Жақында Маңғыстау облысы әкімі жанынан құрылған өңірдің тарихи-мәдени мұраларын қорғау және пайдалану бойынша ғылыми-әдістемелік кеңес отырысы өтті. Жиынға тарих, археология, этнография, сәулет, мәдениет саласы қызметкерлері, өлкетанушы ғалымдар қатысып,  ғылыми баяндамалар оқылды.

Алдымен өлкеге танымал археолог Андрей Астафьев Маңғыстау даласын кесіп өтетін ежелгі Ұлы Жібек жолының солтүстік тармағында орын тепкен Қарақабақ қалашығының құнды тарих тылсымы тұнған тың деректер мен көне жәдігерлер көзі ретінде тарихи-археологиялық мән-маңызына тоқталды.

«Ежелден ғалымдар тарапынан Ұлы Жібек жолының солтүстік тармағы жөнінде сан-сапат жорамал жасалғандығы мәлім. Бірақ солтүстікке бастар бағыттың нақты бағдары белгісіз еді. Оған дәйекті дәлелдер, мардымды мағлұмат мүлдем болмаған. Көне қалашықта жүргізілген кең ауқымды археологиялық зерттеу нәтижесінде қытай жерінен айналымға түскен айна, алтын бұйымдар табылған еді. Бұл екі мың жылдық тарихы бар Ұлы сауда жолының  қалашық үстімен жүріп өткендігіне дәлел болуы мүмкін. Әрине, бұл мекенде өмір сүрген алан тайпалары Аспан асты елі мен Кәрі құрлық арасын жалғап жатқан Ұлы Жібек жолындағы сауда-саттықтың солтүстік бағдарда жандануына серпін берді деп мәлімдеуімізге берік негіз бар. Қарақабақ қалашығы Түпқараған ауданы, Қачақ шығанағының оңтүстік жағалауында орналасқан. Ескі қамал жұрнағынының  биіктігі 100 метрге жетеді. 2017 жылдан ежелгі қалашықта зерттеу жұмыстары бастау алды. Нақты талдау деректері бойынша қалашық жер сілікінісінен қирап, топырақ үйіндісіне көмілген. Қаланың тұрғын үйлері  алғашында  қам кірпіштен, кейінірек тастардан қаланған. Үйлердің бәрі дерлік тұрмыс бұйымдарымен жасауланған, ошақ басы, керамикалық ыдыс-аяқтар, шамдардың сынықтары молынан кездеседі. Ең қызығы қыш құмыралар мен өңделген темір, қола, жез, күміс, алтын бұйымдары, сондай-ақ алыс-беріс пен сауда-саттықтың басты айырбас құралы монеталар да қалашық аумағынан табылған еді. Қарақабақты мекен еткен тайпалар теңіз кәсібін жете меңгергендігін дәлелдейтін фактілер де жетіп артылады. Сол себепті Қарақабақ қалашығы теңіз порты ретінде сауда-экономикалық зор маңызға ие транзиттік орталық болған. Бұл Каспий теңізі арқылы жүзеге асып жатырған халықаралық сауда-экономикалық қарым-қатынастар  екі мың жылдық тарих тереңінен бастау алатындығына бұлтартпас дәлел бола алмақ», — дейді археолог.

Оқи отырыңыз: Қазақстанда құжатқа қосарланған есім жазуға рұқсат берілді

Сондай-ақ отырыста ҚР Ұлттық Музейінің «Халық қазынасы» ғылыми-зерттеу институтының басшысы т.ғ.к Ақан Оңғарұлы «Үстірт пен Маңғыстаудағы ежелгі от храмдары мен тас мүсіндерді сақтау мен пайдаланудың өзекті мәселелері» тақырыбында танымды пікір өрбітті.

