«100 нақты қадам» — Ұлт жоспарының 15-қадамына сәйкес биылғы І жартыжылдықта «Б» корпусындағы мемлекеттік әкімшілік қызметшілер кешенді аттестаттауға қатысады. Аудандағы әкімшілік қызметкерлерін аттестациялау жуырда басталды.

Аттестаттау мақсаты – нақты мемлекеттік лауазымдағы кәсіби қызметті тиімді орындауда мемлекеттік қызметшілердің деңгейі мен оның құзыреттілікпен сәйкестігін анықтау.

Сынақтан өтетін мемлекеттік қызметшілердің кәсіби сапасы мен олардың қажетті білімі, икемділігі мен машықтану  деңгейінің дәрежесі үш кезеңде анықталады. Бірінші кезеңде аттестаттаудан өтуші  бағалау парағының жәрдемімен  бағасын алады. Екінші кезеңде қызметші өзіндік құзыреттілік  бағасын алу үшін тестілеуге қатысады. Бағалау арнайы автоматтандырылған бағдарлама арқылы жүргізіледі. Үшінші кезеңде аттестациялық комиссияда әңгімелесуден өтеді.

Осыған орай, ауданның жергілікті бюджетінен қаржыландырылатын аудандық атқару  және  өкілдік органдарының Е-3, Е-4, Е-R-2, E-R-3, E-R-4, E-G-1, E-G-3 санаттарындағы  «Б» корпусы қызметшілерін аттестаттау үшін аудан әкімінің 07.03.2017 жылғы №01-05/12 нқ өкімімен бірыңғай аудандық  үшінші деңгейдегі аттестация комиссиясы құрылды. Үшінші деңгейдегі аттестациялауға жоғарыда келтірілген санаттар бойынша ауданда барлығы 75 мемлекеттік әкімшілік қызметші қатысады.

Аталған комиссияға аудан әкімі Нұрлан Тәжібаев төрағалық етеді. Комиссия құрамында аудан әкімінің орынбасары, аудандық мәслихат хатшысы, «Нұр Отан» партиясының аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары, аудандық қоғамдық Кеңес төрағасы бар.

— Аттестаттаудың екінші деңгейі бойынша ауданнан 19 мемлекеттік әкімшілік қызметкер сынақ тапсырды. Олар аудан әкімінің 3 орынбасары, аппарат басшысы, мәслихат хатшысы және 9 бөлімнің басшысы, 5 ауыл әкімі. Соның ішінде аудан әкімінің орынбасары Берік Біләлов «Атқаратын лауазымына сай келеді және мемлекеттік лауазымынан жоғарылатуға», қалғандары  «Атқаратын мемлекеттік лауазымына сай», деген қорытынды алды.  Үшінші деңгей бойынша аттестаттауға қатысушылар ауданнан құрылған комиссияда әңгімелесуден өтуде, 7 сәуірде аяқталады. Мұнда қатысушыға 5-тен кем емес сұрақ қойылып, біліктілігі тексеріледі,-дейді аудан әкімі аппаратының персоналды басқару қызметінің басшысы Нұржамал Бейбітова.

Шахида Жұман