Неше жылдан бері баспанасыз, үш баласымен әркімнің үйін жалға алып жүрген Жұманазаровтар жанұясы бұдан былай бұл мәселеге бас қатырмаса да болады. Енді оларды Павлодар облысынан тұруға жайлы қоныс, қолайлы жұмыс, өзге де қолдаулар күтіп тұр.

Отбасы мұндай мүмкіндікке «Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған бағдарламасы» бойынша қол жеткізді. Ерікті қоныс аудару жайлы естіген ерлі-зайыпты  бірден әлеуметтік бағдарламалар бөліміне хабарласыпты. Қажетті ақпаратты алып, құжат жинауға кіріседі. Көшіп баратын ауданы көңілінен шыққасын, буынып-түйініп, жолға дайын отыр екен. Шығарып салуға біз де бардық.

— Жұбайыма өз мамандығы бойынша медицина мекемесінен жұмыс, 3 бөлмелі үй берді. Өзім осында құрылысты кәсіп ететінмін. Көшіп баратын Успен ауданындағы мекемелердің бірінен күзетші жұмысын ұсынды. Ен бастысы қайда тұрамыз деп алаңдамаймыз,-дейді отағасы Абай Жұманазаров.

Аудандық жұмыспен қамту орталығының ақпаратынша, бұл бағдарламаның көмегімен солтүстікке жол алған алғашқы лек. Тағы да 3 отбасы кетуге дайын отыр.

Шахида ЖҰМАН