«Үстірт пен Маңғыстауды «ашық аспан астындағы музей» деп адақтаймыз, десек те өлке мәдени әлеуетін өз деңгейінде көрсете алмай отырғандығы қынжылтады. 80-жылдардың орта тұсынан бастау алған  ескерткіштерді зерттеу, сақтау, пайдалану жұмыстары көңіл көншітерлік деңгейде жасалынбай отырғандығы өкінішті. Себебі Үстірт пен Маңғыстау әр түрлі кезеңдегі тарихи ескерткіштерге аса бай екендігі мәлім. Қарақабақ қалашығының өзі Еуразия, тіптен дүние жүзінің археологиясын дүр сілкінтер тосын әрі теңдесіз жаңалық. Салт аттылар мәдениетіне келер болсақ, түпке бойласақ  Еуразия құрлығында ең алғаш қала салған, қос дөңгелекті арбаны жеккен мекен Бейнеу аумағындағы Тоқсанбай тұрағы екендігін естен шығардық. Тарихи мекен «Мәдени мұра» бағдарламасы аясында зерттелді. Десек те, бұдан соң игі істің ізін жалғап, туристерді тарту, мультипликациялық дүниелер жасау, әлем назарын аударту бойынша бірде-бір жүйелі жұмыс жүзеге аспай отыр. Салт аттылардың алғашқы мекенінен бастап, Адай жылқысына дейінгі ауқымды кезеңді қаузай зерттер болсақ, толағай тарихи деректермен ұшырасатынымыз анық. Осыған байланысты жеткілікті деңгейде зерттеу жұмыстары жүргізілуі тиіс деген ойдамыз.

Еуразия дала кеңістігіндегі ең қасиетті өлке – Үстірт пен Маңғыстау. Өлкедегі   жүздеген  ғибадатханалар, ғылыми тілде от-храмдар деп атаймыз, туралы тарихи мағлұматтар бір жинаққа топтастырылған еді. От-храмдар – Еуразиядағы алғашқы жалған күмбезді архитектура  екендігі ғылым тұрғысынан дәлелденген. Яғни күмбезді архитектураның  түп бастауы 4-6 ғасырларда Маңғыстау даласынан дүрейді.

Маңғыстау облысының паспорты болуға сөзсіз лайық дүниелер — тас мүсіндер. Тас мүсіндерде бедерленген қару-жарақ асынған адамның бет-бейнесі нағыз туристердің таңданысын тудыратын керемет образ. Сол себепті тас мүсін тұрпатты кәдесыйларды туристерге тауар ретінде ұсыну, сатылымға шығару  орынды әрі керемет идея. Сынықтарымен есептегенде қазіргі таңда Маңғыстау мен Үстіртте 300-ден аса тас мүсіндер орналасқан», — деп мәлімдеді  белгілі ғалым Ақан Оңғарұлы.

Сондай ақ археолог өз ұсыныстарын Маңғыстау облысы әкімдігі назарына берді. Ол зираттар маңында шашылып жатқан тас мүсіндердің қиындыларын халық құрылысқа пайдаланатындығын, бұндай келеңсіздіктің алдын алу мақсатында сармат-массагеттік аталатын тас мүсіндерді картографиялау, төлқұжаттау, санын нақтылау қажеттігін ескерді.

«Отпан таудан от — храмдарға дейін деген бренд қалыптастыру қажет деп ойлаймын. Ақтау қаласы теңіз жағалауында тас скульптуралар аллеясын ұйымдастыру ұрпақтың тарихи жадын жаңғыртуа жасалған бір қадам болмақ», — дейді ол.

Ұсыныс-тілектерді мұқият тыңдаған облыс әкімінің орынбасары Н.Аққұлов барлық мәселелер қаперге алынатындығын, тәжірибелі мамандарды тарту арқылы өлкедегі археологиялық қазба жұмыстары қайта жанданатындығын жеткізді.

Сондай-ақ күн тәртібіндегі өзекті мәселе — Жолжан, Айымбет қорымдарына жүргізілген қалпына келтіру және Ақмыш сайы айналасын аббаттандыру жұмыстары жайы сөз болды.

