Қаһарлы майданға кеуде тосып, қасық қанын халқының бостандығы үшін аямаған өр рухты  батырлар ұрпағы биыл Ұлы Жеңістің 72-көктемін тойлауда. Осы орайда бүгін  облыс басшысы Ералы Тоғжанов ардагерлердің шаңырағында болып, мерекемен құттықтады. Еліміздің бейбіт өміріне өлшеусіз үлес қосқан қаһармандарымызға құрмет көрсетіп, арнайы сый-сияпат тарту етті.

Облыс әкімімен бірге облыстық маслихат хатшысы Бекмұрат Жүсіпов, «Maga-Bread» ЖШС басшысы Мұрат Сауғабаев,  «Каспий-битум» зауыты өкілдері және Ақтау қаласының әкімі Серікбай Трұмов құттықтай келді.

Олар алдымен ардагер Нух Қапизұлының шаңырағына келіп, қариямен тілдесіп, лебізін арнады.

Ералы Тоғжанов ардагерлерді Жеңіс күнімен құттықтады

Нух Қапизұлы – сұрапыл майданға жасөспірім шағынан араласып, жан аямай ерлік көрсеткен. Бірнеше рет жарақат алса да зұлмат соғыстың соңына дейін жауға қарсы тұрып, жеңіс туын тіккен соң елге қайтады.

«17 жас 2 ай 20 күн болғанда армияға алындым. Оралдағы училищеге жіберді.  Майданда Украинаның 2,3-фронтында  болдым да Германияның Бреслоу қаласында соғысты аяқтадым», —  дейді батыр ата.

Нух ата ұрыс алаңында жүргенде еліне екі рет қара қағаз келген екен. Отбасы, жақындары дүние салды деп қайғырып отырғанда ол 1946 жылы елге аман-есен оралады. Одан соң ел игілігі үшін бірнеше елеулі қызметтер атқарады. Ұстаздық етіп, білім саласының дамуына сүбелі үлес қосады.

Қаһарман қария бүгінгі ұрпаққа ақ жарма тілегін де жолдады: «Жастарға айтатын тілегім, өткенді ұмытпау керек. Жақсы қасиеттерді бойына сіңіріп, елін қорғайтын, сүейтін, патриот болып ер жетсін. Қазіргі жастар бақытты ғой, әрине. Біздің кезімізде тойып тамақ та іше алмадық. Қазір шүкір, Тәуелсіздігіміздің, Қарулы күштеріміздің 25 жылдығы тойланып жатыр. Қуаныштымын! Бейбіт өміріміз ұзағынан болсын. Жақсылық тілеймін. Бақытты болыңдар. Менің жасымды берсін сендерге».

Бұдан соң құттықтаушылар тобы ардагер Виктор Нечяевтің үйіне жол тартты. Күлімдей қарсы алған  Виктор ата да 17 жасында сұрапыл соғыс алаңына аттанып,  ІІІ Беларусь майданында соғысқан. Ұрыстардың бірінде ауыр жарақат алып, аяғына 4 мәрте ота жасалған. Тіпті, Жеңіс таңын да аурухана төсегінде қарсы алыпты.

Ералы Тоғжанов ардагерлерді Жеңіс күнімен құттықтады

Сондай-ақ, Виктор Нечяев – аймаққа белгілі геолог. Облыстағы бірнеше кен орындарының ашылуына түрткі болған.

«Қазір бейбіт заманда алаңсыз ғұмыр кешіп жатырсыңдар. Сондықтан, жастар, бар зейіндеріңді білім алуға жұмсап, елдің өсуіне үлес қосар үлкен азамат болыңдар. Білімді, еңбекқор адамның ғана болашағы жарқын болады. Бақыт тілеймін, еліміз тыныш, босағамыз берік болсын», — деп батасын берді қаһарман ата.

Облыс басшысы қарттармен емен-жарқын әңгімелесіп, олар жасаған ерліктің еш ұмытылмайтынын жеткізді.

«Сіздерді ерліктің, елдіктің мейрамы – Жеңіс күнімен шын жүректен құттықтаймыз. Бүгінгі тұғырлы тәуелсіздігіміз, еңселі елдігіміз – сіздердің жанқияр ерліктеріңіздің ұлы жемісі. Халқымыздың болашағы болар жастарға рух беретін, жігерлендіретін сіздерсіздер. Бүгінгі ұрпақ сіздер көрсеткен қаһармандықтың, батырлықтың үлгісімен бой түзейді.  Елімізді, жерімізді қорғап, бізге бейбіт өмір сыйлағандарыңыз үшін мың тағзым. Бүгінде осылай жарқырап ортамызда отырғандарыңызға өте қуаныштымыз. Дендеріңізге саулық, шаңырақтарыңызға бақ, береке тілейміз» — деп құттықтау лебізін білдірді.  

Қос ардагерге гүл шоқтары, азық-түлікпен қатар, спорттық құрылғы, теледидар тарту етілді. Соғыс салған жан жарасы жүректерден әлі де өшкен емес, өшпейді де. Сондықтан өткенімізді аялап, ардагерлеріміздің Отан үшін жасаған қайтпас ерлігін қастерлеп, оларға тағзым етуді ұмытпағанамыз жөн.

Теңге БЕКМҰРЗАЕВА
Суреттерді түсірген Серік МАЙЕМЕРОВ

Ералы Тоғжанов ардагерлерді Жеңіс күнімен құттықтады Ералы Тоғжанов ардагерлерді Жеңіс күнімен құттықтады Ералы Тоғжанов ардагерлерді Жеңіс күнімен құттықтады Ералы Тоғжанов ардагерлерді Жеңіс күнімен құттықтады Ералы Тоғжанов ардагерлерді Жеңіс күнімен құттықтады Ералы Тоғжанов ардагерлерді Жеңіс күнімен құттықтады Ералы Тоғжанов ардагерлерді Жеңіс күнімен құттықтады

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікір жолын бос қалдырмаңыз!
Аты жөніңізді жазыңыз