«Нұр Отан» партиясының «Бақытты отбасы — Бақытты балалық шақ» жобасы аясында партияның аудандық филиалы ғимаратында тұрмыстық деңгейі төмен, аз қамтылған отбасы және кәмелетке жасы жетпеген балалары бар тұрғындарға «Бос орындар» жәрмеңкесі ұйымдастырылды.

Аталған шараға «Нұр Отан» партиясының аудандық  филиалы төрағасының бірінші орынбасары Қалиолла Сахипов, «Маңғыстау темір жолы» бастауыш партия ұйымының төрағасы Болат Дюсалиев, аудандық жұмыспен қамту орталығының директоры Зәуреш Нұрболат, аудандық орталық аурухананың кадр бөлімінің меңгерушісі Күләш Кушимова қатысып, тұрғындарды қабылдады.

Жәрмеңке қорытындысы бойынша жұмыс сұрай келген II топтағы мүмкіндігі шектеулі Ержан Қосымбаев пен Орынгүл Төлегенованың жұмысқа орналасуына қажет құжаттарды жинақтау тапсырылды. Енді олар жұмыспен қамту орталығы арқылы жұмысқа жолданбақ.

Орталық аурухана өкілі Куләш Кушимова бұл жәрмеңкеде тар көлемдегі дәрігерлердің бос орындарын ұсынды. Оның сөзінше аудандық мекемеге мұндай мамандардың 45-ке жуығы қажет көрінеді.

— Қазір бізде 3 невропатолог, 2 кардиолог, 2 эндокринолог, 2 инфекционист,  2 афтальмолог, 5 хирург, 2 құлақ дәрігерлерінің және 10 жедел жәрдем дәрігерінің орынына сұраныс бар,-дейді аудандық орталық аурухананың кадр бөлімінің меңгерушісі.

Шахида Жұман