«Маңғыстаудағы ескерткіштердің еліміздің басқа аймақтарына қарағанда ерекшеліктері көп. Тарихи ескерткіштердің басым бөлігі сол күйінде сақталған. Маңғыстау ескерткіштері табиғи ортасына ғана емес, мүлдем бір-біріне ұқсамайды. Тау ішін үңгіп салынған мешіттер, хас шеберлердің қолынан шыққан күмбез тамдар мен сағана тамдар, оюлармен безендірілген қойтастар мен құлпытастар, сандықтастар, осы аймаққа тән сәулет өнерінің озық үлігісі. Әйтсе де ескерткіштер де адам сияқты уақыт өткен сайын қартаяды, тозады, ескіреді, шөгеді, байланысқан жерлері босаңсиды, табиғат апатынан немесе адам факторының әсерінен құлап, қирап, көміліп қалады. Маңғыстауда республика бойынша барлық ескерткіштердің 70 пайызы орналасқан. Сонықтан тарихи ескерткіштерге реставрация, консервация жұмыстарын жүргізу аса маңызды. Мұндай жұмыстардың кез келгені ғылыми зерттеу нәтижелеріне негізделуі тиіс. Өйткені тарихи ескерткіштерді қалпына келтіру жаңадан салынатын құрылыс емес. Ғылыми ізденісті, ыждаһаттылық пен ұқыптылықты талап ететін күрделі үрдіс. Реставрацияда кез келген ескерткіштің бастапқы бейне-тұрпатынан ауытқымау, түсі мен өңіне, көлеміне өзгеріс енгізбеу, археологиялық маңызы бар түпнұсқаны сақтау мәселесі ерекше қатаң сақталуы тиіс. Ескерткіштерді қалпына келтіруде шашылған бөлшектер қайта құрастырылып, бүтінделеді. Қираған тастардың орнын анықтап, өз орнына қою, ою-өрнектердің қисынын келтіру аса төзімділікті қажет етеді.  Реставраторларға қойылатын талап өте жоғары. Оның тарихи-мәдени ескерткіш  авторының бастапқы шешіміне ештеңе қосуына, болмаса алып тастауына құқы жоқ. Осы күнге дейін біздің мекеме мыңнан астам ескерткішті қайта қалпына келтірді. Қазіргі таңда республика көлемінде жұмыс жасап жатырмыз. Биыл Жолжан және Айдауыл қорымдарында қалпына келтіру жұмыстары атқарылды. Бұл осы өлкеге танымал тұлғалар басына қойылған ескерткіштер жиынтығы. Екі қорымда көшпенді елдің 18-19 ғасырларда салынған 40-қа жуық архитектуралық ескерткіштері орналасқан. Бұл нысандар құлап, қирап, жоқ болып кетудің алдында тұрған еді. Алғашқы шаралар ескерткіштердің түпнұсқасын сақтап қалуға бағытталды. Технологиялар мен материалдарын сақтай отырып, конструкциялық құрылымдарын бекіту, күшейту істері атқарылды. Негізгі көңіл мавзолейге бөлінді. Алдында порталы бар күмбезді құрылыстың табантасы жоқ. Жарларының астыңғы жағы жартылай құлаған. Алдымен мавзолей айналасы тазаланып, құрылыс жапсырмаларына талдау жасалып, табантасы бетоннан құйылды. Дәл осындай жұмыстар Жолжан қорымы аумағында да жүргізілді», — дейді «Маңғыстауреставрация» АҒЖӨШ ЖШС өкілі Құралбай Озғамбаев.

Маңғыстау облысы әкімінің орынбасары Н.Аққұлов киелі орындарды күтушілерге қажетті инфрақұрлымдарды жасақтау жайына тоқталды. Сондай-ақ басқосуда халықаралық архитектура академиясының профессоры, реставратор-маман Сәдуақас Сахиұлы сөз сөйлеп, көшпенділер өркениетінің өзегі – ұлан-байтақ дала төсінде бой көтерген тарихи-мәдени ескерткіштерді қорғау әрі сақтау тақырыбына терең бойлады.

«Өзге елдер тарихи-мәдени мұраларды қорғау саласында үлкен жетістіктерге  қол жеткізіп отыр. Жүйелі қаржы бөлінбеген жерде жемісті жұмыс атқару өте қиын. Археологиялық қазба жұмыстарын жандандыру мақсатында ғылыми зерттеу, талдау зертханаларын Маңғыстау өлкесінде ашу уақыт талабынан туындаған дүние. Тарғыл тарих тылсым-сыры тасқа таңбаланған Маңғыстау даласы көне мүсіндерге  тұнып тұр. Ал оны көз қарашығындай сақтау осы күнге дейін жазыла жауыр болған өте өзекті тақырыптың бірі. Тастардың өзі мүжіліп барады. Таспен бірге құнды тарихи деректер де  уақыт кеңістгіне сіңіп, көзімізден ғайып болуға шақ қалды. Бұл бағытта қаржыландыру жүйесін біріздендіру аса қажет.

