Замана қас-қағым сәттей зулап аққан сайын,  адамзат санасы ғылым-ілім тылсымына терең бойлап,  зәулім биігін бағындыруда. Төрткүл дүние түрлі техника тетігін игеріп, тілін ұғынып, әркез тың дүние ойлап табуға  тырысып келеді. Әлем елдері құжынаған халқымен  не ұлан-ғайыр атырабымен емес, сарабдал саясат, мықты экономика, ғылым-техника саласындағы өнертабысымен озық болмақ.

Елбасы халыққа Жолдауында экономиканың түрлі саласын технологиялық жаңғырту,  жаңа технологиялар мен жүйелерді енгізу мәселесіне баса назар аударды. Сонымен қоса, білім беру жүйесінің рөлін өзгертіп, оқу үрдісін сыни әрі зияткерлік ойлау қабілеті мен өз бетімен іздену дағдысын дамытуға бағыттау қажеттігін атап өтті. Әсіресе, өнеркәсіптік әрі технологиялық төңкеріс тұсында жас буын IT-білімі мен қаржылық сауаттылығын  арттырып, ағылшын тілін еркін меңгеруі тиіс екендігін айтты.

Маңызы зор міндет аясында түрлі өңірлерде біршама іс-шаралар іске асып келеді. Мәселен, Маңғыстау өңірінде былтырдан бері «Тимур академия» онлайн-офлайн оқыту орталығы жұмыс істеп келеді. Қазіргі таңда орталық өңір халқына тегін ағылышын тілі курстарын,  сан түрлі сала бойынша шеберлік сыныптары мен техника тілін игеру сабақтарын ұсынып келеді.  Әсіресе, робототехника, «ақылды» құрылғыларды құрастыру бойынша арнайы сынып жұмыс жасайды. Оқыту орталығы бір жылға жуық  уақыт ішінде толымды табыстарға кенелді. Халықаралық деңгейде өткізілген ауқымды шараға қатысып,  тың жобасы танымал стартаптар қатарынан орын алды.  Ең басты жетістік —  өте қысқа мерзімде жиырма мыңға жуық қазақ жастарына  білім мен ғылым жолына бағыт нұсқады. Еселі еңбегінің жемісі —  «Үздік жоба» авторы ретінде «Жыл адамы» атағына ие болды. Бейсенбі күні оқыту орталығы жарты жыл ішінде атқарған нәтижелі  істерін  қорытындылай келе, офлайн-онлайн конференциясын ұйымдастырды.

Үшінші жаңғыру: бәсекеге қабілетті білім

Келелі басқосуға Маңғыстау облыстық жастар саясаты жөніндегі мәселелер басқармасының басшысы  Аманғали Нұрдәулетов қатысып, орталық жұмысына сәттілік тіледі. Конференция ғаламтор арқылы байланысқа шыққан белгілі журналист Пол Салопектің танымдық әңгімесімен әрі қарай өрбіді.  Пол Салопектің жеті жылға жоспарланған саяхаты 2013 жылы «National Geographic» журналының қолдауымен Африкадағы Эфиопиядан бастау алды.   Сапар  «Out of Eden Walk», яғни «Эденнен басталған саяхат» немесе «Жұмақтан қашу» атты жоба аясында жүзеге асады. Мақсат – тас дәуірі кезеңіндегі ежелгі адамдар жүріп өткен жол негізінде дүниежүзін жаяу аралау.  Бірнеше ай бұрын белгілі саяхаткер Маңғыстау өңіріне табан тіреген еді. Пол Маңғыстау өңірі арқылы Шығысқа қарай жол тартып, Орталық Азия елдері арқылы Қытайға еніп, одан әрі Тынық мұхитын кемемен кесіп өтіп, Аляска штатына  аялдайды. Аляскадан бастап, бүкіл Америка дүниеге бөлігін бетке ала жүріп, Оңтүстік Америка құрлығының қиыр шеті Тьерра дель Фуэго провинциясына кеп тоқтайды. Бұл Пол Салопек сапарының соңғы нүктесі.  Конференцияға  қатысушылардың дені жастар. Жер жүзін кесіп өтіп, жеті құрлыққа тараған халық, ру-тайпалар тұрмыс-тірлігімен таныс-біліс болған белгілі саяхаткер-журналист әңгімесін, әрине, еліте тыңдасты.

«Өмірдің өзі үлкен мектеп. Мен жастайымнан фермада ауыр еңбекпен айналыстым. Белгілі бір себептерге байланысты мектептен қол үзіп қалдым. Табыс кілті – күн санап көз алдымызда өзгерген дүниеге бейімделе білу, зерделі ақыл-ой, зияткерлік сананы дамыту.  Мәселен, медиа кеңістікке жаңа технология енген мезетте мен сол бағытқа бет бұрдым.  Өз тәжірибеме сүйенсем, сапалы білім алуға, нақты бір саланы толық әрі терең меңгеруге болады. Дегенмен, бүгінгі таңда жан-жақты білімді, көзқарас көкжиегі кең азамат болуға да мүмкіндік мол»,-дейді Пол Салопек.

