыр бергенше"

         БАЯҒЫ БАЯН

                                 Өртенбей, сынған шырпыдай, 
                                Аяқсыз қашқан өткен күн…

Күнделіктен

Күз де келді
күрсініп үлгергенше,
Жаным жарып бүршігін
жыр бергенше.
Тап бір, əлем кірінен айығардай,
Мен егіліп,
Ой бағып,
Түндерді емсем…

Жүрек- … жүрек бола ма егілмесе,
Көз жасыммен бірге ақты шерім неше!?
Жапырақтай халдемін күз ұрмаған,
«Үзілем» деп зар қаққан жел үрлесе.

Жиегіндей кесенің, қайран, Уақыт,
Иегіндей көсенің, қайран, Уақыт!
Сусып кеттің қолымнан, абайсызда,
Жібердің де, «жассың» деп тайраңдатып.

Құлағымда кісінер бұрынғы күн,
Бұрынғы күн- мұңсыз күн, құлын күнім.
«Өткен шаққа оралмақ болар ма?» деп,
Түннің көзі күледі жымың-жымың…

Еділбек Дүйсен: "...Жаным жарып бүршігін жыр бергенше"

             ҚИЯЛИДЫҢ КӨЗІ
                    (Экспромт)

Бұлт ішіндегі Ай-
жұмыртқа (қуырылған)
Түн деген қара табада тұрып- тұрып дымы құр(ы)ған.
Төменде селеу байғұс
тамырынан бөлінгісі кеп,
Сыңсиды Тəңірге жалынып. Тəнін суық ұрған…

Жанын суық ұрған
Құдайы үндемегесін.
«Желге еріп қаш!»дейді, айтып күлге кеңесін.
Біз де күл секілдіміз, нəпсі- хайуанды,
Үстімізде сəт сайын аунатып жүрген елесін.

Өзгермейтін көрге кіргенше, Пенделік, Жаса!
«Періштелер» түсінбес мұны
біз секілді көрген ұқпаса.
Сағат үні- Əзірейіл өкшесінің дыбысы секілді,
Мықты болсаң, «Желге еріп қаш!»ал!

Еділбек Дүйсен: "...Жаным жарып бүршігін жыр бергенше"

           АБЫЗДЫҢ АҚЫРЫ-
            АҢЫЗДЫҢ БАСЫ
     (Әбіш қазасына. Экспромт)

Жанарымда жас балалап…
Құлағыма жел үріп…
Міскін өмір омыртқасын мыстан уақыт кеміріп…
біткен шақта-…
Жусан иісін Ажал иісі құшақтап…
Қабырғасы арса- арса бұлттар тұрды егіліп…

Нарға да ауыр нала арқалап
Жүрек, байғұс, әбігер.
Мұңы- жұпар, ділі бекем
Ділі бекем, жаны да Өр.
Шөңгесіне табан емес, тосып еткен маңдайын,
Қара жерге қалай қияр Әулиесін Тәңір- Ел?!

Қоңыр ойдан тін таратқан қоңыраулы жыр-кеуде,
Тәңірінің нұрлы жүзін көретұғын күндерге
Әулиелік пішінімен аяқ басты
Біз пақыр
зағип жанның аяғындай ғұмыр кешіп жүргенде…

Қабырғасы арса- арса алып бұлттар егіліп,
Міскін өмір омыртқасын мыстан уақыт кеміріп…
біткен шақта-…
Тұр-ау Елі ұлы Абызын қия алмай,
Жанарында жас балалап…
Құлағына жел үріп…

Хош! (келдің!)

Фотоларды  түсірген Досжан БАЛАБЕКҰЛЫ

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікір жолын бос қалдырмаңыз!
Аты жөніңізді жазыңыз