Бұл туралы mangystaumedia.kz сайты «ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясының баспасөз қызметіне сілтеме жасай отырып хабарлайды.

50% үлесі «ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясына тиесілі «CASPI BITUM» БК ЖШС Өзбекстан Республикасына битумды экспорттай бастады. Қараша айындағы экспорттың көлемі 10 000 тоннаны құрады.

Еске сала кетейік, жол битумының алғашқы экспорты Өзбекстанға 2017 жылы 650 тонна көлемінде жөнелтілген болатын. Енді ішкі нарықтың сұранысы толығымен өтелгеннен кейін, зауыттан өнімді экспортқа шығару тұрақты негізде жүргізілуде. Бұрын кәсіпорын қысқы уақытқа жұмысын тоқтататын болса, қазір өнімге деген шетелдегі жоғары сұранысқа байланысты зауыт жыл бойына үздіксіз жұмыс істейді. Бұл битумның жоғары қосылған құнын ескергенде, кәсіпорын кірісіне едәуір ықпал етеді.

Оқи отырыңыз: Денсаулық сақтау министрі маңғыстаулық дәрігердің жазбасына жауап берді

«CASPI BITUM» БК ЖШС – жоғары сапалы битум өндіруге бағытталған Қазақстандағы жалғыз мұнай өңдеу зауыты. Кәсіпорын құрылысы 2009 жылы Қазақстан Республикасын үдемелі индустриялық-инновациялық дамыту жөніндегі мемлекеттік бағдарлама аясында басталды. Зауыттың жылдық қуаты 1 млн тонна мұнай өңдеуді құрайды. Бұл ретте зауыт 120 мың тонна модификацияланған битум мен 400 мың тонна қышқылданған битум шығара алады.