Сіз қандай кітап оқып жүрсіз және қандай кітап оқуға кеңес берер едіңіз? Күні кеше өткен «Bookdating» шарасында мемлекеттік қызметші, университет ректоры және журналист осы сауалға жауап берді. Бірі тоқсаныншы жылдардың басында жазылған әдеби шығармаларды оқуға кеңес берсе, енді бірі қазіргі таңда сұранысқа ие мотивациялық, психологиялық бағыттағы кітаптарды ұсынды, — деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты.

Жастар саясаты мәселелері басқармасының басшысы Бауыржан Тұяқовтың айтуынша, бұл – маңғыстаулық жас оқырмандардың үшінші бас қосуы. Негізгі мақсаты – кітапсүйгіш оқырмандарды көбейту.

Шараға ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Маңғыстау облысы бойынша департаментінің басшысы Нұргүл Жанназарова, «Yessenov University-нің» ректоры Берік Ахметов және облыстық Маңғыстау телеарнасының шеф-редакторы Әсем Сартбаева келді. Олар өзіне ұнаған, оқып ой түйетін, рухани азық болатын жауһарларды жастарға таныстырды.

Мемлекеттік қызметші Нұргүл Алмасқызы қыздар қауымы үшін Б.Иманғазинаның «Тауқымет» туындысын ұсынды. Ол отыз бес жыл бұрын жазылған әдеби шығармаға қысқаша тоқталды.

«Bookdating» қандай кітап оқуға кеңес берді?

«Адамның бетке ұстары – ар-ұяты. Кітапта ар жолында күрескен қыздың тағдыры, жан сыры бейнеленеді. Туынды өмірден алынған оқиғаға негізделген. Ең қызығы шығармадағы басты кейіпкер – автордың өзі. Оның қайсарлығы, адалдығы, өмірге деген құлшынысы, қиындыққа қарсы тұруы оқырманға күш-жігер береді. Адамды алға жетелейді. Сондықтан сіздерге «Тауқымет» кітабын оқуға кеңес беремін», — дейді ол.

Сонымен қатар Ш.Қазығұлдың «Оңашадағы онлайн ойлар» кітабын да көпке ой салатын кесек туынды ретінде таныстырды.

Ал Ш.Есенов атындағы университеттің ректоры Берік Ахметов кітаптың кереметі арқылы жетістікке қол жеткізгенін айтты.

«Bookdating» қандай кітап оқуға кеңес берді?

«Кітап көп. Бірақ өзіңізге керекті кітапты оқу әлдеқайда жақсы және оқығаныңызды өз салаңызда қолдана білу тіпті керемет. Кітап өзіңізді дамыту үшін керек», — деп өз сөзін түйіндеді ол. Сонымен қатар жастарды 5000-ға жуық кітап қоры бар Ш.Есенов атындағы университет кітапханасына шақырды.

Журналист Әсем Сартбаева У.Айзексонның «Стив Джобс», Р.Кийосакидің «Богатый папа, бедный папа», З.Есенаманның «Хардкор» сынды кітаптарды оқуға кеңес берді. Жастарды жігерлендіруге, табысты болуға баулитын шығармаларды оқып ғана қоймай, іс жүзінде жүзеге асыру керектігін де атап өтті.

Шара соңында оқырмандар спикерлерге сұрақ қойды. Ең қызықты сауал жолдаған оқырманға кітап сыйға берілді. Айта кетейік, мұндай еркін форматтағы кездесу осыған дейін Ақтау қаласы және Түпқараған ауданында өткізілген.

Жұлдызай ҚАЛИЕВА

Суреттерді ұсынған Маңғыстау облысының жастар ресурстық орталығы