Тағы бір мәселе, біз ата-бабамыз жатқан қабір басын мола деп кеттік. Ескі заманда бейіт басы «астана» делінген. Бағзыда елдік, рулық мәселелер ата-баба басында шешімін тапқан. Ант берісіп, ортақ тоқтам, ұйғарымға келген. Ата басында берілген антты бұзуға ешкім бата алмаса керек. Себебі ол заманда «Аруақ атады» деген көзсіз сенім болған.Ол сөздің  тарихи дәлелін алыстан іздеп керегі жоқ. Көршілес Ресей халқының тарихтың табы сіңген топонимикалық атаулар жүйесіне жіті зер салсақ, «астана» ұғымы өріп жүр. Ал бізде ше?! Кеңестік идеология үстемдік құрған тұста  аруаққа деген құрметтен ажырату үшін бүкіл тарихты «тазалап» шықты. Бұл өте ауқымды, тармақты мәселе. Сонау сақ ханшайымы, Томирис «біздерді қорқытып керегі жоқ, соғысқың келсе, ата-баба моласының бір тасын бұзып көр» деп жауына қасқая тіл қатады. Яғни ата баба аруағына құрмет мұсылмандықпен, ғұнмен, түрікпен келген жоқ. Бұл бағзы баһадүр бабаларымыздың сан мың жылдан бері тіні үзілмей келе жатырған идеологиялық тірегі.

Бүгінгі күннің басты мәселесі тарихи ескерткіштердің қорғау аймағын анықтап, шегемдеп, паспорттау қажет. Еліміз бойынша киелі орындар мен тарихи-мәдени ескеркіштер жанынан визит орталықтар салынуда. Маңғыстаудың тарихи орындары жанынан туристерге толық ақпарат пен дәйекті мағлұмат беретін визит орталықтары бой көтерсе дейміз.  Маңғыстауда  көне қорымдар арасы қашық орналасқан. Бұл орайда, сандық технология мүмкіндіктерін пайдалана отырып виртуалды карталар жасау аса маңызды», — деді Сәдуақас Ағытаев.

«Тарихи қорымдар мемлекет қамқорлығына алынған соң, оған жапсарлас аймақтар  қорғалуы тиіс. Жасыратыны жоқ кей жерлестеріміз рулас деген желеумен қорымдардың табиғи болмысын өзгертуге жұмыстанып кететіні бар. Сондықтан аталған аумақтардың шекарасын белгілеп, сол күйі сақталуын бақылау аса маңызды. Қазіргі таңда облыс әкімдігі тарапынан Бекет атаның 270 жылдық мерейтойын өткізу бойынша іс шаралар жоспары жасақталып, Ташкенттегі, Хиуадағы Бекет ата туралы дерек көздерін жинақтау сондай ақ атамыздың түркі әлеміндегі танымалдығы, дипломат ретінде маңызды рөл атқарғанлығы жөнінде ғылыми конференция ұйымдастыру, жерасты мешіттері жөнінле семинарлар ұйымдастыру бойынша бірқатар маңызды дүниелер жоспарланған. Сонымен қатар атамыздың рухани ұстазы Оғыланды,  Шопан ата мешітіне реставрация жұмыстарын жүргізу жоспарланған», — деді Н. Аққұлов.

Сондай-ақ басқосу барысында белгілі өлке танушы Алқажан Еділхан «Тастағы тарих: ескерткіштердегі арабографикалық жазуларды зерттеу» тақырыбында баяндама жасады.

«Республика бойынша біздің өлкеде ертерек қолға алынған бір бағыт — арабографикалық зерттеу жұмыстары. Десек те әлі де бұл жұмысты жандандыру қажет. Қазіргі таңда Қамысбай қауымында зерттеу жалғасып келеді. Біз бұл жұмыстардың нәтижесінде он екі  жетістікке қол жеткіземіз. Бірқатарын атап өтсем. Ол жазулар сол тұста өмір сүрген халықтардың антропологиялық сипатынан,  демографиялық, әлеуметтік жағдайынан мол мағлұмат беретін ғылыми дереккөз ретінде пайдаланылады. Сондай-ақ Қамысбай қорымын зерттеу арқылы қазақ сәулет өнерінің генезисін және ары қарай даму мүмкіндіктерін аша аламыз. Бұл үлкен ғылыми қажеттілік», — дейді А.Еділхан.

Келелі жиында сакральды нысандардың 3д үлгідегі виртуалды турларын дайындау бойынша жұмыстар қорытындыланды. ҚР Ұлттық Музейінің ғылыми қызметкері Есенов Сырым Ғаділбекұлы баяндама жасап, осы бағытта алда атқарылатын жұмыстар легімен таныстырды.

Голрох ЖЕМЕНЕЙ

Суреттерді түсірген Серік МАЙЕМЕРОВ