Қабиболла Сыдиықов атындағы Маңғыстау облыстық әмбебап кітапханасында оқырмандарға қызмет көрсету бөлімінің ұйымдастыруымен жергілікті батырларды дәріптеу мақсатында «Сақталған әлем есінде» тақырыбында Дүйсекешұлы Қалидолла жайында әңгімеленетін «Естелік кітаптың» тұсаукесері өтті.

Ұлы Жеңіс мерекесі қарсаңында өткен тұсаукесер рәсіміне Тұрғанбай қажы бастаған Қалидолла ұрпақтары, 6656  Ұлттық Ұлан сарбаздары, Маңғыстау облыстық гуманитарлық колледж студентері қатысты.

— Бұл кітаптың жарық көруіне барлық ағайын, көрші-көлем, дос-жаран ат салысты. Кітаптың кейіпкері — Дүйсекешұлы Қалидолла. Ол 1925 жылы 20 ақпанда дүние келіп, 1980 жылдың 21 ақпанында дүниеден өткен. Сұрапыл соғыста ауыр жараланып, әскер қатарына жарамай қалғасын, 1944 жылы елге келген. Жастарға, ұрпақтарға аталарының өмірі өнеге болсын деген ниетпен шығардық,-деді ұлы.

Жиында кейіпкердің көзін көрген ағайын-туыс, көрші-көлем жастарға сабақ болатын естелік әңгімелерін айтып, шөбересі Аружан өз шығармасын оқып берді.

Сонымен бірге, жиында биыл Кеңестер Одағының батырлары Мәншүк Мәметова мен Талғат Бегелдиновтің туғанына — 95 жыл, батыр-ұшқыш  Біләл Қалиевтің туғанына — 100 жыл толғалы отырғаны айтылып, батырлар өмірінен қысқаша деректер оқылды.

Еліміздің батыр қызы, Мәншүк-Мәнсия Жиенғалиқызы Мәмбетова Орал облысының Бөкей ордасында 1922 дүниеге келген. 1942 жылы тамызда өз еркімен Қызыл Армия қатарына алынып, 21-ші атқыштар дивизиясының құрамында ұрысқа қатысты.

Аға сержант, пулеметші Мәншүк 1943 жылдың 15-ші қазанында Псков облысындағы Невель қаласын босату үшін Изоча станциясы маңындағы биікте өткен ұрыста пулеметін ашық жерге алып шығып, фашистермен болған бетпе-бет айқаста ерлікпен қаза тапты.

Талғат Жақыпбекұлы  Бегелдинов 1922 жылы 5 тамызда Алматы облысының Қорғалжын ауданы Майбалық аулында дүниеге келген. Ұшқыш болуды армандаған Талғат аэроклубта тамаша тәжірибе жинап, 1940 жылы Саратов әскери-авиация мектебіне оқуға түскен. Саратов ұшқыштар мектебін 2 жылдан соң, сержант шенімен бітіріп, Чкаловтағы бомбалаушы ұшқыштар мектебін аяқтайды.

Қан майданға аттанар алдында Ижевск қаласынан «ИЛ-2» штурмовигінен тәжірибеден өтеді. 1942 жылы майданға аттанып, көк жүзінде 500 сағат болады. 305 рет әскери шабуылға шығып, жау ұясы – Берлинді алуға қатысады. Фашистер өздеріне аяусыз өлім оғын сепкен Талғат мінген ұшақты «Қара ажал» деп атаған. 23 жасында Кеңес Одағының екі мәрте батыры атағын иеленіп, соғыста небір көзсіз ерлік көрсеткен қыран қазақ қан майданнан аман-есен оралды. Соғыстан соң әскери әуе академиясын аяқтайды. Қазақстанның әскери-әуе күштерінде түрлі басқару қызметінде болды.

Жерлесіміз Біләл Қалиев Красноводск қаласынан әскерге алынып, Чернигов ұшқыштар даярлайтын училищесін бітірген. Соғыс басталар алдында Балтық теңізіндегі Саарема аралындағы ұзақ қашықтыққа ұшатын бомбалаушы авиация құрамына алынып, 1941 жылы 7 тамызда 15 ДБ-ЗФ «Ил-4»-пен жау астанасын бомбалайды,  осы шайқаста көрсеткен ерлігі үшін Біләл Қалиевке Кеңестер Одағының Батыры атағы берілді.

Тұсаукесерде Тұрғанбай қажы Ұлы Отан соғысында қаза болғандардың рухына бағыштап Құран оқыды.

Үміт ЖӘЛЕКЕ

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікір жолын бос қалдырмаңыз!
Аты жөніңізді жазыңыз