Үшінші жаңғыру: бәсекеге қабілетті білім

Жастар арасында ағылшын тіліндегі «Coursera» халықаралық онлайн білім беру порталы танымал. Жасампаз жоба арқылы жаңа білім игеріп, арнайы құжатқа қол жеткізгендер де жетерлік. «Coursera» тәлім-тәжірибесін жетілдіріп, ой-өрісін кеңейтуді көздеген қазақ тілді оқырманға  тегін бес мамандық бойынша білім алуға мүмкіндік берді. Биыл іске қосылған OpenU жобасы «Coursera» порталының қазақ тілді баламасы десек қате болмас. Себебі аталған жоба көкірек көзі ашық, зерделі жасқа түрлі пән бойынша онлайн-дәрістер легін ұсынады. Тест форматындағы танымдық тапсырмалар тізбегі де бар. Ал ең бастысы білім беру порталы бастан аяқ қазақ тілінде құралған. Офлайн-онлайн конференция барысында «Қазақстанның Ашық университеті» жобасы туралы  Рауан Кенжеханұлы баяндады. Кез келген адам ғаламтор желісі арқылы  мобильді нұсқасын жүктеп, робототехника, бағдарламалау тілі, IT-технология сынды кез келген онлайн курсқа жазыла алады. Оқу курсы аяқталысымен арнайы сертификат жолданады. Тағы бір қызықты әрі маңызды жайт, жоғары оқу орнының студенті

Сонымен қатар, маңызды басқосуда «Болашақ» бағдарламасының түлегі, Назарбаев Университетінің зерттеу департаментінің менеджері Болат Қараболатов білімпаз жас болашағына қажетті дағдылар турасында баяндады. Әлемде төртінші өнеркәсіптік  төңкеріс басталып, адамзат өмірінде ұлы өзгерістер орын алуда.  Жоғары инновациялық жаңа технологиялар дәуіріне аяқ басты. Материалдық, сандық және виртуалды әлем арасындағы шекара жойылы, жасанды интелект пайда болды. Таяу арада роботтар  адам  өмірі мен тұрмыс-тірлігіне еніп, етене жұмыс жасайды. Яғни ірі өндірістік орындар автоматты жүйемен басқарылып, өндіріс үрдісі роботтар негізінде іске асады. Бұл тұтастай кәсіптің жойылып, еңбек нарығында жұмыс күшіне сұраныс жыл өте азаятындығына сеп болады. Осы және өзге де салмақты ойларымен бөліскен Болат аға бәсекеге қабілетті маман ғана түбегейлі өзгерістер заманында әркез сұранысқа ие болатындығын жеткізді. Шынтуайтында бұл туралы Елбасы өз мақалсында «технологиялық революцияның беталы­­сына қарасақ, таяу онжылдық уақыт­та қазір­гі кәсіптердің жартысы жойылып кетеді. Экономиканың кәсіптік сипаты бұрын-соңды ешбір дәуірде мұншама жедел өзгермеген. Біз бүгінгі жаңа атаулы ертең-ақ ескіге айналатын, жүрісі жылдам дәуірге аяқ бастық. Бұл жағ­дайда кәсібін неғұрлым қиналмай, жеңіл өзгер­туге қабілетті, аса білімдар адамдар ғана табысқа жетеді» деген еді.

Офлайн-онлайн конференция барысында бұдан өзге де өңірдегі робототехника саласын дамыту мәселесі бой көтерді.  Бахытжан Мұханбет «Тимур Академия» онлайн оқыту орталығында «Робототехника» үйірмесінен сабақ береді.  «Саналы» техника ойлап табуға талпыныс зияткерлік зерденің дамуына,  қол-аяқтың икемділігін арттыруға ықпал етеді екен.  IT-білімін жетілдіруге, түрлі техника тілін еркін игеруге, бір есептен ағылшын тілін еркін түсінуге де септігі зор көрінеді. Сол себепті өңірде «Робототехника» саласын дамыту ең өзекті бағыттардың бірі болмақ.  Экономика мен қоғамның сан саласына өнеркәсіптік төңкеріс элементтері еніп, автоматтандыру, роботтандыру, ауқымды мәліметтер алмасу, электронды қызмет көрсету, сандық техника саласы дами түспек. Сол себепті орта және жоғары білім жүйесі сапасы жақсарып, кәсіптік талаптар ең үздік әлемдік оқу-өндірістік тәжірибеге сай өзгертілуі тиіс.

Үшінші жаңғыру: бәсекеге қабілетті білім

Келелі басқосуда талқыланған мәселелер қатысушыларға білім мен ғылымды үздіксіз әрі кедергісіз игеру жолдары турасында мол мағлұмат берді. Әсіресе, академияда білім алушы жастар түрлі сауалдар қойып, ортақ пікір алмасты. Конференция спикерлері шет тілін меңгеру, IT-сауаттылықты арттыру, шетелде оқу, өз кәсібіңді бастау сынды нағыз қажетті тақырыптарды қаузап, мол дерек көзімен бөлісті. Танымдық басқосу баршаның көңілінен шықты деген ойдамыз.

Голрох Жеменей
Суреттерді түсірген Ақерке ГАГАРИНҚЫЗЫ

Үшінші жаңғыру: бәсекеге қабілетті білімҮшінші жаңғыру: бәсекеге қабілетті білімҮшінші жаңғыру: бәсекеге қабілетті білім

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікір жолын бос қалдырмаңыз!
Аты жөніңізді жазыңыз