Жастарды ұлтжандылыққа, Отанын сүюге сүюге тәрбиелеу, тәуелсіздік  жолында күрескен аға-апаларымыздың ерлігін дәріптеу, ұрпаққа үлгі ету мақсатында Қ.Сыдиықов атындағы әмбебап кітапханада жасөспірімдер бөлімінің ұйымдастыруымен «Ерлік ешқашан ескірмейді» тақырыбында патриоттық поэзия кеші өтті. Кеште М. Мақатаевтың «Болмасын соғыс», Ғафу Қайырбеков «Жеңіс солдаты», Ж. Ақылбайұлы «Жеңіс күні», С. Мәуленов «Зағип», «Соғыс жесірінің сөзі» т.б. өлеңдер оқылды. Оған Маңғыстау гуманитарлық колледжінің студенттері (Жаңабаева Жанна,Ұзақбаева Жансая, Айтбаева Айнұр, Мұратова Мөлдір, Ізмағамбет Әйгерім), Мейірбике колледжінің студенттері (Жиенғалиева Сандуғаш, Есенбаева Марал),  22 орта мектептің 9 сынып оқушылары  (Болатбаев Абай, Ержанұлы Нұртай, Бақдәулетұлы Асанбек) қатысып ерлік, соғыс, жеңіс тақырыбындағы өлеңдер оқыды және де Жағалау күзеті өңірлік басқармасының шекара қызметінің  №2201 «А» әскери бөлімінің сарбаздары, Абыл Тарақұлы атындағы Өнер мектебінің 6 сынып оқушысы Жаңабергенов Досымжан «Нұрым» термесін, 3 сынып оқушысы Қаржаубай Дильяра «Ағайша» әнін орындады. Ал 2201 «А» әскери бөлімінің І сатылы старшинасы Ахметов Қуаныш «Бейбітшілік» әнін орындады.

1992 жылы 7 мамырда Қазақстан  Республикасы Президенті Н.Ә.Назарбаев «Қазақстан Республикасы Мемлекеттік Қорғаныс комитетін ҚР-ның Қорғаныс Министрлігі етіп қайта құру туралы», «Қазақстан Республикасының Қарулы күштерін құру туралы» жарлықтарға қол қойды.

7 мамыр – Отан қорғаушылар күні болып ресми түрде қазақ күнтізбесіндегі мерекелік даталардың қатарына қосылды.

Осы жылы Қазақстан Республикасының Президенті Н.Назарбаевтың жарлығымен үш жүйелі штаб – жаяу әскерлер, әуе қорғаныс күштері және де әскери-теңіз күштерінің бас штабтары бекітілді. 2001 жылдан бастап Қазақстан 4 әскери округке — Орталық, Оңтүстік, Батыс, Шығыс болып бөлінеді. Қазақстан Республикасының Қарулы Күштеріне жалпы мақсаттағы күштер, әуе қорғаныс күштері, мемлекеттік шекараны қорғау күштері және де ұлттық гвардия мен ішкі әскерлер кіреді.

Биыл міне Қазақстан Республикасының Қарулы күштерінің құрылғанына 25 жыл толып отыр. Әскеріміз жаңарып, оның күш-қуаты жылдан-жылға нығаюда, еркіндігін кеңейтіп, аянбай еңбек етуде.

Елбасымыз Н.Ә.Назарбаев жастарға арнаған бір сөзінде: «Еліңнің ұлы болсаң, еліңе жаның ашыса, адамзаттық намысың болса, қазақтың ұлттық жалғыз мемлекетінің нығайып-көркеюі жолында жан теріңді сығып жүріп еңбек ет. Жердің де, елдің де иесі өзің екеніңді ұмытпа» — деген еді.

— Отан қорғаушы! Қандай қасиетті де, құдіретті сөз. Өзін ер-азаматпын деп санайтын кеудесінде намыс, жүрегінде оты бар әрбір жан үшін ең басты парыз, ең басты адами міндет осы. Офицер деген түсініктің өзі әрқашан ар-намысын биік ұстап, Отанына қалытқысыз қызмет ету дегенді білдіріп келген. Жоғары біліктілік тек әскери салада ғана емес, сонымен қатар гуманитарлық салаларда терең білімге ие болу Офицерлер арасында дәстүрге айналған. Абайдың  әкесі Құнанбай, әкелі-балалы Шыңғыс пен Шоқан Уәлихановтар, Ғұбайдолла Жәңгіров, Халел Досмұхамбетов, Санжар Асфендияров, Бауыржан Момышұлы, Баубек Бұлқышев және Отанымыздың басқа да көрнекті ұлдары нағыз офицер бола білген. Олар сонымен қатар қоғамның да қаймағы болған адамдар. Ал біздің қазіргі офицерлеріміз қолын көкірегіне қойып «ар-намысыммен жауап беремін» деп айта ала ма? Осы туралы ойланып көрейікші,- деген екен Елбасымыз әскерлермен болған кездесуде.

Отанды, елді қорғағанда, атақ алу үшін, абыройға кенелу үшін емес, ұрпағым, елім болашақта жетім болмасын, Отансыздықтың азабын тартпасын деп қорғау керек. Жер бетінде отансыз елдер қаншама? Біздің ұрпағымыз біреудің қас-қабағына қарап жәутеңдемесін, қолына қарап дәметпесін деген, атадан қалған асыл мұраны сақтап, ақылды ұрпақ тәрбиелеу — мүлт кетпес парызымыз болу керек.

Отан қорғау кез-келген кезде сынаққа түсуі мүмкін қасиетті борыш. Мысалы, Кеңес Одағымен жасаған шабуыл жасаспау туралы келісімді бұзған  фашистік Германия 1941 жылы 22 маусымда соғыс ашып КСРО аумағына басып кірді. Ұлы Отан соғысы осылай басталды. Германия тарапынан бұл соғыс агрессиялық, жаулап алушы, әділетсіз соғыс болды, ал Кеңес Одағы тарапынан әділетті өз жерін қорғаған, азаттық Отан соғысы болды.

Қазақстанның 1.200 000-ға жуық азаматы Қызыл Армиясы қатарында шайқасты. Тарихта теңдесі жоқ қаһармандық пен табандылықтың үлгісін көрсеткен Брест қорғаушыларының қатарында 3000 дай қазақстандық шайқасты. 8-гвардиялық атқыштар дивизиясы құрамында 28 панфиловшы батыр Мәскеу түбінде бүкіл дүние жүзін таңғалдырған ерлік жасады.

Мәскеу үшін шайқаста аға лейтенант Б.Момышұлы басқарған батальонның жауынгерлері ерекше табандылық пен қаһармандық көрсетті. Осы болған шайқастарды еске ала келіп Б.Момышұлы былай деп жазды: «Біздің жүрегіміз темір емес, бірақ біздің кек отымыз қандай темірді болса да ерітіп, күйдіріп жібере алады… біздің үрейді жеңетін ең күшті қаруымыз бар, ол — Отанға деген сүйіспеншілік»,-деді кешті жүргізуші Гүлшат Сәрсенбаева.

Кеш соңында «Көк тудың желбірегені» әнімен аяқталды. Кешке қатысқан жастар арнайы алғыс хатпен және сыйлықтармен марапатталды.

Үміт ЖӘЛЕКЕ

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікір жолын бос қалдырмаңыз!
Аты жөніңізді жазыңыз