aitys айтыс

Ақтауда «Маңғыстау жұлдыздары» фестивалі аясында жас ақындар айтысы өтті. Айтысқа 13 ақын қатысып, сөз сайысының көрігін қыздырды. Сайыскерлер арасында облыс көлемінде танылып жүрген ақындармен қатар айтыс табалдырығын жаңа аттаған жастар да бар, — деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты. 

aitys айтыс

Айтысқа Түпқараған ауданынан Алшын Суемов, Маңғыстау ауданынан Ербол Жұмахан, Бейнеу ауданынан Нұрсұлтан Оңғарбаев қатысса, Ақтау қаласының атынан Ердәулет Сардар, Рамазан Тезекбаев, Бектұрсын Алламұратов айтысты. Жаңаөзен қаласының намысын сөз сайысында Жолдас Қуаныш, Мағжан Жұмабай, Теңел Қайырбек қорғады. Ал Қарақия ауданынан жас ақын Жанболат Әлиев келсе, Мұнайлы ауданынан үш бірдей ақын — Мейірбек Саламатов, Зейнетулла Қосымбаев пен Болатбек Пайпақов қатысты.

aitys айтыс

Суырып салма өнерді серік еткен жас ақындарға Маңғыстау облыстық мәдениет басқармасының басшысы Пәния Сармурзина сәттілік тіледі. Ақындарға жазба ақын Рза Оңғарбай, ақын, «Үздік өлкетанушы» төсбелгісінің иегері Сұлтанбек Құдайберген, ақын Алтынбек Сүйінбекұлы Маңғыстау облыстық ғылыми-әдістемелік және мәдени қызмет көрсету орталығының бөлім меңгерушісі Нұржамал Ноғаева баға берді.

«Қазақы сөздің мәні қор емес пе?
Жебедей желіп өтер оқ емес пе?

Шапағатшы түндерде жағылатын
Қаңғырқаз әулиенің сойы ерекше.

Күйкен ұшқан, Манашы Бейнеудегі
Тағылымды тарихқа толы емес пе?

Шерқаладан ұшатын шекпенімен
Оразұшқан ордаңда ол ерекше.

Қыранның балапанын шыңнан қаққан
Жабайұшқан, Оғыланды зор ерекше.

Қараған босағаның қырғынында
Қолбасшы Балуанияз ол егесте.

Аллақұлды тапсырған Алласына
Сүйінғара баһадүр қол егесте.

Жетістікке бастайтын жеті қырды
Ақындар жырға қосса жөн емес пе?

Интернетке иленген бұл қоғамда
Татымсыз тасыр шоулар толы емес пе?

Сондай шоуларды халық хайп дейді
Мағынасыз хайптар қол емес те.

Қайыптардың елінде айтыс қылсаң —
Хайптардың көкесі сол емес пе?» — деп Зейнетулла Қосымбаев айтыстың мәніне тоқталды.

aitys айтыс

Мәнді де мағыналы айтыстың қорытындысымен Рамазан Тезекбаев 1-орынды қанжығасына байлады. 2-орынды Зейнетулла Қосымбаев пен Сардар Ердәулет бөлісті. 3-орын Ербол Жұмахан мен Болатбек Пайпақовқа бұйырды.

Айта кетелік, екі жыл сайын өтетін фестиваль биыл «Жетістікке жетелейтін жеті қыр» деген тақырыппен Жаңаөзенде басталды. Фестиваль аясында дарынды жастарға жол ашады. Өнерпаздар халықтық аспаптарды орындау, эстрадалық музыка, көркемсөз оқу, хореография жанры, классикалық жанр, бейнелеу өнері бойынша өз бақтарын сынады.

Суреттер мен видеоны түсірген Талант ҚҰСАЙЫН