жұқпалы аурулар

Бұл туралы МО денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Ләззат Есенғалиева айтты, — деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты.

Ғимараттың күрделі жөндеуі үшін қаражат жергілікті бюджеттен бөлінген. Алайда, жақын арада жөндеу жұмыстарын бастау мүмкін емес. Өйткені емделушілерді басқа ғимаратқа көшіру керек. Ал, жұқпалы аурулар ауруханасының өз спецификасы бар болғандықтан   басшылық пациенттерді кез-келген ғимаратқа көшіре алмайды. Ләззат Есенғалиеваның айтуынша, осы жағдай күрделі жөндеу жұмыстарының басталуына қолбайлау болып отыр.

1981 жылы бой көтерген ғимарат 60 төсектік орынға арналған. Бұл күнде емделуші санының көптігінен төсек орындары жеткіліксіз екені белгілі. Сондықтан облыстық жұқпалы аурулар ауруханасының үшінші қабатынан 20 төсектік орын бөлінген. Балалар ауруханасының жұқпалы аурулар бөлімшесіне Ақтау қалалық әкімдігі тарапынан жұмсақ, қатты жиһаздар мен техникалық жабдықтар берілген. Барлық қажетті заттар және дәрі-дәрмекпен барынша қамтамасыз ету мәселесі шешімін тапқан.

Қазіргі уақытта бөлімшеде 91 науқас ем қабылдап жатыр. Соның 9-ы жансақтау бөлімінде. Аурухана басшысы Аманбек Жумировтың айтуынша, 17 пациент қызылша ауруымен көш бастап тұр. Сондай-ақ өткір вирусты жұқпа мен іш өту де белең алып тұр. Маңғыстау облыстық көпбейінді балалар ауруханасының жұқпалы аурулар бөлімшесінің қабылдау бөлмесіне тәулігіне жүз, кейде одан да көп бала қаралуға келеді. Оның ішінде күніне 10-20 бала жатып ем алады.

 «Бүгінгі таңда өңір бойынша қызылшамен ауырғандар саны көбейіп отырғандығы байқалады. Жұқпалы аурулар бөлімшесінің бірінші қабатында алты палатаның есіктері уақытша тарс жабылды. Емделушілер бір аурудан сауығып, екінші ауруды жұқтырып алмау үшін осылай жасауға тура келіп тұр. Яғни қызылша, іш өту және ауа-тамшылы жұқпа арқылы бір баладан екінші балаға берілуінің алдын-алу қолға алынды. Бұл ретте  «Nur Otan» партиясының өңірлік филиалы және облыс әкімдігіне алғыс айтқым келеді, себебі олар қажетті заттарды алуға мүмкіндігінше қол ұшын созып жатыр», — дейді Ләззат Есенғалиева.

ләззат есенғалиева
Ләззат Есенғалиева

Мұнайлы ауданына бөлек аурухана салынатын болса, төсек орын тапшылығы азаюы әбден мүмкін. Өйткені мұнда емделушілердің басым бөлігі Мұнайлы ауданының тұрғындары.

«Әрине, мәселе бар екендігі рас және біз оны жоққа шығара алмаймыз. Инфекциялық бөлімше өз алдына бір ғимарат,соңғы рет күрделі жөндеу жұмыстары 2009 жылы жүргізілген. Осындағы жағдайды жақсарту мақсатында бірқатар шаралар қолға алынды. Алдағы уақытта күрделі жөндеу жүргізу үшін жобалық-сметалық құжаттама жасақталып, мемлекеттік сараптама сатысында екендігін айта кеткім келеді. Сәтін салса 2020 жылы күрделі жөндеу жасалады», — дейді Маңғыстау облыстық көпбейінді балалар ауруханасының директоры Аманбек Жумиров.

Одан бөлек, дәрілерлер балалар ауруханасының жұқпалы аурулар бөлімшесіне бір аурудан арыламын деп тікелей келіп, екінші ауруды жұқтыру қаупі жоғары екенін айтып отыр. Сол себепті алдымен учаскелік дәрігерге немесе жалпы тәжірибелік дәрігерге қаралған жөн, ауру асқынған жағдайда ғана дәрігердің жолдамасымен келіп ауруханада ем қабылдауды бастаған жөн.

Махаббат НҰРЖАНҚЫЗЫ